Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 28 Сәуір, 2011

Халықтық IPO – жалпыұлттық бағдарлама Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

logotip-tauelsizdik8Халықтың әл-аухатын, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, қаржы білімі мен қаржы тетіктерін ұтымды пайдалана білуге баулу, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Елбасы халықтық IPO-ны қолға алуды ұсынды.Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың басында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінде хабарлап, «Мен үкіметке «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның құрамына кіретін ұлттық компания акцияларын халық арасына шығаруды – халықтық ІРО жасауды тапсырдым», – деп Үкіметке аталған мәселеге байланысты бағдарлама әзірлеу керектігін айтты. Осы арқылы халықтық IPO-ны жүзеге асыру қолға алынған болатын. Сондай-ақ Елбасы ІРО-ның маңызы жөнінде: «Халықтық ІРО шығару жүздеген мың қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленуге және олардың жинаған байлықтарын жаңаша инвестициялауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті. Маңызы мен мәні зор бұл істің ел күткендей сәтті өтіп, нәтижелі болуын қадағалап, бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкімет жанынан арнайы кеңес те құрылды. Жоспар бойынша үстіміздегі жылы «Қазпошта» және KEGOK компанияларының акциялары жалпы сатылымға жіберілетін болса, «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомПром» ұлттық компанияларының акциялары халықтың арасына кең сатылымға 2012–2013 жылдары шығарылуы тиіс. Демек, сатылымға шығарылатын компаниялар – қаржылық көрсеткіштері ең жақсы, орнықты және мемлекеттік қолдауға ие компаниялар. Осылайша тұрғындарға халықтық ІРО аясында ең табысты деген ұлттық компаниялардың акциялары ұсынылмақ. Бұл – инвесторлар тарапынан сенімділіктің жоғары болуының кепілі. Мысалы, «Казатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі берген кредиттік рейтингісі «Baa3/тұрақты» деңгейде. Сонымен қатар, қазiргі таңда Қазақстан экономикасында тұрақты өсу үрдісі байқалады. Ол өз кезегінде ұлттық компаниялардың акциялары бағамының одан әрі өсуіне мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылатын болса, отандық қор нарығын дамыту, қор нарығы жүйесімен халықты кеңінен таныстыру арқылы ішкі тұтыну, ішкі тетіктер мен ресурстарды тиімді пайдаға асырумен қатар халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсара түспек. Жұмыстың мұндай нәтижелі болуы үшін, алдымен, қарапайым халықтың қаржылық білімін арттыруды қолға алған жөн. Сондай-ақ компаниялардың барынша ашық болуын қадағалып, ел азаматтарына өзін қызықтырған кез келген сұрақтың жауабын таба білуіне барынша көмек көрсету керек. Бұл тұрғыда инвестор өз қаржысын кім басқаратынынан және оның қалай жұмыс істейтінінен толық хабардар болуы тиіс. Ол үшін нарыққа үлесін сатқан компанияның қызметі мен қаржылық ахуалы, тіпті оның құрылтайшыларының тізіміне дейін анық болғаны жөн. Мұндай мәліметтер акционер үшін қаншалықты маңызды екені айтпаса да анық. Сондықтан да Үкімет халықтық ІРО-ның өткізілу барысын жіті назарында ұстап, тұрғындардың қатысуы үшін максималды қолайлы жағдайлар жасайтынын айтып отыр. Бұл туралы ресейлік телеарна РБК-ға берген сұхбатында: «Біз өзіміздің алдымызға акция сату кезінде мемлекеттік компанияның барынша көп табыс табу міндетін қоймаймыз, біз инвестор мен зейнетақы қорлары туралы көбірек ойлаймыз. Бізде Қазақстан аумағында орташа инвестор қалыптастырудың бірегей мүмкіндігі болады. Елімізді халық үшін "халықтық IPO" кезеңін өту қажеттілігі күтіп тұр, содан кейін барып оны инвесторлардың кең ауқымды ортасы үшін өткізуге болады», – деген премьер-министр Кәрім Мәсімов «Біз Ресей Федерациясы және басқа да елдердің халықтық IPO-дағы тәжірибесіне барынша назар салып, зерттеудеміз. Бірінші кезеңде Қазақстан халқын қор нарығына тартамыз, бұл жерде ең маңыздысы тұрғындар үшін сату бағасы нарықтағыдан төмен болуы қажет, яғни, кез келген компаниядан акция үлесін сатып алушы Қазақстан азаматы келесі нақты IPO-да өзінің акциясын қандай да бір табыспен сату мүмкіндігіне ие болуы керек деп санаймыз" деген ойын да білдірді. Басқа елдердің тәжірибесі демекші, халықтық IPO-да сәтті қадам жасағандардың бірі – Малазия Үкіметі халқын акцияларды сатып алуға тарту үшін көптеген шараларды қолға алды, мысалы, сатып алынған акцияға берілетін дивиденттердің көлемі депозиттік салым ставкаларынан да жоғары болды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жасалған қолдауды елдегі ауқатты жандар өздеріне пайдаланып кетпес үшін, акцияларды сатып алуда 50 мың рингиттен аспау керек деген шектеу қойылды. Негізгі бөлігі қытайлықтар мен үндістерге тиесілі ұлттық бизнесте малайлықтардың сандық мөлшері өте төмен болғандықтан Үкімет өзге ұлыстардың мүмкіншіліктеріне шектеу қоймай отырып, малай ұлтының жағдайын арттыру мақсатында елде құрылған және құрылатын компаниялардың акцияларын Куала-Лумпур қор биржасына (Kuala Lumpur Stock Exchange) шығаруды қолға алды, ал оның малайлықтарға тиесілі бөлігі 30%-дан төмен болмауы керек еді. Сондықтан бастапқыда акциялар оны сатып алуға өтініш білдірген малайлықтарға берілді. Бағасы номиналды түрдегі акциялардан анағұрлым жоғары болатын өздеріне бөлінген акцияларды малайлықтар тез пайдаға кенелу үшін сатып жіберіп отырды. Ал ол табыстары күнделікті ішіп-жемді ғана ақтағандықтан мемлекеттен дамуға бөлінген қаржы жерге сіңген судың кебін кие бастанды. Осы орайда Малай Үкіметі бастапқыда қолға алған жоспарды орындау үшін 1977 жылы инвестициялық қорлар құруды жөн санап, 1978 жылдың басында Ұлттық Акционерлік компаниясы (Permodalan Nasional Berhad) құрылып, Үкімет компанияның дамуы үшін үш миллиард ринггит көлемінде мемлекет тарапынан қаржы бөлгізді. Бөлінген ақша Куала-Лумпур қор биржасына шығарылған компаниялардың 30% акцияларын сатып алуға немесе акцияларды қосымша эмиссиялауға жұмсалды. ҰАК мақсаты қор нарығында жұмыс жасап, пайда әкеліп тұрған компаниялардың акцияларын нарық бағамы бойынша сатып алу болып саналды. Сатып алынған компания акцияларының портфелдері Ұлттық инвестициялық қорға (Amanah Saham Nasional) орналастырылып отырды. Осылай Малазияның халықты акциялар мен облигациялар, құнды қағаздар нарығына тарту жұмысын жүргізу нәтижесінде қор нарығына инвестор ретiнде 8 млн адам тартылды. Бүгінде бұл компаниялардың акциялары – Малайзияның қор нарығындағы ең өтімді акциялар. Мемлекеттік компаниялардың акцияларын Бразилия, Қытай, Сингапур, Индонезия, Индия, Польшада орналастыру табысты көрінеді. Сондай-ақ халықтық IPO-ның Азия елдерінде кең өріс алғанын да атап өткен жөн болар. 2010 жылы әлем елдері бойынша Қытай өткізілген IPO-ның нәтижесімен алға шығып, «Agricultural Bank of China» банкі 22,1 млрд АҚШ долларын қанжығалады. 2006 жылы бүкіл әлемде 247 млрд АҚШ долларына барлығы 1729 IPO өткізілген-ді. Ең алғашқы халықтық IPO өткен ғасырдың 30 жылдары Германияда өткізілген-ді. Бірнеше жылдың ішінде өнеркәсіптер қосымша табыс пен инвестициялық ресурс қорын жинақтады. Ал ол өз кезегінде ел экономикасына жаңа серпін бола алды. IPO-ның нарықта кең өріс жаюы өткен ғасырдың соңында белді компаниялардың ғаламтор желісіне көше бастағанымен тығыз байланысты. 1999 жылы алғаш рет рекордты көрсеткіш нарыққа шыққан 200 компанияның 200 млрд АҚШ долларын тартуы болды.IPO (ағылшын тілінде Initial Public Offering) – белгілі бір компанияның акцияларын қор биржасы арқылы шектелмеген адамдар санына сату, сол арқылы компанияның әлеуетін көтеру, қосымша пайда табу.

1265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз