Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 04 Қазан, 2018

Шымкенттік кәсіпкерлерге АХҚО арқылы бизнесті дамыту жолдары түсіндірілді

Кеше Шымкентте «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) өкілдері бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлерге кәсібін дөңгелетудің қыр-сырын түсіндірді. Атап айтсақ, кәсіп иелеріне АХҚО-на тіркеліп, оның қатысушысы атану арқылы бизнеске қандай мол мүмкіндіктер ашылатыны жайлы сөз қозғалды.

Кездесу барысында, АХҚО әкімшілігінің сарапшысы Шейх Билал Хан, заң департаментінің директоры Нұржан Қосбаев, АХҚО Қаржы технологиялары хабының жетекшісі Алма Абдаким, АХҚО исламдық қаржы департаменті менеджері Қазыбек Жұман және т.б. АХҚО жұмысымен таныстырып, оған қалай тіркелу қажеттігін түсіндірді.

Айта кетерлігі, жиынға келген қатысушылар түрлі сауалдар қойып, аталған тақырыпта тұщымды жауаптар алды. Мәселен, жергілікті кәсіпкерлердің бірі «АХҚО тек шетелдікдіктердің мүддесін қорғай ма?» деген сауал қойды. АХҚО заң департаментінің директоры Нұржан Қосбаевтың айтуынша, АХҚО-да инвестиция тартуға арналған жағдайлардың бәрі тек шетел азаматтарына қатысты емес көрінеді. Еліміздің кез келгені кәсіпкері, АХҚО-да өз бизнесін тіркеп, жаңа нарыққа шыға алады екен. «Негізі АХҚО негізгі мақсаты – Қазақстанға инвесторларды тарту болып табылады. Яғни, бұл жерде инвесторлар тек шетел азаматы болу керек деген сөз жоқ. Ол кез келген Қазақстан азаматы немесе отандық компания болуы мүмкін. Бұған қоса, инвесторлар тек заңды тұлғалар ғана емес, жеке тұлғалар да болуы мүмкін. Сондықтан бұл тек Астана үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін таптырмаймын мүмкіндік. Мысалы кез келген кәсіпкер түрлі қаржы құралдарына инвестиция құя алады. Сондықтан, АХҚО тек шетелдіктер үшін құрылды деген жаңсақ пікір. Ал, құқықтық база – ол әлемдік стандарттар және солардың ішіндегі ең үздігі екенін атап өткім келеді. Бұл ретте ең алдымен инвестордың мүдделері қорғалатын болады»,-деді маман.

Сонымен бірге, жиын барысында соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген криптовалюта тақырыбы қозғалды. АХҚО өкілі Шейх Билал Ханның айтуынша, электрондық ақша дәстүрлі ақшаны жойып жібермейді екен. Бұл ретте ол криптавлюта нарығына кіру үшін, түрлі халықаралық блокчейн саммиттеріне жиі қатысу қажеттігін мәлімдеді. «Ондай саммиттерге қатыссақ, Оңтүстік Корея, Сингапур, Швейцария, Мальта, Еуропа елдерінен білікті мамандар келеді. Біз оларда Қазақстанға тартып, тіпті өз биржамызды аша алатын едік»,-деді сарапшы.

Еске сала кетейік, АХҚО Халықаралық инвесторлар апталығы аясында еліміздің бірқатар қалаларында студенттермен әрі бизнес өкілдерімен кездесу өткізген-ді. Аталмыш шараның басты мақсаты – халықтың қаржылық әрі инвестициялық сауаттылығын арттыру болып табылады.

1215 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз