Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 15 Тамыз, 2018

Абаев Қазақстанда неліктен 88 шетелдік телеарна жабылғанына түсініктеме берді

Ол Министрлік аталған телеарналарды жауып жатқанын хабарлаған кезде басқа мәселе жайын қозғағанын атап өтті.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгінгі Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Қазақстанда неліктен 88 шетелдік телеарна жабылғанына түсініктеме берді. Ол телеарнаның жабылуы қызу талқыға түскеніне таңданғанын айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісіне  сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

"Біз 88 телеарнаны жауып жатқанымызды хабарлаған кезде басқа мәселе жайын қозғаған едік. Шындығында, қоғам назары басқа мәселеге ауып кеткені мені біраз таңғалдырды. Біз Қазақстанда 215 шетелдік телеарна ашылғанын айтқан едік. Мұндай тәуелсіз 25 жыл ішінде болған емес. Қазір біз барлық шетелдік телеарналарды құқықтық алаңға шығардық. Яғни, барлық шетелдік телеарналардың Қазақстанда өкілдіктері бар және онда жұмыстар жүріп жатыр", - деді ведомство басшысы.

Дәурен Абаев мәлім еткендей, шетелдік телеарналар Қазақстан аумағында хабар таратуы үшін Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуы керек.

"Бұл телеарналардың жабылуы олар енді ешқашан Қазақстанда жұмыс істемейді дегенді білдірмейді. Олар өкілдік ашқылары келсе, Қазақстандағы заңнамамен белгіленген барлық рәсімдерді орындауы керек екенін, содан кейін қайтадан Қазақстанға орала алатынын білдіреді. Ал бұрындары өкілдіктердің көбі басқа елде отыратын және бізге олармен жұмыс істеу қиын болды. Ал сіздер елімізде телеарналардың жабылғанына үлкен мән бергендеріңіз мені таңғалдырады. Сіздер Қазақстанда басқа телеарналар өз өкілдіктерін ашқанына назар аударуларыңыз керек еді", - деп сөзін түйіндеді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Бұған дейін Қазақстанда 80-нен астам шетелдік телеарнаның ел аумағында хабар таратуы тоқтатылатынын хабарлаған болатынбыз. Оған шетелдік телеарналардың Қазақстан заңнамасына енген талаптарды орындамауы себеп болып отыр.

Қазір Қазақстанда 306 шетелдік теле-радио арна тіркеуде тұр. Олардың қызметін реттеу мақсатында министрлік жыл басында заңнамаға түзетулер енгізді. Оған сәйкес, шетелдік арналар Қазақстан Республикасында өз өкілдігін ашуы міндеттелді. Барлық талаптарды орындау үшін жарты жыл уақыт та берілді. Қазіргі уақытта 219 телеарна тиісті талаптарды орындады. Министрлік қалған 88 арнаның ел аумағында хабар таратуын тоқтатуды қарастыратын бұйрық әзірледі.

Еске сала кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2019 жылдың 2 тоқсанында 5G ұялы байланыс технологиясының пилоттық тестілеуден өткізілетіні жоспарлап отырғанын мәлім етті. Министр жалпы, 5G стандарты не үшін қажет екеніне де тоқталып өтті. Оның сөзінше, Халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жабдықтардың өндірушілер қабылданған стандарт бойынша жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды.

856 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз