Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 10 Қараша, 2018

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа жоба басталды

Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеу және жұмыспен қамту қоғамдық бағдарламасына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. «Мен Алматылықпын» және «Шырақ» Мүгедек әйелдер Ассоцициясы» қоғамдық бірлестіктері бірігіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту мақсатында жаңа бағдарлама жасап шықты.

Жобаны ұйымдастырушылар Facebook, Instagram әлеуметтік желілерін жүргізу; Google арқылы контекстік жарнаманы құру; дизайн, PR, копирайтинг, жарнама мен маркетингтің алғы шарттары секілді заманауи сұранысқа ие бағыттарды мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін онлайн вебинарлар арқылы үйретуді қолға алмақ. Үш ай көлемінде кәсіби мамандар бағдарламаға қатысушыларды оқытатын болады. Сондай-ақ, оқу бағдарламасын жетік меңгерген жандар қоғамдық және коммерциялық мекемелерге жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болады.

Слава Неруш, модератор: «Бұл идеяны ойлағанымызға біраз уақыт болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай да бір пайдалы жоба ойлап тапсақ деген ниетіміз болды. Сондықтан да біздің бүгінгі конференцияның ұраны - «Менің қолымнан келеді». Үш ай ішінде нағыз кәсіби мамандар қатысушыларға сабақ беретін болады, яғни бес күн вебинар және аптасына бір рет офлайн кездесу өткізіп отырмақпыз. Сабақтың басталғанына 5 күн ғана болды. Оқуға белсенді қатысып, меңгеріп шыққан адамдарды жұмыспен қамтуға уәде береміз» - деді.

Ләззат Қалтаева, «Шырақ» Мүгедек әйелдер Ассоцициясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі: «Шырақ» қоғамы мүгедек адамдарға арнап түрлі жұмыстар атқаруда. Ол тренинг, вебинарлар, коучингтер, курстар. Айта берсек өте көп әлеуметтік жобаларымыз бар. Өкінішке орай, мүгедек жандардың кәсіби біліктілігіне деген қоғамда сенімсіздік бар. Біз қолымыздан көп нәрсе келетінін көрсеткіміз келеді. Жаңадан ұйымдастырылған жобаға қатысушылардың ниеті де ерекше. Мәселен, сабақтарымызға қатысатын бір адам бар. Ол бастапқыда қатты уайымдады. Астанада емханаға жатуы керек болғандықтан, қалай болар екен деген күмәні болды. Біз ол кісіні сабағымызға қостық. Нәтиже жаман емес. Бұл сабақтар әзірше Алматылық тұрғындарға арналғанына қарамастан, кешкі сағат 8-де ол смартфон арқылы Астанадан сабаққа қосылады. Одан кейін кезекші дәрігердің кабинетіне барып, оның компьютері арқылы үй тапсырмаларын орындайды. Бұл шынымен де марафон секілді дүние. Бұл дегеніңіз қазірдің өзінде көрсеткіш деп білемін. «Шырақ» ассоциациясы арқылы біз заманауи еңбек нарығына қажетті мамандар шығарсақ дейміз, екіншіден, қоғамда мүгедектерге қатысты қалыптасқан стереотиптерді бұзып, елдің пікірін өзгерткіміз келеді».

Константин Авершин, «Мен – Алматылықпын» Қоғамдық қозғалысының жетекшісі:

«Бүгін біздің конференциямызға осы жобаның тағы бір ұйымдастырушысы Ержан Еркінбаев белгілі бір себептермен қатыса алмады. Дегенмен, бұл істі бастауға деген ол азаматтың да үлесі зор. Біздің сабақтарымыз басталғанына 5 күн болды. Қатысушыларға айтарым, сіздерге өте үлкен үміт пен жауапкершілік артылып отыр. Өйткені, болашақта бұл жобаның республикалық масштабта жолға қойылып, дамуына сіздердің көрсеткен нәтижелеріңіз түрткі болады».

kazgazeta.kz: Қазіргі уақытта 32 адам сабақтарыңызға қатысуда дедіңіздер. Бұл адамдар қандай талаптарға сай таңдалынып алынды? Оған кез келген мүгедек жан қатыса ала ма, әлде орын саны шектеулі ме?

Слава Неруш: Бізде қатысушыларға қатысты ешқандай қатып қалған шарттар жоқ. Ең бастысы – адамның үйренуге деген ниеті болса болды, біз тек қана алдын-ала қатысушылармен әңгіме жүргіздік. Ол әркімнің жобаға, үйренуге деген нақты ниетін, талпынысын білу мақсатында болды. Егер болашақта алғашқы оқушыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізіп, жұмыспен қамти алсақ, бұл жоба одан әрі кеңейтілетін болады. Алдағы уақытта біз сіздермен жеткен нәтижелерімізбен бөлісетін боламыз.

 Жобаның мақсаты – қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне көңіл аударту, семинарға қатысушыларды әлеуметтендіру және SMM  секілді бүгінгі таңдағы сұранысқа ие мамандықтарды игеруге көмектесу. Баспасөз конференциясы еркін пікір алмасу форматында өтті. Оған жобаны ұйымдастырушылар мен онлайн оқытуға қатысушылар, журналистер мен блогерлер қатысты. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына Аружан Саин, Бекнұр Кисиков секілді қоғам белсенділері қатысып, жоба жетекшілеріне және қатысушыларға сәттілік тіледі.

Гаухар Түстікбаева

«Қазақ газеттері «ЖШС

Суреттерді түсіргенМитрофанова Елена Николаевна

3014 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз