Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 02 Қазан, 2018

Барыс-келіс жақсарып, қарым-қатынас жаңдана түсті

2018 жыл еліміз Өзбекстан жылы деп жарияласа, ендігі жыл көрші ағайындар үшін өз елінде Қазақстан жылы болып белгіленіп отыр. Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстар жаңа деңгейге көтерілгенін көзі қарақты азамттар байқап та жүр. Бұл екі ел басшысы Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиеёвтің мемлекетаралық қарым-қатынасты жақсартуға жұмсаған біраз күштің нәтижесі. Еске сала кетейік, президенттік сайлауда жеңіске жеткен соң, Өзбекстан басшысы алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастаған. Көршінің қамын жеу, ауылдаспен ағайындай аралас-құраласта тұру тәмсілін жақсы білетін екі ел басшылары қазақ-өзбек қарым-қатынасында экономикалық байланыс қана емес, сонымен қатар, гуманитарлық, мәдени, рухани байланыстырды да тереңдетt түсу керектігін үнемі насихаттап жүр. Діні бір, тілі мен сал-дәстүрі өте ұқсас, түбі бір түркі бауырлас қос ұлт ғасырлар бойы меймандостықта, ауызбіршілікте өмір сүріп келеді.

Өзбекстан басшысының Қазақстанға жасаған ресми сапарынан кейін арадағы сауда-экономикалық, мәдени байланыстар жандана түсті. Екі ел президенті Астана төрінде қазақ-өзбек қатынасындағы маңызды мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылап, бірқатар келесімдерге қол жеткізді. Шекара, кедендік кедергілер, алыс-беріс, барыс-келіс бағытында мәселе туындамауына негіз болған сол келісімдер өз нәтижесін беруде.

Әсіресе, Өзбекстанмен шекаралық аймақта жатқан Түркістан облысының тауар айналымы бұрынғыға қарағанда жақсара түсті. Облысқа Ташкент өңірінің бірнеше  делегация легі келіп, қос елдің кәсіпкерлері іскерлік байланыс жасау бойынша уағдаласты. Билік өкілдері екі мемлекетке де тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде жиындар мен форумдар өткізуде.

Ал, туризм саласын дамыту мақсатында Өзбекстан мен Түркістан облысы арасында бірнеше ай бұрын халықаралық автобус бағыты ашылғанынан көпшілік хабардар. Енді міне, теміржол арқылы қатынау да жолға қойылып, Алматы–Ташкент бағыты бойынша пойыздар жүруде. Мемлекеттердің арасындағы шекаралық тосқауылдың жойылуы, кедендік кедергілердің азаюы екі ел кәсіпкерлеріне үлкен жеңілдік. Әсіресе, жүк тасымалы, тауар айналымы артып, соның нәтижесінде түсетін табыс көлемі де өсті.

Мысалы, былтыр Түркістан облысының сыртқы сауда айналымы 3064,6 млн. АҚШ долларына жетіп, оның 20 пайызы Өзбекстан еліне тиесілі болған. Сала мамандарының айтуынша Өзбекстан біздің өңір үшін Нидерландыдан кейінгі екінші негізгі сауда әріптесіміз болып саналады екен. Көрші елмен тауар айналымы өткен жылы 622,6 млн. АҚШ долларын құраған. 2016 жылы өзбек ағайындармен тауар айналымы 532,7 млн. АҚШ долларын құрағанын ескерсек, жылдан жылға байланыстың жақсарғанын аңғару қиын емес. Өз кезегінде Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттықтан Түркістан облысына түсер үлес 31 пайызды құрайды. Былтыр өңір кәсіпкерлері Өзбекстанға 252,8 млн. доллардың тауарын экспорттағанын да айта кету керек. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 194,9 млн. АҚШ долларына артқанын көрсетеді.

Өзбекстан біздің кәсіпкерлер үшін тиімді ұсыныстарды да жүзеге асырып отырған бірден бір ел. Олардың бізге жасаған алғашқы жеңілдігі ұн, күнбағыс майы, ет өнімдері, керамика, тағы басқа акцизқойылатын тауарлардың акциздік салығын төмендеткені болды. Жоғарыда айтқанымыздай, былтыр Астанада, көп ұзамай Ташкентте бизнес-форумдар ұйымдастырылып, екі ел арасындағы сауда байланысын, өзге де салалар бойынша қарым-қатынастарды күшейту жөнінде өзара меморандумдарға қол қойылған. Соның ішінде Түркістан облысының кәсіпкерлері жалпы сомасы 359 млн. АҚШ долларына ұн, металл, цемент өнімдерін экспорттау жөнінде өзара келісімге келген.

Түркістан облысынан мұнай және мұнай өнімдері (46,5 млн. доллар, өсім – 3,4 есе), темірден жасалған жартылай фабрикат және металл бұйымдары (30,7 млн. доллар, өсім – 12,8 пайыз), цемент (11,1 млн. доллар, өсім – 2,8 есе), ағаш материалдары (2,3 млн. доллар) және трансформаторлар (2 млн. доллар, төмендеу--21,7 пайыз) тұрақты түрде Өзбекстанға экспортталады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінен ұн (81,9 млн. доллар), бидай (27,2 млн. доллар) жөнелтіледі. Соңғы кезде картоп (17,2 млн. доллар), өсімдік майлары (9,5 млн. доллар) және күнбағыс (3,5 млн. доллар) экспорты арта түскен.

Екі ел арасындағы рухани байланыс та жаңдана түскен. Қазақ-өзбек қаламгерлері ұдайы бір-бірлерінің мерейтойлары мен шығармашылық кештерінің тұрақты көрермені, қонағы болуды әдетке айналдырған. Әдеби-мәдени байланыстар достығымызды мығымдай түскен. Түркістаннан барған әнші, биші, сазгерлер тобы ұдайы Ташкент төрінде концерттік бағдарлама ұйымдастырып жүр.

Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың басым көпшілігін түркістандықтар ұйымдастыруда. Көршімен арадағы татулық осындай жетістіктерге негіз болып отыр. Ұзағынан сүйіндірсін!

Ж.ЕРЖАНОВА,

Түркістан облысы.

1110 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз