Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 09 Тамыз, 2018

Биылғы қажылыққа 3 мың адамға квота бөлінді

Кеше ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен қажылыққа баратын қазақстандықтардың жолға шығуын ұйымдастыру мәселелері бойынша отырыс өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығы және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ «Scat» және «Fly Nas» әуекомпаниясының өкілдері қатысты, - деп хабарлайды ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Дархан Кәлетаев Қазақстан азаматтарының заңды мүдделері мен қауіпсіздігін ұйымдастыру және қажылық кезінде қажылыққа барғандар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша тиісті шараларды қабылдау қажеттілігіне баса назар аударды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық істері жөніндегі министрлігімен жыл сайын келісім жасасып, соның негізінде биылғы жылы 3 мың адамға квота бөлінді.

Министрдің айтуынша, қажылықты қадағалау мен ұйымдастыру үшін Министрлік тарапынан ҚМДБ-мен бірге 14 адамнан тұратын қажылық миссия құрылды: ҚМДБ – 7 өкіл, БАҚ – 3 өкіл, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен 2 медицина қызметкері және ҚР Қоғамдық даму министрлігінің – 2 өкіл.

ҚМДБ-ның мәліметі бойынша барлық қажылыққа аттанушылар қажылықты ұйымдастыруға қатысқан 18 қазақстандық туристік компанияға бекітілді.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуекомпаниялары 50/50 үлес арқылы ұшуды ұйымдастырады. Сауд Арабиясы тарапынан қазақстандықтардың қажылыққа ұшып баруын ұйымдастыру үшін «Fly Nas» әуекомпаниясы белгіленді. Қазақстан тарапынан өткен жылдан бері ҚР Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен қажылыққа аттанғандарды тасымалдау бойынша қызмет көрсетуді «SCAT» әуекомпаниясы жүзеге асырады.

Қажылық парызын өтейтін қазақстандықтар Сауд Арабиясына 9-15 тамыз аралығында барып, 1 қыркүйекке дейін елге оралады. Осы жылы Қазақстанның 5 қаласының 8 медициналық орталығында бір уақытта екпе егу рәсімі (вакциналау) жүргізітелітін болады. Қажылыққа аттанатындар үшін екпе бағасы 28 мың теңгені құрайды.

 

1141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз