Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Басты ақпарат
  • 24 Қыркүйек, 2018

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: ЗАҢ ШЫҒАРУ ПРОЦЕСІНЕ АТҮСТІ ҚАРАУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы палатада заң шығару процесін жетілдіру мәселелері бойынша өткен үкімет сағатында Үкіметтің заң жобаларын әзірлеуі мен оның Парламентте қабылданып, жүзеге асырылуы арасындағы кемшіліктерді сынға алып, тез арада қолға алынуға тиісті 10 мәселені атап өтті. Бірінші, заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі; Екінші, заңдарымыздың экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталуы; Үшінші, Үкіметтің жоғары халықаралық рейтингтік көрсеткіштерге сай болуға құштарлығы; Төртінші, заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауы; Бесінші, заң жобаларының тұжырымдамалық негізінің сапасының төмендігі; Алтыншы, заң шығару жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымның болмауы; Жетінші, заңнамалық немесе заңға тәуелді деңгейлерде регламенттеу үшін күн тәртібіне қойылатын мәселелердің аражігін ажырату; Сегізінші, жаңадан қабылданатын заңдар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аудару; Тоғызыншы, негізгі құқық салаларын дамытудың орнықты тәсілдерін әзірлеумен айналысатын салааралық ғылыми институттардың жоқтығы; Оныншы, халықаралық шарттарды жасасу, олардың іске асырылуын бағалау, сондай-ақ оларды ұлттық заңнамаға енгізу барысындағы анық және айқын жүйенің болмауы. Қ.Тоқаев заң шығару процесіндегі кемшіліктерді көрсете отырып, оны шешу жолдарын да ұсынды. «Түптеп келгенде, азаматтардың әл-ауқаты мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Елімізде қабылданып жатқан заңдардың сапасы қандай, олардың мазмұны Қазақстан азаматтарына түсінікті ме? Біз осы мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруымыз қажет» ,- деді Сенат Төрағасы. Заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтатып, бұл маңызды іске жаңаша көзқарас қалыптастыру қажетігіне назар аудартқан Қ.Тоқаев Парламенттің өкілеттігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап ететінін айтты. Сенат Төрағасы сынға алған 10 мәселеге тоқталар болсақ, оның ең біріншісі, заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі. «Бұл заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, «шашыраңқылыққа», әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады. Сондықтан, заң нормалары құқықтық ахуал жасаудың орнына, тез өзгеріп отыратын құбылмалы жағдайлардың салдары болып табылады», деген Төраға бұған Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгертулер енгізілетін жағдайлар да кездескенін мысал етті. Заңдар ұзақ жылдарға арналған, қандай да бір ерекше қажеттілік туындамаса өзгере бермеуге тиісті дүние болуға тиіс емес пе? Алайда біздің заңдардың көп жағдайларда экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталатыны, соның салдарынан бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы болатынын атап айтқан Сенат Төрағасы, тіпті, бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын байқауға болатынын сынға алды. «Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық» ,-деді Төраға. Тағы бір мәселе, кейінгі кезде қандай да бір халықаралық рейтингтерге сай болу үшін, қажетті-қажетсіз заңдарды ұсыну үрдісі байқалады. Үкіметтің жоғары рейтингтік көрсеткіштерге сай болуға бағытталған әсіре ұмтылысын атап өткен Қ.Тоқаев «Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс. Осы процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғамдастықпен қатар өз азаматтарымызға ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарауымыз қажет» ,- деп атап өтті. Жоғарғы Палата Төрағасы заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауының салдары заң жобаларының ретсіз, әдетте, күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуына әкеліп соғатынын, оның кесірі заң жобаларымен жүргізілетін жұмыстың сапасына тиетінін де атап өтті. Сонымен бірге Қ.Тоқаев кейбір жағдайларда заң жобасы реттеуге тиіс негізгі мәселелер тұжырымдамаларда қамтылмай жататыны туралы да сын пікірін айтты. «Аталған жағдай әзірлеушілердің тарапынан заң жобаларының мазмұнына байланысты, Парламент қабылдаған жағдайда оларды іске асыру тәсілдеріне қатысты айқын көзқарастың жоқ екендігін көрсетеді» ,- деді ол. Сондай-ақ, заң шығару жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымның болмауына назар аудартқан Қ.Тоқаев «Кейбір бағыттар бойынша біз қатаңдату ұстанымдарын басшылыққа алсақ, басқа салаларда босаңдық пен еркіндікке жол береміз. Осылайша, тұтастай Қазақстанның заңдары өзара ішкі қисыннан ажырап, сәйкесінше оның құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтай түседі. Оның үстіне, жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтардың көбеюі оларға салынатын жазаны қатаңдатуды талап етеді. Осындай сипаттағы қылмыстар қоғам ішінде өткір пікірталастар тудыруда, сондықтан да жеңіл жаза қолдану немесе, тіпті, өзара келісім жолымен (медиация) қылмыстық жауапкершіліктен құтылу жағдайларына азаматтар тарапынан келіспеушілік білдіру – заңды құбылыс. Үкіметтің осы мәселеге айрықша мән беріп, баса назар аударуын сұраймыз» ,- деді Сенат Төрағасы. Үкіметтік сағатта Сенат Төрағасы «Заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр»,- деп бұл мәселеге ерекше назар аудару қажеттілігін айтты. Жаңадан қабылданатын заңдар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығыда ерекше. Бұл орайда Сенат Төрағасы «Біздің ойымызша, бұл мәселе түбегейлі жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап етеді. Мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша цифрлық технологиялар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, неғұрлым белсенді және жаңа көзқарастарды ұстануы қажет. БАҚ кеңістігінде кеңінен жариялай отырып, өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер көрсету, баспасөз-конференцияларын, диспуттар мен пікірталастар өткізу заң шығармашылығы процесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Уәкілетті органдар кез-келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет»,- деп атап өтті. Негізгі құқық салаларын дамытудың орнықты тәсілдерін әзірлеумен айналысатын салааралық ғылыми институттардың жоқтығы шешімін таппаған мәселелердің қатарында екенін айтқан Қ.Тоқаев «Мұндай институттар депутаттарға консультациялық, әдістемелік, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетер еді. Әзірге біз Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институтының көмегіне жүгінеміз», - деді. Халықаралық шарттарды жасасу, олардың іске асырылуын бағалау, сондай-ақ оларды ұлттық заңнамаға енгізу барысындағы анық және айқын жүйенің болмауы туралы да сын пікірін ортаға салған Сенат Төрағасы «Құқықтық мониторинг институтын одан әрі дамыту үшін жүйелі және ұйымдастырушылық сипаттағы шараларды қабылдау талап етіледі. «Мемлекеттің салауаты заңдардан басталып, заңдылықпен аяқталады» деген белгілі тұжырым заңдарды тиімділігіне қарап қабылдаудың аса қажет екенін көрсетеді», деп атап өтті. Заң шығару процесін жете бағаламау немесе оны оңайлату көптеген заңнамалық және құқық қолданудағы қателіктерге алып келетіні сөзсіз. Сөзін түйіндей келе Қ.Тоқаев «Үкімет құқық қолдану мәселелеріне ерекше назар аударуы қажет. Заңдардың дұрыс орындалмауы немесе бұрмалануы олардың сапасын жоққа шығарады және халықтың сенім деңгейіне айтарлықтай кері әсерін тигізеді, сәйкесінше бұл мемлекетіміздің реформалары мен орнықты даму стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру барысына айтарлықтай теріс ықпал етуі мүмкін»,- деп атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы бұл мәселелердің бірінші рет ескертіліп отырмағандығын, Үкіметтің заң жобалау жұмысындағы осы және басқа да кемшіліктер Сенат отырыстарында және депутаттық сауалдарда бірнеше рет атап көрсетілгенін де еске салды.

Әділбек ҚАБА

2668 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз