Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 22 Қазан, 2018

Баспасөзге жазылушылар күні өтті

Алматы қаласындағы «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде «Алматы почтамты» филиалының ұйымдастыруымен «Жазылушы күні – 2019» атты шара өтті.

Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған бұл мерекенің мақсаты – газет-журнал басылымдарына жазылуды қолдау, жаңа жазылушыларды тарту. Бұл шара отандық және шетелдік баспа өнімдерін пошта арқылы үйіне алдыртып оқитын оқырмандарды тартуда да тиімділігін көрсетіп келе жатыр.

Бұл жолғы Жазылушылар күні «Қазпошта» АҚ-ның 25 жылдығына арналды. Таңертеңнен Қабдолов көшесіндегі «Гранд парк» сауда кешенін бетке алған жазылушылардың қарасы көп болды. Келушілерге мерзімді басылымдардың көрмелік стендтері мен жаймалары ұсынылды. Дәл осы күні оқырмандар газет-журналдарға 15 пайыздан 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен жазылуға мүмкіндік алды. Келушілер жаңа басылымдармен танысып, газет-журнал қызметкерлерімен, белгілі қаламгерлермен жүздесіп, ризашылықтары мен ой-пікірлерін жеткізді. Сонымен бірге дәл осы жерде рәсімдеген басылымға жазылу қағаздары бойынша ұтыс ойындары өткізіліп, жеңімпаздар түрлі заттай сыйлықтарға ие болды.

  Бұл мереке ақпарат пен электроника дәуірінде де қағазға басылған газет-журналдарға деген оқырман сұранысы ешбір төмендемейтінін тағы бір көрсетті. «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты алты басылым – «Ана тілі», «Теңге монитор», «Ұйғыр авази» газеттері және «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары алдағы жылы да өз оқырмандарының сенімінен шығуға күш салмақ.

Оқырмандарымыз көбейе берсін!

Дина Имамбаева

1219 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз