Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 20 Шілде, 2018

ЭКСПО ӨМІРШЕҢ ЖОБАҒА АЙНАЛДЫ

ЭКСПО халықаралық көрмесі өткен жылы мәресіне жетті, бірақ бұл ЭКСПО аумағында тіршілік тоқтағанын білдірмейді. Бүгіндері ЭКСПО нысандарында жұмыс көрігі қызып тұр, «Нұр Әлем» сферасына келушілер  көбеймесе, азайған емес.

«Нұр Әлемде» – бар әлем

Былтыр өткен Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі «Болашақ энергиясына» арналғаны белгілі. Көрмеге қатысушы елдер энергия өндірудің баламалы технологияларын таныстырғаны да есте. Сол үрдіс бүгін де үзілген жоқ. ЭКСПО көрме кешеніндегі «Нұр Әлем» сферасы – «Болашақ энергиясы» мұражайында энергияның барлық түрімен таныстыратын тұтас ансамбль салтанат құрып тұр. Ал онымен сізді роботтар таныстырады. Мәселен, бірінші қабатта «Қорқыт» атты робот қазақтың қонақжайлығымен таныстырып, қазақ халқының дәстүрін аңыздармен байланыстыра баяндайды.

Ал «Жеңіс» атты робот жасыл технология саласындағы жеңістер мен жаңалықтарды сөз етеді. Ол ауаға көмірқышқыл газын тастамай отын өндіретін термоядролық реактор Токамакпен таныстырады.

Екінші қабаттағы «Каспий» гидроэнергетикадан сауатымызды көтереді. Дәл осы гидроэнергетиканың арқасында әлем жұрты энергияның 75 пайызына қол жеткізіп отыр. Теңізден алынатын энергия туралы «Толқын» атты робот айтып береді. Толқыннан энергия өндіретін «Пиламис» жобасымен де осы жерде танысасыз. Үшінші қабатта сізді «Ньютон» атты робот ерекше репликамен қарсы алады, «Менің атым Ньютон, менің басыма жаңа ғана алма құлап түсті» дегенде еріксіз жымиясыз. «Ньютон» Кинетикалық энергия көзімен таныстырады, мысалы, мұнда кинетикалық велосипедті тебу арқылы қанша қуат өндіретініңізді көре аласыз. Адамның қимыл-қозғалысынан бөлінетін энергия туралы ақпараттан соң қозғалыс дегеніміз өмір екен ғой деп ой түйесіз. Дәл осы қабаттағы «Қайрат» «Нұр Әлемдегі» қайратты робот екенін мойындайсыз. Ол «Энергия дөңгелегінен» өндірілетін энергияны көруге шақырады. Себебі әр жексенбі және мереке күндері  белгілі цирк артисі Мұрат Мұтұрғановтың «Smile» шоуы «Энергия дөңгелегінде» цирк қойылымын өткізеді. Команда сақтандырусыз жұмыс істейді.

Төртінші қабаттағы жап-жасыл әлемде «Форестпен» тілдесесіз, сөйтіп,  өсімдік майынан автокөлікке арналған сұйық отын жасалатынын білесіз. Жоғары сападағы биодизельдің Ятрофа деп алатын ағаштан алынатыны да сізге жаңалық болуы мүмкін. Айтпақшы, осы қабаттағы  «Ятрофа» атты робот биотехникалық зертханада этанол өндірудің сырымен бөліседі.

Бесінші қабаттағы «Самал» мен «Дауыл» жел энергиясымен және жел генераторымен таныстырады. Алтыншы қабатта күн энергиясы туралы білімімізді көтеретін «Гелиос» қарсы алады, әрі қарай «Сәулемен» саяхат жасайсыз. Ол күн энергетикасының жаңа технологияларымен таныстырады.

Жетінші қабаттағы «Венера» ғарыш энергиясымен таныстырса, өзін нағыз пилот  санайтын «Метеор» роботы Ғарыш кемесіндегі ғарышкерлер өмірімен таныстырады. Айтқандай, жетінші қабаттан қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің скафандрын көруге болады.

Сегізінші қабатта «Болашақ» пен «Бақыт» Қазақстан астанасының дамуымен таныстырады. Сондай-ақ, мұнда шыны көпірмен жүріп, 100 метрлік биіктіктен бірінші қабатқа дейінгі тіршілікті көресіз. Диаметрі 80, биіктігі 100 метрді құрайтын сфераның шатыры күн панельдерімен, жел генераторларымен жарақталған. Олар «Нұр Әлем» сферасы тұтынатын энергияның 25 пайызын өндіріп тұр. Осылайша «Нұр Әлемде» сізге ақылды 17 робот-гид қызметін ұсынады.

ЭКСПО-ның эксклюзив шоулары

ЭКСПО көрме кешені аумағында Астана тұрғындары мен қала қонақтары үшін мәдени және ойын сауық бағдарламалары жасалған. Ол  бағдарламалардың арасында сіз армандаған жобалар да бар. Мәселен, «Нұр Әлем» сферасында 5 шілдеден бастап танымал әзілкеш, биші, әртіс робот –Титан өнер көрсетіп жүр. Ол Абу-Дабиде Формула-1 гран приінде, Ұлыбританиядағы «iRobo» премьерасында, Сочидегі Олимпиаданың ашылуында өнер көрсеткен әлемге әйгілі робот. Титан робот жарты сағаттық қойылымында қонақтарын қуанту үшін ән де салады, би де билейді. Әр күн сайын сағат 12:00, 15:00, 18:00-де «Нұр Әлемнің» бірінші қабатында өтетін Titan's Show-ды жіберіп алмаңыз. Өйткені, Титан робот Астанада 29 шілдеге дейін ғана өнер көрсетеді. Ал оқу жылы басталғанда оқушылар мен студенттер үшін химиялық шоу көрсетілмек.

«Нұр Әлем» сферасында өтетін шаралар көрме тақырыбына сай іріктелген. Соның бірі – Виртуалды өмір аумағы ЭКСПО-ға келушілердің сүйікті орнына айналған. Мұнда арнайы көзілдірікті киген соң Астана мен Алматыны құс ұшатын биіктіктен тамашалай аласыз. Этноауылды да аралап, садақ атып, ежелгі қонысқа саяхат жасау мүмкіндігіне ие боласыз. Мұның барлығы арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асады.

Айта кетейік, Мұрат Мұтұрғановтың «Энергия дөңгелегі» мен «TITAN THE ROBOT SHOW» шоуына қатысу үшін, сондай-ақ, Виртуалды өмір аумағына кіру үшін «Нұр Әлем» сферасына кіру билетін сатып алсаңыз жектілікті.

Астана мерейтойына арналған сый

ЭКСПО көрмесіне келушілер үшін ашық аспан астында орнатылған Жазғы сахнада демалыс күндері қызықты бағдарламалар ұсынылады. 7 шілде күні өткен Астананың 20-жылдығына арналған концертте жастардың кумиріне айналған «Ninety One» тобы мен «Raim & Artur» дуэті,  «Джейран» тобы өнер көрсетті. Дәл осы күні концертке 7 мыңнан астам адам келіпті. Енді бұл сахнада демалыс күндері қазақ эстрада жұлдыздарының концерті, музыкалық ертегілер мен цирк бағдарламалары көрсетіледі. Жазғы сахнадағы бағдарламаның барлығы тегін екенін еске саламыз.

Айтқандай, Жазғы сахнадағы концертке қатысушылардан қолтаңба алғыңыз келсе, мархабат. Ол үшін концерт болатын күні «Нұр Әлемге» келіп, автограф алып, «селфи» жасай аласыз.

ЭКСПО  көрме кешеніндегі Конгресс орталықта өтетін әлемдік жұлдыздар концерті ақылы. Мысалы, 22 шілдеде  Дима Билан өзінің «Опять 35» атты жеке концертін осы орталықта өткізбек. Концертке билет ала отырып,  «Нұр Әлем» сферасына бір реттік тегін кіру мүмкіндігі беріледі екен.

Сонымен қатар, MuzZone арнасының Еуразия музыкалық сыйлығын тапсыру салтанаты, танымал америкалық иллюзионистер шоуы, Виктор Цойдың «КИНО» тобы шығармаларының симфониялық оркестрдің орындауында болатын концерттер өтеді. Гитарадағы барлық партияларды «КИНО» тобын құрушылардың бірі, рок-музыкант Юрий Каспарян орындайды. Жыл соңы «Золотой граммофон» сыйлығын тапсыру салтанатымен жабылады.

Егер қаланың мазасыз у-шуынан шаршасаңыз, жан тыныштығын қаласаңыз да ЭКСПО аумағына келіңіз – мұнда  фонтандардың музыкалық от шашуын тамашалап, саябақта демалуға болады.

Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы да танымдық демалыс ұйымдастыруды мақсат еткен компания бизнес өкілдерінің жаңа ұсыныстарын қарастыруға да әзір. Барлығы да сапалы сервис үшін. Ал жуырда ЭКСПО көрме кешенінде цифырлы Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазпоштаның» цифрлы бөлімшесі ашылды.

ЭКСПО көрме кешеніне жасаған бір күндік саяхатымыздан түйгеніміз: мұнда тіршілік қайнап тұр. Сандарды сөйлетсек, «Нұр Әлемге» 6-8 шілде аралығында 12 мыңнан астам адам келген. Жазғы сахна ашылғалы бері әр демалыс сайын кем дегенде 7 мың адам концерт көруге келеді. Бұл ЭКСПО көрмесі жобасының өміршеңдігін көрсетсе керек.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Астана

2064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз