Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Мамыр, 2018

Терминжасам: талап пен міндет

Бұл күндері  терминология саласы ғылыми негіздері қалыптасқан, өзіндік қағидаттары мен ұстанымдары бар дамып келе жатқан сала.  Тіл мамандары мен көрнекті ғалымдар осы тұрғыда көз майын тауысып, мемлекеттік маңызы бар істің реттелуіне баса мән беріп отыр. Былтыр қараша айында «Ұлттық терминқорды жүйелеудің теориялық және ғылыми-тәжірибелік негіздері» туралы республикалық ғылыми-теориялық конференцияда бас қосқан олар, өткен аптаның соңында Астанадағы Назарбаев Университетінің «Сенат» залында тағы да  алқалы ортаға жиналды. Бұл жолы республикалық ғылыми-теориялық конференцияның тақырыптық өзегіне «Терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәселелері» арқау болды. 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен конферен­ция­ның мақсаты – қазіргі жаһан­дық ғылыми-техникалық даму үдеріс­те­рінде ғылым, білім, техника мен эконо­мика, қоғамдық-әлеуметтік салала­рын­дағы терминдер мен термин сөздерді жетілдіру, толықтыру және біріздендіру мақсатында теориялық және практикалық ізденістерді сараптау және талқылау болды. Сол негізде қазіргі ұлттық тер­минологияның жай-күйі және келешегі, тер­минжасам қағидалары мен ұлттық терминология міндеттері, қазақ тілін латын графикасына көшіруге байланысты туындайтын терминологиялық міндеттер, терминжасам құрылымын дамыту, терминді бекіту, біріздендіру және стандарттауды іске асырудың мемлекеттік тетіктерін дамыту, ұлттық терминқордың электрондық базасын жасаудың ғылыми-тәжірибелік негіздері бағытында келелі әңгімелер өрбіді. Республикалық ғылыми-тео­рия­лық конференция жұмысын «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамы­тудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орта­лығы» АҚ атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Ербол Тілешов жүргізіп отырды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашевтың кіріспе сөзінен кейін ұлттық термино­логия­дағы мәселелер жөнінде ҚР ҰҒА кор­респондент-мүшесі, фиология ғы­лымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Назарбаев Университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Сарқыт Әлісжан және тағы басқа терминолог-ғалымдар баяндама жасады. Шерубай Құрманбайұлы алдымен терминология қағидаттары деген мәселені қалай түсініп жүрміз деген сауал төңірегінде ойын білдіре келіп, қағидаттарды белгілеу елдің, ұлттың саяси-экономикалық, рухани-мәдени өмірінде елеулі өзгерістер болған кезде жүзеге асатынын алға тартты. Мәселен, 1924 жылы Орынборда «Қазақ білімпаздарының бірінші съезі болып, қазақ терминологиясын қа­лып­тас­тырудың алғашқы қағидаттары белгіленген екен. Алаш қайраткерлерінен бастау алатын терминология саласында одан бері қарай да айтулы тіл мамандар тарапынан терминология қағидаттары туралы келелі ұсыныстар айтылды.Баяндамашы туыстас түркі тілдері мен жақындығы жоқ өзге тілдерден де термин қабылдау жайын сөз етті. «Ұлт тіліндегі термин шығармашы­лы­ғын дамытып, әлемдік ғылым­ның жетіс­тігін бейнелейтін термин сөздерімізді тіліміздің өз заңды­лықтарына сәй­кес жазып, ғылым мен арнаулы сала­­лар­дың барлығындағы қарым-қатынас­та­ры­мызды қамтама­сыз ететін ұлттық терминқор қалып­тастыратын жасампаз ұлт боламыз десек, терминологияны да­мытудың осы бағытын таңдаған дұрыс деп санаймыз» деді ол қорытынды сөзінде.

Бұдан кейін сөз алғандардың ортақ ойы да Әлихан Бөкейханов пен ­Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлері ұстанған бағыт негізінде терминология саласын дамыту керек деген тоқтамға саяды. Айталық, мемлекеттік терминком мүшесі, филология ғылымының докторы Сарқыт Әлісжан терминжасам қағидаттарын қалыптастырудағы жаңа міндеттер туралы ойын ортаға салды. Парламент Сенаты аппаратының редакциялық баспа бөлімі меңгеру­шісінің орынбасары, филология ғылы­мының докторы Ербол Әбдірәсілов қазір қарастырып жүрген, проблемаға айналған сөздердің бәрі бірдей термин еместігін атап көрсетті. – Арнайы функцияны атқаратын тілдер ретінде құжат лексикасы, ғылым тілі, кәсіби сөздер, саяси лексика, интеграциялық атаулардың толып жатқан түрлері жатады. Қаралып жүрген сөздерге жататындары да, жатпайтындары да бар. Сондықтан оларға тек терминологтар немесе терминмен айналысып жүрген мамандар ғана емес, баршамыз жауаптымыз, әркім өз саласы бойынша жауапты, өз тәрбиелеп отырған шәкірті, оның сол сөздерді қолдану, оралымдарды жеткізуі, жеткізе білуі арқылы жауапты. Мемтерминком қарауына ұсыны­латын терминдер ұзақ уақыт сүзгіден өткізіліп, мониторинг жасалып, барлық мәнмәтін жүйесіндегі қызметі мен қолданысы жан-жақты қарастырылып барып ұсынылуы тиіс, – деді тіл маманы. Ол сондай-ақ мониторинг жасаудың барлық мүмкін болған тәсілін қолдану қажеттігін, бұл жұмыстар зерттеу, талдау, мониторинг, қайта сараптау, жасау, ұсыну, қалыптастыру, жинақтау, жетілдіру, қалыптасқан нұсқаны іріктеу, мәнмәтіндік қолданыстың үйлесімділігін, сөйлемдердің ішіндегі түрлену ерекшеліктерін анықтай отырып қалыптастыру әрекеттері түрінде дербес ұйымның, бірақ білікті ­мамандары бар ұйымның құзыретіне берілуі керектігін, терминологиялық сөздіктердің көлемінен гөрі тиімділігіне назар аударылуы керектігін атап өтті. Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университет профессоры Сәбира Ысқақова «Кірме терминдерді қабылдаудың шетелдік тәжірибесі» туралы баяндамасында бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Ол кез келген өзге тілден аударылған терминнің қазақ тілі заңдылығы негізінде жасалуына назар аударды. «Тіліміздің қазақи табиғатын сақтап қалу мәселесі бүгінгі күні өзекті. Бұл тұрғыдан жазуымызды латын қарпіне көшіру кезінде кірме сөздеріміз бен терминдеріміз қалай жазылады деген сұрақ туындауы сөзсіз. Жаңа қабыл­данған төл дыбыс таңбасымен халықаралық терминдерде де үндесімге бағынып жазылуы тиіс. Орыс тілі арқылы енген кірме терминдерді қайта електен өткізіп, оларды түпнұсқа тіл негізінде жазу бас­шылыққа алынуы қажет» деді ғалым. Ал Сүлеймен Демирел университе­тінің профессоры Құралай Күде­рина «Қазақ жазуы және орфография­сындағы мәселелер» тұрғысында тіліміздің жазылуы қай деңгейде, кездесетін қиындықтар қандай деген сауалдар төңірігенде ойларын ортаға салды. Ғалым көптеген сөздердің жазылуы туралы мысалдар келтіре отырып, оларды бірізділік негізінде пайдалану жайына тоқталды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Сәрсен Құлманов «Шетелдік терминдерді түркі тілдерінде қолдану ерекшеліктері» тақырыбында ой қозғады. Ол шеттілдік терминдердің түркі тілдерінде қолданылуы ерекшеліктерін шартты түрде мынадай топтарға бөледі: түпнұсқадағы немесе аралық (делдал) тілдегі формасын сақтап қол­данылуы, түркі тілдерінің төл сөзде­рімен аударылуы, түркі тілдерінің фоно­морфологиялық ерекшелігіне бейімделуі, түркі тілдерінің өзіндік формаларымен түрленуі. Баяндамашы шетелден енген термин сөздердің әзербайжан, түрік, өзбек тіліндегі нұсқаларын салыс­тыра зерттейді. Оларда қазақ тіліне қарағанда терминдердің өз тілдеріне аударылуы басымырақ көрінеді екен. Сөз соңында «Шеттілдік терминдерге балама ретінде өз тілінің сөздік қорын қолдану түрік тілінде басымдау болса, одан кейінгі орында әзербайжан тілі тұрады, ал өзбек және қазақ тілдерінде бұл құбылыстың деңгейі төмен» деп қорытынды жасады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Бауыржан Жөнкешовтың «Тең мағыналы терминдер және біріздендіру мәселелері» туралы баяндамасы да біраз тіл түйткілдердің бетін ашты. Оның ойынша, «қазіргі кезде тең мағыналы терминдердің ішінде ерекше көңіл аударарлығы балама терминдер. Бүгінгі таңда біз балама деп танып жүрген терминдеріміздің барлығы варваризмдер. Себебі біз оларды тілімізге икемдемей, орыс тілінде қалай айтылып, қалай қолданылса сол күйі алып отырмыз». Баяндамашы варваризмнің тілімізге үлкен қауіп төндіретінін, сондықтан да біріздендіру мәселесінің өткір қойылып отырғанын жеткізді. Конференция барысында осындай терең мағыналы баяндамалардан кейін, түс ауа секциялық отырыстар болды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Гүлназ Кәріпжанова ХХ ғасыр басында ұсынылған термин­дер­дің ғылыми-танымдық мәнін ашып көрсетсе, «Астана» медицина уни­верситеті Профилактикалық медицина және тамақтану кафедрасының профессоры Мұхамбедия Ахметов «Медициналық терминдер мәселелесі» туралы баяндамасында: «Ұмыт болып кеткен төл сөздеріміздің арасынан термин функциясын атқара алатын, ұғымдық сипаты айқын сөздерімізді қайта тірілтіп, оларды қазіргі тәржімасы қиындық туғызып жүрген орыс сөздерінің эквиваленті ретінде тура тауып орнына қоюымыз керек. Тілді дамытудың жолы – жаңа сөз қосу екен деп, жөн-жосықсыз сөзжасам мен терминжасамның «құмар ойынына» жаппай кіріп кетуіміз – әперетін атағы мен әкелетін шатағы қатар тұрған құбылыс» деп көпшіліктің ойын тап басты. Ол терминжасаммен, аудармамен айналысып жүрген мамандар кей жағдайда өте ауқымды терминдердің бір ғана мағынасын бөліп алып аударатындықтан қателіктер туын­датып жататынын, жеке ғылым салаларының терминдерін көзжұм­байлықпен аудара салуға болмайтынын ойға салды. Секциялық отырыстарда сондай-ақ Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің доценті Алтынбек Абдулманов «Мұнай-газ саласы терминдерінің өзіндік табиғаты және оларды біріз­дендіру мәселесі» жөнінде айтса, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Патологиялық анатомия кафедрасының профессоры Жауғашты Ахметов «Медициналық терминдерді қазақ тіліне аударуға болады» деген тақырыпта ­баяндама жасады. Бұл орайда ғалым бірнеше мысалдарды келтірді. Мәселен, 1994 жылы «Ана тілі» газетіне жариялаған медициналық терминдер күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқанын айтты. Орыс тілінің транскрипциясымен аударылған терминдер шетелдерде дәл сол күйінде қолданылмайтынын атап өтті. Осы ретте қазақ тіліне аударылатын терминдердің негізін латын және ағылшын сөздерінен алу керектігіне назар аударды. Қалыпты анатомия кафедрасының доценті ­Бауыржан Шәкенов «Анатомиялық атауларды біріздендірудің түпнұсқасы – ­латын терминдері», КAZGOR Жобалау академиясының бас аудармашы-редакторы Гүлфайруз Иса «Техника саласындағы терминжасам мәселелері» тақырыбында толымды баяндамалар жасап, толғаулы пікірлер білдірді. Тілші ғалымдар, Парламент депутаттары, Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Ғылыми-зерттеу институттарының ғы­лыми қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушы-профес­сорлары, орталық және атқарушы мемлекеттік органдардың қызмет­керлері, Ұлттық компаниялар өкілдері қатысқан республикалық ғылыми-теориялық конференция қарарының жобасы ұсынылды.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

АСТАНА

1488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз