Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 30 Мамыр, 2018

ҚАРА ШАЛДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ

 сурет: ult.kz

Қайыстай қатқан қара шал уақыт өткізе алмай, сүйретіліп орнынан тұрды да терезенің алдына барып, ауладағы әткеншек жанындағы арқалы орындыққа көз жіберді. Ешкім жоқ. Жасы өзі шамалас Сүйрік ақсақалды іздеген түрі бұл. Анда-санда екеуі аулаға шығып, әлгі көзбен сүзген орындықта күнұзақ оны-мұнының басын шалып, уақыт өткізіп, әңгіме-дүкен құрып отыратындары бар. Сол Сүйіндік шал бір жұма болды төбе көрсетпейді. «Мүмкін Сарышығанаққа, кенже баласына кеткен шығар. Ана жолы соларға барып қайтпасам болмас деп отыр еді ғой».  Қара шал өзін осылай жұбатты.

         Күннің көзі де ашылмай қойды. Аспан қатты түнеріп, оқтын-оқтын жаңбырымен төпелейді. Ауа райының осындай сәтінде адамның да сыртқы шыққысы келмей, кежегесі кейін тартып тұрады емес пе? Бөлмедегі жалғыз орындыққа қайта келіп жайғасты. Салып ұрып Сүйіндік шалды пәтеріне іздеп баруды көңілі қош көрмеді. «Ауылда болса бір сәрі, қалада жақын адамдардың өзі бір-біріне жиі бара бермейді ғой. Ұят болар желпілдеп жетіп барғаным...».

         Басқа жасы келген көрші-қолаң адамдармен қара шалдың әңгімесі жарасқан емес. Олар мұны, бұл оларды түсінбейтін сияқты. Осы үйге көшіп келгендеріне екінші жылға кетіп барады, бірақ Сүйіндік шалдай шүйіркелесетін ешкімді тапқан жоқ. Үлкені де, кішісі де шүлдір-шүлдір. Сол себепті олармен тілдесуі «здрәстиден» ары аспайды.Одан артық сөзді қара шалдың өзі де білмейді. Өмір бойы қазақтардың ортасында тұрып келе жатқан қара шал ауылдан ұзап шықпаған болатын. Малын жайлап, құрт-май, жал-жаясын жеп, жалпақ дүниенің қожайыны іспетті емін-еркін жүрген еді, түлен түртті ме, кім білсін, табан астында «қалалық» болып шыға келді. Бәрін бастаған тұңғышы әрі кенжесі – Сәкен. «Қартайғанда ауылда не бар, одан да барлық жағдайы жасалған қаладағы үйде тұрғандарыңыз жөн» деді де, бір кештің ішінде келіп, әп-сәтте қолдағы малдарын сатқызып, қалаға көшіріп әкетті.

         Қарттыққа мойын ұсынса да қара шал біреуге күні түсіп отырмаған болатын. Төрт түлігі сай еді. Ауылдағылардың ішінде бақуаттысы болатын. Он шақты сиыры мен жылқысын, отыздың үстіндегі уақ малды баласы өзімен бірге ала келген алыпсатарлардың алдына салып берді. Олар сөзге келген жоқ, сұраған ақшасын алақанына салды. Қара шал алғашында баласының бұл қылығына ашу шақырып еді, кемпірі сабасына түсірді. «Осы жасқа дейін бейнетті көрдік ғой, енді зейнетті көрейік» деп отырып алды.Осылай деген соң сөзін жерге тастай алмаған.

         Қолға тиген ақшаға баласы адам айналып жүре алмайтын осы ескілеу бір бөлмелі пәтерді, өзіңе жүргенінен тұрғаны көп көне «Жигулиді» сатып алды. «Мұның қалай?» дегеніне «Жұмыссыз жүргенімді білесіз ғой, адам тасып, ақша тапсам» де-е-е-е-еп тұр.

         Жалғыз баласы алғашқы айда үздік-создық келіп тұрды да, кейінгі уақытта қарасын тіпті үзді. «Жұмыс көп» дегенді сылтауратады.Алғашқыда үлының мұндай жауабына әдеттегі мінезіне басып буырқанғанымен, «Солай болса солай шығар, итім біліп пе» деп басылған.

         Ең ауыры – осында көшіп келген соң кемпірін қара жер қойнына тапсырды. Қалаға үйрене алмады ма, әлде ауасы жақпады ма, кім білсін, көшіп келгеннен бастап жиі-жиі сырқаттана берді. Ақыры ауру алып тынды. Қалада кімі бар дейсің, ауылға апарып арулап жерледі. Кемпірінің көзі тірісінде дәл бүгінгідей елегізе қоймайтын. Кемпірімен бір уақ шай ішіп отырып әңгімелессе де қайда жатыр?!. Ал қазір уақыт тіпті өтпейді-ақ.

         Осындайда қара шалдың есіне ауылдың өкпе тұсындағы төбе түседі. Ақсақалдар мал өрістен қайтардан ертерек барып, алқа-қотан жайғасып алып, әңгіменің түбін түсіретін.Ауылдың кәкүр-шүкір әңгімесінен басталып елдің жаңалығына ұласатын. Бәрі де бір-бірінен асып түсетіндей әңгімешіл. Бұлардың қасына бала-шаға да үйір. Олар да ойынды жиып қойып, бір қызық әңгімеден қалып қоятындай, төбе басына асығатын. Ақсақалдар да оларды әсте қуалай қоймаушы еді. «Қазақтың қара сөзіне қаныға берсін, бізден естімегенде кімнен естиді» дейтін.

         «Е-е, ол да бір дәурен болатын. Бір мезгіл ашылып әңгіме айтатын адам таба алмағаннан ауыры жоқ екен». Қара шал ауыр күрсінді.

         Алда-жалда дәл осындай күйге түсемін деп ол әсте ойлаған жоқ. Бір мезгіл теледидарға телміргенімен, онда да қазақша жарытып жатқаны шамалы. Мал соңында жүріп құс ұйқылы болып кеткендіктен шығар, таң атпай тұрып алады да төрт қабырғаға симай ары-бері теңселіп жүргені сол.

         Терең ойға беріледі. «Құдайым-ау, мені қойшы, мына баламның, ана немерелерімнің ертеңгі күні не болмақ? Сыртқа шықсақ, түрі қазақ, сөзі басқа адам көп. Алғашқыда аңдамай бір-екеуіне ақыл айтамын деп «сыбағасын» алғаны бар. Ойпыр-ай, бір ауыз қазақша білмейді-ау... Қазақшаны түсінетіндей емеурін білдіреді,  бірақ қара шал олардың сөзін түк те түсінбейді. «Біз сияқты төрінен көрі жақын, қазақтың қара сөзінен бал ағызатын шалдар да бұл жарық дүниеден өтер... Сонан кейін ше? Әке мен бала бір-бірімен ана тілінде еміреніп сөйлесе алмаса,  қайғының үлкені сол емес пе?». Осыны ойласа қара шалдың қабырғасы қайысады.

     Өлімнен қорқып отырған қара шал жоқ. «Нағыз қазақы әңгіменің бүкіл қайнарын өзімізбен бірге о дүниеге алып кетеміз бе?» деп содан қорқады. Қайғысының үлкені осы. Оның бұл қайғысын шүлдір-шүлдір сөйлесіп жүргендер қайдан түсінсін?!. Алда-жалда ести қалса «Мына дед «чокнутый ма?» дер.

Қара шал тағы да ауыр күрсінді. Қайғысы да ауыр.

                                                                  Ғалым ОМАРХАНОВ,

                                               Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

АСТАНА.

 

2677 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз