Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 02 Қараша, 2018

Қали СӘРСЕНБАЙ: Ұлттық журналистика өз болмысын сақтауы керек

Қашан да жасы, жолы үлкеннің, көрген-түйгені көптің әңгімесін тыңдауға құштармыз. «Алматы ақшамы» газетінің директор-бас редакторы, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Қали СӘРСЕНБАЙ ағадан сұхбат алу туралы тапсырма берілгенде толқығаным рас. «Шерағаңның шекпенінен шыққан» шәкіртінің шәкірттері оны «Қалидың қайрағы» деп атайтынынан да хабардармыз. Журналистикаға қатысты көкейімде сұрақ көп болғанымен, оның бәрін қоюға батылдық керек. Келісілген уақытта кабинетінің алдында тұрдым. Қобалжығанымды байқаған болуы керек, аға әңгімемізді «Хамаңның айтқаны ма екен, «Шындықты айтарда шылым шегіп алайық» дейтіні бар еді, біз де сұхбаттан бұрын су ішіп алайық» деп, әңгімесін әзілмен бастады. Қобалжу сейілгендей болды, алғашқы сауалымды қойдым… – Бүгінгі журналистиканың келбеті қандай? Өзіңіз айтпақшы, баспасөз неге бөспесөзге айналды? – Деңгей деген нәрсе бар. Адам бір істі атқарса, қалай атқарғаны арқылы өз деңгейін, өресін, оқыған-тоқығанын байқатады. Осы тұрғыдан безбендегенде қазіргі журналистиканың деңгейі де көбіне ала-құла, біртүрлі сұрқай… Сауатсыздық, жауапсыздық басым. Интернет деген шықты. Жақсы болды. Ешкімнің жаны қиналмайды. Керек нәрсенің бәрін содан қарап, тауып алады. Ерінбей бір-екі сөз қосып, төпей береді. Басы ауырмайды. Сол себепті қазір қоғамда журналистика күнкөріс құралына, оңай кәсіпке айналып кетті деген пікір басым. Кім біледі, данышпандар көп қой, мүмкін басқалары өзгеше ойлайтын шығар. Маған солай көрінеді. Журналистика қолбала сияқты… Иісі мұрнына бармайтын, өмірі қолына қалам ұстап, он жол хабар жазбаған адам да журналистика жөнінде пікір айтатын болды. Ал Шерхан, Камал, Қалтай, Оралхандардың тұсындағы журналистика қандай еді? Сұрапыл еді ғой. Олар бұл саланы өнер деңгейіне көтеріп кетті. Тек әдебиетке, басқа салаларға ғана емес, журналистикаға да шығармашылық тән. Адамның тұла-бойында жүріп жататын ой, сезім, мұң деген стихиялардың бәрі сол шығармашылықта көрінеді. Оның барлығы сөз арқылы шығады. Кешегі Шерхан, Камалдардың журналистік жазбалары сюжетсіз демесең әңгіме оқыған секілді әсерде болатынбыз. Себебі сөздің күші, сөздің қуаты деген болады. Ол тек көркем әдебиетке ғана тән емес. Ал енді қазір журналистика өнер емес деп жатса, біздің не кінәміз бар?! Ол тұста «қасқыр көп, арлан бірнешеу» ғана болатын. Оның ішінде де талантты адамдар ғана журналистиканы өнер деңгейіне көтерді. Қазір әріден, Алаштың ардақтылары, Алаш­тың ұлыларынан қалған журналистика, атақты Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», Мір­жақып­тың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» дегенінен бастап айтпай-ақ, бертіндегі Шерхан, Камал­дардан қайтқанның өзінде, журналистика өте сұрапыл сала болды. Кейбір жалтақ жазушылардың сөзін журналистер айтты. Өзінің мектебі, дәстүрі бар еді. Қазір соның бәрі сұйылды. Сес жоқ. Кім-көрінгеннің журналист болатыны – содан. Деңгейі төмен адамдардың журналистиканы күнкөріс көзі, кәсіп деп айтатындары да содан. Бүгінгі көзқарас сондай. Бұл – кешегі қайталанбас көсемсөзге топырақ шашу деген сөз. – Қазір әлемдік медиа-сарапшылар: «скриншот-журналистика, видео-жур­налистиканың дәуірі келді, енді ешкім ұзын-сонар мәтінді оқымайды» деген пікірде. Осы жаңашылдық газет-журналға қалай әсер етеді? Газет заман ағымына қалай бейімделуі керек? – «Оқымайды» деген сөзді оқымайтын адам айтады. Кеше де солай болған, бүгін­ де солай. Бұл өзгермейтін, жаны сірі пікір. Қазір технологиялар заманы. Ешкім де бұл үдерісті тоқтата алмайды. Бұның бәрі жақсы. Жаңалық көп. Бірақ соның бәрін талғаусыз жұта берсек не болады? Таңдау, талап, талғам қайда қалады? Менің айтқанымды оқып, біреулер «ескіні аңсау» деп ойлауы мүмкін, олай емес. Журналистиканың аса үлкен шап­шаңдықпен дамуы – заңдылық. Қазір айтылған ақпараттың сол сәтте-ақ дүние­жүзіне тарап кетуі – жаңалық және өте үлкен қажеттілік, табыс. Ол керек. Онсыз болмайды. Мен бұл саладағы жаңалық­тар­дың барлығын құшақ жая қарсы аламын. Оған сіз ешқашан қарсы бола алмайсыз да. Өйткені ол – уақыттың, заманның қойып отырған талабы. Сөйте тұра, ұлттық журналистика өзінің болмысын сақтап қалуы керек. Мысалы, «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Жас Алаш» сияқты ұлттың дәстүрлі басылымдары ділі, тіні, сұранысы бөтен пиғылды жаһандық журналистикаға жұтылып кетпеуі тиіс. Осы ұлы дүрмектің ішінен өз соқпағын тауып, қоғамның назарын ұлтқа бұру керек. Маған сол кешегі айдарынан жел ескен, айбарлы журналистика керек. Баспасөздегі дәстүр сабақтастығы, мінез сақталуы керек. Қазіргі журналистика осындай айбынынан, айбарынан алыстап бара жатыр. Рас, бүгінде «Журналистика керемет дамып кетті ғой, жаңалық көп. Бұрын осындай болып па еді?»» дегенді айтатындар көп. Егер бәрі жетіліп, дамып кетсе, сіз неге дамымайсыз? Талантыңыз асып-тасып кеткен екен, онда неге дұрыс газет шығармайсыз? Ұлттың, елдің сөзін сөйлейтін, мұңын мұңдайтын басылым неге жасамайсыз?.. Әлеуметтік желідегіні көшіріп басып отыра беру де жаңалық па? Жаңалықтың, технологияның пайдасы осы ма? Көшірме, көпірме ме?.. Қазір «бұрын осындай болып па еді?» деп сөйлейтін әдет пайда болды. Бұрын болған. Тағы да айтамын, Шерхан, Камалдардың заманында. Сол мінез қайда кетті? Солар көтерген мәселе әлі де өзекті. Журналистика неге қолжаулыққа айналды? Қазіргілердің бойында сол журналистиканың рухы болуы керек. Ал оны заман талабына сай, технологиялардың мүмкіндігіне орай пайдалану – басқа әңгіме. Қазір жастар «заман басқа ғой» деген сөзді көп айтады. Мен бір-ақ нәрсені білемін: қазақ деген ұлт бар, сол ұлтқа тән тәрбие, сол ұлттың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын рух болуы керек, сезім, мұң болуы керек. Оның заманға қандай қатысы бар? Сонда заман осындай екен деп, ұлттың сөзін сөйлемеуіңіз керек пе? Онда сіз өзіңізді-өзіңіз жоғалтасыз ғой. Журналистика деген – ұлттың өзін-өзі жоғалтпауы жолында күресетін мамандық. Заман дұрыс. Мүмкіндіктер кезеңі туды. Әркім өз ісімен айналысуы керек. – Журналистика деңгейінің түсіп бара жатқанына журналистика факультеттерінің беріп отырған білімі әсер етіп отырған жоқ па? Мысалы, бұл мамандықты «4 жыл оқытудың қажеті жоқ, үш айлық курсты оқып алса да жетеді» деп айтатындар шықты. Өзіңіздің де алдыңызға қаншама жас журналистер келеді, соларға беріліп жатқан білімге көңіліңіз тола ма? – Бұрын журналистика факультетіндегі мұғалімдердің ең осалының өзі студентке бағыт-бағдар беруге жарайтын, кімді оқу керектігін, не оқу керектігін айта алатын. Ал қазіргі мұғалімдердің деңгейі қандай екенін білмеймін. Бізге тәжірибеден өтуге келген студенттердің деңгейіне қараймын да, байқаймын. Біздің «Алматы ақшамында» «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», т.б. айдарлар бар. Оларды не үшін аштық? Тұлға – бағыт-бағдар беруші, биік адам. Қазір қоғамда сондай тұлға бар ма, жоқ па? Тұлға бар, бірақ ол елге қызмет ететін тұлға ма, жоқ әлде қолдан жасалған тұлға ма? Осы мәселелерді көтеріп, тұлғаға айналған адамдардың тағдырын, өмірін жазу арқылы жастарды тәрбиелейміз. Қаншама тұлғалардың өмірі қағазға түсіп, тағдырлары туралы жазылып жатыр. Осы айдар аясында кейбір тұлғалар туралы жазғанда қиналмайсың. Ал кейбір тұлға атанып жүрген адамдар туралы жазайын десең, жұртқа аты мәлім болғанымен, өмірінен іліп алар ештеңе таба алмай ит боласың. Не бір түзу сөзі жоқ. Сондықтан журналистика факультеттерінде студент­тің келешектегі тұлғалық қасиетін қалып­тастыруды жолға қою керек. Журналист биік тұлға болуы керек. Біздің кезімізде журфак университеттің ішіндегі университет болатын. Үздіксіз кездесулер өтіп жататын. Ақын-жазушылар жатақханада жүретін. Мүйізі қарағайдай мықты-мықты редакторлар келіп, дәріс оқитын. Сөйтіп, балаларға жан-жақты тәрбие, білім беру мәселесі ерекше дамыған еді. Ал қазір сол бар ма, жоқ па, білмеймін… Біз 3-4 курстарда оқып жүргенде журналистік шеберлік деген курс болатын. Сол курс сіздің журналист болатыныңызды, болмайтыныңызды айқындайтын. Ол кезде газеттегі бөлім бастықтарының есігін ашып кіре алмайтынбыз. Бұл не деген сөз? Сол кездегі журналистика деңгейі қандай болғанының белгісі. Қазір осы саланың өзінде адам танымайтын ұрпақ өсіп келеді. «Оралхан Бөкейден сұхбат алып келейін, соткасын бересіз бе?» деп зәремізді алғандар болған. Журналистика факультеті кезінде екі-үш-ақ жерде болған: КазГУ-де және Қарағанды университетінде, сосын жоғары партия мектебінде. Қазір көшедегі дүңгіршек тәрізді көрінген жерде журфак бар. Елдің бәрі журналист болғысы келеді. Журналистика теледидарға шығып, танымал болу үшін ғана керек сияқты болып көрінеді. Шындығында, шешен сөйлеу де – адамға Құдайдан берілетін өнер. Зерттей білсе, әр адамның бойында сондай бір өнер бар, бір салаға бейімділік бар. Бізде адамның сол қабілетін ашу деген жоқ. Бірден ұлы болғысы келеді. Мынадай бір мысал келтірейін. Қытайда бір облыс губернаторының қызы оқуға түсе алмай, құлап қалыпты. Бізде облыс әкімінің қызы тұрмақ, аудан әкімінің қызы оқудан құласа, масқара деп қабылданады ғой. Ал ана кісі үндемепті. Сөйтсе, Қытайда кез-келген университетте оқудан құлап қалған балалардың көңілі түсіп, жасып қалмауы үшін солардың басын жинап, олардың неге қабілетті екенін анықтайтын мамандар бар екен. Бізде ондай жағдайда өзіне қол салатындар бар ғой, олар соның алдын алу үшін жасайды. Сөйтіп мамандар губернатордың қызының кондитер саласында кәмпит орауға қабілетті екенін анықтаған. Әкесі мұны естігенде қатты қуаныпты. Сол сияқты адам өз қабілетіне қарай мамандық таңдауы керек. «Қайтсем жұлдыз боламын, танымал боламын» деп емес. Мысалы, мектепте жүргенде өлең жазуыңыз, мақала жазуыңыз мүмкін. Сөйтіп, қабілетіңіз біртіндеп шыңдалып, оқуға келесіз. Ал қазір ондай жоқ. Бірден, оқу-тоқусыз журналист болғысы келеді. Өйткені бұл мамандықтың қадірі кетіп қалған. Қазір бізде өзінің мамандығымен істеп жүрген журналистер өте сирек. Атақты көкезу мылжың М.Горбачевті орнына қойған Урмас Отто тәрізді жолбарыс журналистеріміз қайда кетті? Өйткені телевидениені артистер, КВН-щиктер, т.б. басып қалды. Содан кейін де қоғамда анекдот көп айтылады. Басқаша айтқанда, қоғам анекдотпен күн көріп отыр. Ірілі-ұсақты басшылардың басы қосылса да анекдот айтады. Өйткені қоғамның деңгейі осындай… Жаңбырдан кейінгі көктей қаптаған блогерлер шықты. Сөзінің нәрі, мәні жоқ. Мыңдаған жазылушы жинайды да, жұлдыз болып шыға келеді. Қоғам солармен жұмыс істейді. Содан кейін жан азабымен ауырып, жүрегі солқылдап отырып жазатын журналистерді не қылсын? Қоғамда осындай әділетсіздіктер бар. – Журналистерді даярлау туралы айтып жатырмыз ғой. Елімізде көптеген оқу орындарында «Журналисте тіл де, дін де, жыныс та, ұлт та болмайды» деп оқытады. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? – Мен мұны түсінбедім. «Журналисте ұлт та, дін де болмайды» деген қандай әңгіме? – Мысалы, «Журналист бәріне бейтарап түрде қарауы керек. Қазақ пен орыстың мәселесіне келгенде «онда ұлт жоқ, қазақты қоштап шықпауы керек, бәріне адал қарауы керек» деген сияқты… – Қазақстандық болу америкалық болу емес қой. Мысалы, олимпиадаға Қазақстаннан барған спортшы орыс болса да, ойрат болса да бәріне бірдей жанкүйер боламын, бірдей жүрегім ауыра­ды. Сондайда өзімнің қазақстандық екенімді бәлкім, сездіруім керек шығар. Себебі ортақ намыс деген болады. Ал енді ұлттың мәселесі айтылып жатқанда «мен журналиспін, менде ұлт жоқ» деп тұру дегенді білмеймін… Қандай ақылға сияды? «Журналистикада ұлт болмайды, дін болмайды» деп қай кезде қараймыз? Жалпыадамзаттық мәселелерге келгенде. Ал басқа кезде журналист өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуі керек. Меніңше, бұл журналистикаға тән емес. Ұлттық мәселелерді, қазақтың мәселелерін өзіңнің жеріңде жанын шығарып тұрып айтпасаң, қайда айтасың? Ол ағылшынға керек емес, орысқа керек емес… Қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырған өзінің дәстүрлі басылымдары ғана. Өзге тілде шығып жатқан газеттердің мемлекеттік тіл туралы мәселе көтеріп жатқанын көрдіңіз бе? Ешқашан… Олай болған да емес, болмайды да. Өзге тілдегі басылымдар қашан қазақтың жері, жалпы мәселесі туралы жазды? Күні кеше жер туралы тартыс болды, сол басылымдардың біреуі қазақтың пайдасына бірдеңе деді ме? Ешқайсы жұмған аузын ашқан жоқ. Телевидениені айтпай-ақ қояйық. Үнсіздік. Қоғамда ештеңе болмаған сияқты. Жазған кім? Өз қотырын өзі қасып отырған қазақтар. Мысалы, кезінде Алматының мың жылдығына байланысты көптеген керенаулықтар орын алды. 2005 жылы осы газетке редактор болып келгенде газеттің маңдайшасындағы сөзді ауыстыру керек болды. Ол кезде орыстілді газеттер мен басқа да басылымдар «Алматыға 150 жыл» деп жаза бастады. Қала күні болғанда әр жерге жаңағы «150 жыл» дегенді қылтитып қояды. Содан ойлана келе газеттің маңдайшасына «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп жаздырдым. Ол кезде мың жылдық туралы әңгіме жоқ. Жібек жолының бойында атақты жеті кент бар, соның бірі осы – Алмалық, Алмату, Алматы. Оның мыңдаған жылдан астам тарихы бар. Ол белгілі нәрсе. Газетке неге бұлай дегенімізді түсіндіріп жаздық. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды… Ал енді қараңыз, осы мыңжылдықты өткізуге қазақтардың ішінде де қарсы болғандар бар. Кезінде Мәмбет Қойгелдиевтің 70 жылдығына орай «Храпуновтың қалпағын қайырып жіберген ғалым» деген мақала жаздым. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Мәмбет Қойгелдиевті әкімдікке шақырыпты. Сөйтсе, олар Алматының 150 жылдығын өткізбек болып, соны растайтын құжатқа тарихшыларға, археологтарға қол қойғызып жатыр екен. Гәп мынада: «Тарихшылардың бәрі қолдады» деп Президентке жіберіп, ол кісі қолдаса, дүркіретіп тойлатпақ екен. Сонда олар Алматының тарихын Верныйдан бастап есептеген ғой. Соған қол қойғандардың ішінде қазір керемет болып жүрген тарихшылар да бар. Мәкеңді күтіп отыр екен. Мәмбет Қойгелдиев ол кезде Тарих институтының директоры, былайша айтқанда, еліміздің бас тарихшысы. Мәкең құжатты қарап шығып, «Мен мынаған қол қоймаймын. Оны әуелі анықтау керек, зерттеу керек» деп, кетіп қалыпты. Содан бірден Президентке жағдайды түсіндіріп, телеграмма жолдапты. Мемлекет басшысы Иманғали Тасмағамбетовке тапсырма беріп, Иманғали ол кезде Мемлекеттік хатшы, бәрін тексертіп, тоқтатқан. Сөйтіп, кезінде Алматының 150 жылдығын тойлай жаздағанбыз. Сонда көрдіңіз бе, қазақтың мәселесі қазаққа ғана керек. Басқалар неге осы мәселеге «Мынау – қазақтың тарихы ғой. Осы елдің отын оттап, суын ішіп, ауасын жұтып отырмыз. Осы елде өсіп-өндік. Кеше тентіреп келгенімізде бір жапы­рақ нанымен бөлісіп, жылы-жұмсағын берді. Демек, бұл – ортақ абырой» деп қараған жоқ? Қазақтың мәселесі қазаққа ғана керек… Ал орыс пен қазақ шекісіп қалып, орыстыкі дұрыс болып тұрса, шынында оған қиянат жасалып тұрса, мен оны қолдаймын. Бірақ жаңағындай шовинистік-империялық бағыттағы ұсыныс-пікірлерді неге қолдауым керек? Мен оған қарсы шығамын. Адамда өз ұстанымы болуы керек. Кешегі журна­лис­терді айта беретін себебіміз де – сол. Оларда азаматтық ұстаным мықты болатын. Кешегі бір Шерханның өзі неге тұрады? Жердің мәселесі, тілдің мәселесі болсын, арыстандай ақырып айтты да отырды. Мәселе сонда. Журналистердің көбі тұлға болды, елдің сөзін биік мінберден айтты. – Азаматтық ұстаным демекші, «Журналист мақаласына өз пікірін қоспауы керек» деген де ереже бар. «Барлығын сарап­шылар­дың аузынан, жазып отырған саласы­ның мамандарының аузынан айтқыза білуі керек» деп айтады. Бұл қаламсап ұстаған маманның төрелік айтуға құқы жоқ деген сөз бе? – Олай болмайды. Оны кім айтып жүр. Сондай заң бар ма? – Оны бірқатар медиа мамандары айтады. Журналистерге арналған семинар-тренингтерде де солай деп айтылып жүр. «Журналист өзінің пікірін мақаласына тықпаламауы керек» дейді… – Неге? Ой, идея, пікір-ұсыныс дегенді жалпы шындықты журналист айтпаса, жазбаса, кім жазады? Әңгімемізге тұздық ретінде мынадай бір лепес айтайын. Кесапат Колбин кезінде Құрманғазы оркестрінің, әкемтеатрдың репертуарын құпия түрде тексерткенін біреу білсе, біреу білмейді. Ал енді осы тәрізді шындықты журналист айтпаса қалай болады? Бұл ұлтқа жасаған қылмыспен бірдей ғой. Ғабең (Ғ.Мүсірепов) айтпақшы, шындық неге біреудің паспортымен жүре бермекші. Ол ұлт жұмысына жегілген журналист болса, ол неге өз пікірін, шын­дығын жасырып қалуы керек. Демек, бұл жаңсақ айтылған сөз болуы керек. Бұл сөзді де айтқызып отырған сол деңгей. Құндылықтар шегініп бара жатыр. Мысалы, қазақ қалжыңсыз жүре алмайтын халық болған. Сол қалжыңымен, сөзбен, өнермен өскен халықпыз. Өткенде Сәбит Оразбаев: «Қали-ау, қазір өзі біреумен қалжыңдасу да қауіпті. Оны да адамына қарап айтатын болдық» дейді. Расында солай. Бұрын «әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп, қалжыңдаса беретін едік. Қазір байқап қалжыңдасасың. Біреуге «қарағым», «шырағым» деп сөйле­сең, біртүрлі қарайды. Оның орнына жаңағындай жағдай орын алып жатыр. Мінбеге орташа таланттар шығып кетті. Олар жұртқа танымал болғанымен, таланты орташа. Себебі барлық пысықтығын жұртқа танымал болуға жұмсаған. Сол танымалдылығынан айырылып қалмауы үшін жанұшырып қайта-қайта кеш өткізіп, кездесулер ұйымдастырады. Ал талантты адамдар ондайға бас қатырмайды. Өйткені халық ешқашан шын талантты ұмытпайды. Қазір қоғамда осы талант деген мәселеге екі түрлі көзқарас бар. Еңбекқор адам мен талантты адамның аражігін ажыратудан қалдық. Оған «дежурный» шалдарды қосыңыз. Осындай тұста «журналиске пікірін айтпауы керек» деген не сөз? Онда сөз өлді десейші. Әркім де өзінің ойын, пікірін айтуға құқылы. Егер оның қоғамға пайдасы болса, әрине… Ал түнде көлеңке іздеп, біреуден өш алуға бағытталған пікірдің түкке керегі жоқ. Пікір демекші, қазір мынадай мәселе бар. Менің түсінігімде, түсірілген фильм, жазылған кітап халыққа түсінікті болуы керек. Философиялық, ғылыми еңбектердің жөні бөлек. Ал жалпы өнер ұлтқа ұғынықты болуы тиіс. Кешегі заманда «өнердің түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік болуы керек» деді ғой. Ал қазір өнердің түрі де, мазмұны да – ұлттық болуы тиіс. Мысалы, Францияға француздың өзіне белгілі мәселені көтеретін туындыны апарудың қажеті жоқ. Оларға ол таңсық емес. Оларға сенің ұлтыңның қасиеті, мінезі керек. Қандай ұлт екенін анықтап, айқындайтын өнер керек. Ал қазір білімін біреулердің айтқанынан, көргенінен жиып жүрген дүбәралар жұртты адастырып, бірдеңе түсіреді. Оған пікір айта бастасаң, «Бұл – менің түсінігімше, қабылдауымша жасалған. Оны сендер түсінбейсіңдер» деп елді кінәлайды. Қыруар ақша кететін ондай дүние кімге керек? Ол ең бірінші халыққа ұнауы керек. Болды. Бір-ақ нәрсе. Суреткерлік тәсіл, форма табуынан жаңалық болса ол басқа әңгіме. Оны түсіндіру, зерттеу мамандардың шаруасы. Асағаң (А.Әшімұлы) бірде «қазір кино емес, оған кеткен ақша туралы айтатын болдық» деп еді, сол рас сөз ғой. – Иә, киноларды фестивальге арналған, ел ішіндегі көрерменге арналған деп бөлетін болдық қой… – Мен соны айтып отырмын. Менің түсінігімде, «анаған арналған, мынаған арналған» деген болмайды. Өнер – ортақ. Әрине, шайнап бергендей түсінікті болуы міндетті емес, бірақ ол сізге әсерлі, ықпалды болуы керек, күрсіндіруі керек, ойландыруы керек, керек болса, жылатуы керек. Міне, соны өнер деп түсінуге болады. Қазір рухани дүние жүдеп тұр. Қоғамды рухани эпидемия шарпып тұр. Өткенде отыз жасқа толмаған бір әнші: «Өткен өмірім туралы кино түсірейін деп жатырмын» дейді. Әлі отызға толмаған, жиырма бестен енді асқан, өмірі енді басталған адамда қандай өмір болуы мүмкін… Радио тыңдап келе жатсам, сондай бір әншіден жүргізуші шығармашылық кешін қашан өткізетінін сұраса, анау: «халқым соны сұрап жатыр» дейді. Айналайын-ау, ол сонда халқым деп айтатын деңгейге жетті ме? Міне, біздің деңгей! – Әнші демекші, қазір теле-радиоарналарда шоу-бизнес өкілдеріне қатысты бағдарламаларды айналдыра береді. «Неге осындай бағдарламалар көбейіп кетті?» дегенге, ТВ-радио саласындағы журналистер «көрерменнің сұранысы – осы» деп жауап береді. Шындығында, көрерменнің талғамын журналистер қалыптастырмай ма? – Сол деңгей туралы әңгімеге қайтып келеміз ғой. Телевидение – мыңдардың, миллиондардың аудиториясы. Сондықтан оған бұрын кім-көрінген шықпайтын. Ондағы киім киісің, жүріс-тұрысың, сөз мәнерің, кескін-келбетің, сүйкімің – бәрі ескерілетін. Өйткені сен халықтың алдына шығасың. Қазір кімнің қалай шығып жүргенін көріп жүрсіз. Оның бәрі ілім-білімнің таяздығынан. Кейде надандықтың исі аңқып кетеді. Адамдардың жан дүниесі қазақы болмыстан алыстап бара жатыр. Баяғыда Әуезов мұражайының ішінде қоғамдық негіздегі Халық университеті болды. Рахманқұл Бердібаев басқаратын. Сонда Әлкей Марғұлан, Төлеген Момбеков сияқты басқа жерде кездесуге мүмкіндік бола бермейтін тұлғалар кездесу өткізіп, дәріс оқитын. Біз солардан қалмайтынбыз. Сол кейін телеарналардан көрсетілетін. Қазір ондай жоқ. «Халықтың сұранысы – осы» деп айта береді. Бұл пікірді қоғамда зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде айтып отыр деп ойламаймын. Біреуге қызық болып көрінеді де, сондай хабар жасай береді. Ол халықтың талғамына сай келе ме? Жұртқа әсер-ықпалы қандай болады? Ол жағын жылы жауып қоя салады. Марқұм Олег Табаков «Мен рейтинг деген пәледен қорқамын» деп еді бір сұхбатында. Сол рас сөз. Түсінемін, өнер кейде эксперименттен тұрады. Оны халыққа ұсынады да, халық қалай қабылдайтынын, пікірін ескереді. Сондай бағытта болса, жарайды. Меніңше, ұрыс-керіске құрылған, жы­лауық қоғамның ғана болмысын беретін хабар­лар емес, танымдық дүниелерге арнал­ған бағдарлама жасауға тырысу керек. Жалпы, қоғам рухани дамуға толайым бет бұруы керек. Қазір бір Мәскеудің өзінде 380 театр бар. Оған қойылымдарын үйге барып қоятын 10 театрды қосыңыз. Рухани жаңғыру дегеніміз – осы. Демек, бізге тойхана емес, кітапхана, театрлар ашу керек. Өнер атаң мен әжеңдей еміреніп, әкең мен шешеңдей шырылдап тұруы керек. Атаның күшімен, ана сүтімен ауызданған, рухтанған, рухани-мәдени тегіңнен тамыр тартқан текті, сұлу өнер керек бізге. Жарылғапбердіше айтқанда, «әнді ерттеп, күйді мінген» жігіттер атқа қонбай, бұл істен барақат таппаймыз. Қысқасы, руханият рухтанса, өнер өркендесе, жүрекке иман қонады, келіп-кетіп жүретін ұят оя­нады. Парламентіңнің де, Үкіметіңнің де жұмысы жеңілдер еді деп ойлаймын. Қыл­мыс та азаяр еді. Қабылдайтын заң да азаяр еді. – Сұхбат бергеніңізге рақмет! Әңгімелескен  Әсел САРҚЫТ

2930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз