Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 31 Мамыр, 2018

Тарих тамыршысы

Қоғамда тарихшының рөлі туралы пікірлер алуан түрлі. Сонау XIX-ХХ ғасырларда тарихшы қызметі «тарихтың тағдырын шешуші» тұлға ретінде бағаланғаны белгілі. Француздың «Анналдар» мектебінің өкілдері тарихшы қызметін мінсіз ұстаз, білгір тәлімгер ретінде қабылдаған. Осы кезеңде тарихшыны өткен мен бүгінгі күннің жібін байланыстырушы деп көрсетті. Осындай жағдайда «Бүгінгі тарихшы кім, оның басты қызметі неде»? деген сұрақтар туындауы заңды. Сұрақ – аса күрделі, бірден тұжырымды жауап беру қиын... Дегенмен, бұл сұраққа бүгінгі таңдағы отандық тарих ғылымының көрнекті өкілі, белгілі ғалым Талас Омарбековтің өмірі мен ғылыми-шығармашылық қызметін саралай отырып жауап беруге болады.  Оңтүстігінде Қырғыз Алатауының тау алды аласа қыраттары мен қырқалары орналасқан, солтүстігінде Мойынқұмның қырқалы-ұялы және шағылды құмды алқабы, орта бөлігін Талас өзені аңғары алып жатқан, басым бөлігі жазық дала болып келетін аймақ бүгінгі Байзақ ауданының аумағын құрап отыр. Дәл осы өлке болашақ тарихшының туып өскен, кіндік қаны тамған жер.

Ұлан-байтақ еліміздің әрбір өңірі тәрізді бұл жер де тұнған тарих. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы ұжымдастырудың нәти­жесінде алғашқы ауылшаруашылық бірлес­тіктері құрылып, кеңестік колхоздар орнады. Одан әріректе, орыс патшасының отарлау саясатының сүреңіне ұшырап, XIX ғасырдың 80-жылдары бұл өңірде қоныс аударушылар қоныстанып, өлкенің демографиялық бет-бейнесі өзгерді. Аласапыран заманда азаттығы мен ар-ұжданын пір тұтқан осы топырақтың даңқты ұрпағы Байзақ датқа бастаған ерлер Қоқан хандығы мен Ресей империясының ­отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық күрестің басында тұрды. Толықсыған Таластың жағасында туып, арыны қатты ағыспен жарыса жүзген біздің кейіпкеріміз туған тарих сырларына қанып қана қоймай, 50-60 жылдардың сүреңсіз суреттерін бала көңіліне түйіп өсті. Оның жан дүниесін өткен тарихтың құпиясына деген ықылас пен құштарлық баурағаны сөзсіз. Осы сезім, болашақ ғалымның мамандық таңдау ісін айқындап берді. Нәтижесінде қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факультетіне оқуға түсті. Оқуын аяқтаған соң, 1971 жылы еңбек жолын өз өлкесінде жалғастырып, тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1972 жылдан бастап Талас Омарбеков өзі еңбек ететін Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Чапаев атындағы орта мектепте алғаш рет «Тарих және археология» музейін ұйымдастырды. Ғылымға деген құштарлық әкімшілік-партиялық қызмет ұсынған жайлы орынан бас тартқызып, 1977 жылы өзі білім алған Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына қабылданды. 1982 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Осылайша, жоғары мектеп саласымен тығыз байланысты ұстаздық, ғалымдық жолы басталды. 80-ші жылдардың екінші жартысы мен 90-шы жылдары орын алған қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістер жаңа тұрғыдан ойлайтын адамдардың тынысын ашты. Ұлттық мүдде, оның ішінде ұлттық тарихтың ақтаңдақтары, бұрмалаушылықтар мен келеңсіздіктер ­туралы ашық айтуға мүмкіндік туады. Бұл жағдай ­Талас Омарбеков тәрізді тарихшылардың зерттеу жұмыстарына тың серпін берді. Көп ұзамай, ОГПУ-дің құпия мұрағаттарынан алынған құжаттар мен деректерге негізделген, кең құлашпен жан-жақты талданған мақалалары арқылы Т.Омарбеков есімі оқырманға кеңінен танымал болды. Дәл осы кезеңде қазақ тарихының «ақтаңдақтары» қатарына жататын 1929-31 жылдардағы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы Қазақстанда орын алған ұлт-азаттық қозғалыстарды алғаш рет терең зерттеуге бет бұрды. Ғалымның зерттеулерінің нәтижесінде қазақ тарихында ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы әлеуметтік-саяси процес­терге әділетті ғылыми баға беруге негіз қаланды. Осы жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі жанындағы мемлекеттік комиссия құрамында жазықсыз тәркіленген қазақ байларын ақтау жұмысымен белсенді айналысты. Ол Қазақстан тәуелсіздік алған бетте Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті архивіндегі құжаттарды зерттеуге мүмкіндік алған алғашқы тарихшылардың бірі. Көп жылға созылған жүйелі зерттеудің үлкен қорытындысы ғалымның 1994 жылы докторлық ғылыми атақ алу үшін академик К.Нұрпейісовтың ғылыми кеңесшілігімен диссертация қорғауы еді. Диссертациялық жұмыс «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру» тақырыбына арналды. Диссертацияны талқылау барысында Қазақстанның белгілі ғалымдары, жазушылары және журналистері үлкен белсенділік танытты және Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми кеңесі бірауыздан ғалымға ғылым докторы дәрежесін берді. Осы жылдары ғалымның Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру және оның ауыр салдарларына арналған «Тарих тағылымы не дейді» (1993 ж.), 1929-31 жылдардағы халық көтерілістері туралы жазылған «Зобалаң» (1995 ж.), осы жылдардағы ашаршылық және оның себептерін ашып берген «Қазақстан қасіреті» (1997 ж.), «Голодомор в Казахстане: причины и истоки» (2011 ж.), ұлт тарихының күрделі мәселелерін өзек еткен «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері» (2003 ж.), «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» (2004 ж.), «Тарихпен өрілген тағдыр» (2007 ж.) атты іргелі зерттеу кітаптары жарық көрді. Бұл еңбектерде ұзақ жылдар бойы жабық болып келген кеңестік заманның кейбір «құпиялары» ашылды. Осы жылдары ол «Ақиқат» журналының бөлім меңгерушісі, жаңадан ашылған «Қазақ тарихы» журналының қызметкері әрі редакциялық алқа мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихи тақырыптарға байланысты ғылыми кеңесшісі қызметтерін жоғарғы оқу орындарындағы оқытушылық қызметтерімен қоса атқарды. Бұл кезең зерттеуші ғалымның ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ­Қазақ­стан­дағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістер, кеңестік модернизациялау саясатының ақтаңдақтарын ашып, бұрмаланған ­тарихи ақиқаттың шымылдығын ашқан аса бір белсенді ғылыми жұмысының шоқтығы биік бөлігіне айналды. Айта кетуіміз керек, ғалым ұлт басылымы «Ана тілі» газетінің белсенді авторы ретінде де мазмұнды мақалаларымен оқырман қауымның көңілінен шығуда. Талас Омарбековтің ғылыми-шығармашы­лық қызметінің жаңа бір белесі қазақ хал­қының этникалық тарихын зерттеу мәсе­лелерімен байланысты болды. 2005 жылы жеке демеушілердің қолдауымен «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын ұйымдастырып, оның директоры қызметін атқарды. Осы орталықтан Т.Омарбековтің жетекшілігімен және авторлық қатысуымен «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жобасы бойынша 30 томнан тұратын монографиялық еңбектері жарық көрді. Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша да ғалымның жетекшілігімен және авторлығымен «Қазақтың этникалық тарихы» ғылыми жобасы негізінде 9 томнан тұратын еңбектер баспадан шықты. Осы бағыттағы ғылыми зерттеулердің нәтижесі жалғасын тауып, «Қазақ түркілерінің этникалық тарихы (б.з.б. І мыңжылдық – б.з. ІХ ғасыры)», «Қазақ түркілерінің шығу тегі» (ІХ-ХІҮ ғғ.) атты жеке монографиялары оқырман­мен қауышты. Осылайша, бірнеше жылдық ғылыми ізденістердің нәтижесінде отандық тарих ғылымында қазақ халқының этникалық тарихының күрделі мәселелерін қамтитын жаңа бағытттағы тың ізденістерге негізделген жаңашыл еңбектер жарық көре бастады. Зерттеулердің нәтижесі арнайы курстарға ұласып, оқулықтар мен оқу құралдарына енді. Рулар тарихы рушылдықтың емес, ұлт мүддесінің өзегі екендігі айқындалды. Т.Омарбековтің зерттеуші ғалым ретіндегі ғылыми зерттеу жұмыстарының келесі кезеңі көшпелілер өркениетінің мәселелерін зерттеуге ұласты. 2013 жылы Елбасының «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанынан «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығын» құрып, директоры әрі ғылыми жетекшісі ретінде тың бағыттағы тарихи зертеулерді жүзеге асыруды қолға алды. 2013 жылдан бас­тап өзінің жұмысын бастаған бұл орталық профессор Т.Омарбековтің жетекшілігімен Орталық Азиядағы дәстүрлі мәдениеттерді зерттеудің методологиялық мәселелері, көшпелілердің далалық империяларының тарихы, қазақ халқының этногенезі, Орталық Азияның көшпелілерінің көрші, көшпелі емес халықтармен қарым-қатынастары тарихы, Дешті-Қыпшақтағы дәстүрлі қоғамның әлеуметтік және этно-мәдени құрылымына байланысты ғылыми бағыттарда жұмыс атқарды. Т.Омарбековтің тікелей бастамасымен ғылыми жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде мәселенің теориялық-методологиялық жақтарын зерттеу қолға алынып, қазіргі отандық және шетелдік гуманитарлық ғылыми әдебиеттердегі Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрлі өркениетінің тарихын зерттеуді көздеген талдаулар жасалды. Мұндайда Орталық Азиядағы тайпалар мен болашақ қазақ халқын құраған әрбір қазақ тайпаларының этникалық, әлеуметтік-саяси және мәдени байланыстарын зерттеуге, осы аймақтағы көшпелілер қауымдастығының этно-аумақтық тарихы мен халықтардың дәстүрлі шаруашылық жүргізу түрлерінің ежелгі дәуірден бастап, кейінгі ғасырларға дейінгі ағымдары мен бағыттарын талдауға баса назар аударылды. Орталықтың айқын жетістігі ғалымның тікелей ұйымдастыруымен әрі ғылыми жетекшілігі, авторлығымен 4 томнан тұратын «Орталық Азияның көшпелілер өркениетінің тарихы» деген атпен жарияланған, жалпы көлемі 80 баспа табаққа жуық монографиялық зерттеу және 4 кітаптан тұратын «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» деген атпен жарық көрген университет студенттеріне арналған оқулық. Бұлар шын мәнінде Қазақстанның тарих ғылымында бұрын-соңды жазылмаған жаңа көлемді де, іргелі еңбектер. Бүгінгі таңда осы бағыттағы зерттеулердің келесі кезеңі Ұлы дала тарихы мен мәдениетін зерттеуге ұласып отыр. Барлық саналы ғұмырын Отан тарихының ақтаңдақтарын зерттеуге арнаған көрнекті тарихшы-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА кұрметті мүшесі, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Талас Омарбековтей ардақты азаматтың ғылыми-шығармашылық қызметіне алдағы уақытта да табыс тілейміз.

Меңдігүл Ноғайбаева,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих,  археология және этнология  факультетінің деканы

1832 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз