Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Қазан, 2018

БАҚЫТЖАН МОМЫШҰЛЫНА ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Алматыда Ш.Қалдаяқов-Гоголь  көшелерінің қиылысында  жазушы, аудармашы Бақытжан Момышұлының тұрған үйіне ескерткіш-тақта қойылды. Тақтаның ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімдігі, Жамбыл облысы әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, Бауыржан Момышұлы әулеті, туған-туыстары, зиялы қауым, әскери мектеп курсанттары және қала жұртшылығы  қатысты.

Салтанатты рәсімді ашып жүргізген «Ана тілі» газетінің Бас редакторы  Жанарбек Әшімжан бұл шараның Қазақстан Жазушылар одағының және Ауған соғысы ардагерлерінің ұсынысымен  жүзеге асып жатқанын айтып өтті.

Ескерткіш-тақтаны ресми ашу құрметі Алматы қаласы Әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева,  әскери ғылымдар докторы Ким Серікбаевқа тапсырылды. Алдымен сөз алған Мамай Қаниұлы: «Біздің арғы-бергі тарихымызда елдігімізді, ұлттық рухымызды асқақтатқан үлкен әулеттер бар. Бақытжан Момышұлы ағамыз  Баукеңдей ерекше  құбылыстың есімін одан әрі асқақтатқан, майдан даласындағы ерлікті рухани салада жалғастырған тұлға болғаны белгілі.  Бүгін Алматы қаласы Әкімінің  арнайы шешімімен Бақытжан ағамыздың тұрған үйіне қойылған бұл ескерткіш-тақта Батыр әулетіне ғана емес, өзіміздің өзімізге көрсеткен құрметіміз деп білеміз» дей  келе, қала әкімі Б.Байбектің атынан Батыр отбасын құттықтады.

Белгілі қоғам қайраткері, ақын-драматург  Нұрлан Оразалин жазушының қаламгерлік қырына тоқталып, Бақытжан Момышұлының маңдайына Батырға перзент қана болып қоймай, оның лайықты ізбасары болу жазылғанын және бұл міндетті қолына ұстаған қаламын суытпай абыроймен атқарғанын жеткізді. «Қазақтың көркем прозасында Бақытжан Ммомышұлы шын мағынасында өз орнын тапты» деді Н.Оразалин өз сөзінде.

Бауыржан Момышұлы әулетімен аралас-құралас болған көрнекті   ғалым, филология ғылымының докторы Мекемтас Мырзахметов Бақытжанмен бала кезінен бірге өскенін айтып, жазушы шығармаларының қалай туғанына куә болғанын тілге тиек етті. Әсіресе, оның қазақ жазушыларын орыс тіліне аударудағы шеберлігін айта келе: «Бақытжан Момышұлының аудармалары түпнұсқадан да жақсы болып шығатын. Ол тіл бояуы мен иірімдерін, сөз өрнектерін терең меңгерген ойлы жазушы еді»  деді.

Жиынға қатысушылар тектінің тұяғы, асылдың сынығы, «Кітап – мәңгілік ескерткіш» деген ұстаныммен қаламын қолынан түсірмей,  тынымсыз еңбек еткен, соңында жиырмадан астам кітап қалдырған Бақытжан Момышұлының адами-азаматтық қасиеттері мен жазушылық қыры, өнегелі өмірі туралы тебіреністі естеліктерімен бөлісіп, тұлға рухына тағзым етті.

Дина Имамбаева    

1624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз