Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 29 Қараша, 2018

АУДАРМАДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР

«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанынан «Наркескен» интеллектуалдық-пікірсайыс клубы құрылды. Клуб айына бір рет ғалым-мамандардың басын қосып, қоғамдағы өзекті тақырыптарды талқылауды жоспарлап отыр.  Алғашқы талқы «Аудармадағы түйткілдер» тақырыбына арналды. ҚР Ұлттық кітапхананың «Кітапханатану» залында өткен дөңгелек үстелге А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Сәрсен Құлманов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Аударма және филология факуль­тетінің деканы Бағлан Мизамхан, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы дирек­торы Бижомарт Қапалбек, «Ұлттық аударма бюросының» қызмет­керлері, белгілі журналист-редакторлар Сәкен Сыбанбай мен Есей Жеңісұлы және т.б. аударма мәселесімен шұғылданып жүрген мамандар қатысып, аудармадағы қазіргі негізгі проблемалар мен түйткілдер, термин қалыптастырудағы қиындықтар жайлы өз пікірлерін ортаға салды. Талқыны «Ана тілі» газетінің Бас ­ре­дакторы Жанарбек Әшімжан ашып берді. «Біздің тәуелсіздік дәуірінен бері ақ­сап келе жатқан тұсымыз – осы аударма саласы. Жалпы тілге, көркем әдебиет туындыларына, теле-радиоларда беріліп жатқан жарнамаларға, журналистер тарапынан кеткен кемшіліктерге қатысты Тіл институты мен оқу орындарынан мамандар газетке хат жолдап, сыни пікірле­рін айтып жатады. Сондықтан бүгінгі тақырыптың маңыздылығы ерекше» деген Жанарбек Әшімжан отырыстың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ма­мандардан сапалы жиын өткізуін, ойларын нақты, бүкпей, ашық айтып, ортақ проблемаларды шешу жағынан кәсіби маман ретінде баға беруін сұрады. «Наркескен» интеллектуалдық-пі­кірсайыс клубының идея авторы, модераторы, «Қазақ газеттері» ЖШС интернет ресурсының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы Қазақстан тәуелсізді­гін алған 27 жылдың ішінде, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткен 30 жылда қазақ тілінің ғылыми әлеуеті қаншалықты артты, қазақ тілінің термин жасау мүмкіндіктері қандай, жаңадан қабылданған терминдер көпшіліктің көңілінен шыға ма, ­аударма жасау барысында аудармашылар қандай қиындықтар мен кедергілерге тап болады деген мәселелерді ортаға салды. ТЕРМИНДЕР ӘЛІ БІРІЗДЕНГЕН ЖОҚ Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің «Жур­налистика» факультетінің деканы, профессор: – Шындығында, 30 жылда қазақ тілінің ғылыми әлеуеті қаншалықты артты дегенде өлшейтін не бар екен? Қалай өлшейді? Бізде әр сала бойынша аудармалар жасалып, оқу құралдар, оқулықтар ғылыми еңбектер жазылып, ол айналымға қосылып жатса, белгілі бір деңгейде қазақ тілінің аударма саласы алға жылжып келе жатыр деп баға беруге болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін, әйтеуір ұлт­тың, қазақтың сөзі болып кетсе деген арман­мен шеттен енген бөтен сөздердің бәрін басы-көзі жоқ жаппай аударуға журналистер де, ғалымдар да кіріскен. Оның пайдасы зор болды. Ең бастысы, ой-пікір айтылуы керек, оны халық қабылдай ма, қабылдамай ма, уақыт өзі көрсетеді. Қайсы сөз ұтымды, тиімді, сіңімді болады, ол айналымға қосылса, ары қарай қолданысқа еніп кететіні сөзсіз. Біздегі термин жасау мәселесіне келгенде, тілшілер де, ғалымдар да, журналистер де, аудармашы мамандар да сырттан енген сөздерді ұлт тіліне бейімдеп қолдануға белсене атсалысады. Мәселе – соларды жүйелі түрде сараптап, ең ұтымдысын екшеп алып, терминкомға кіргізіп, енгізген тізбесін жасап, сол саланың адамдарына көрсетіп, қолданылуын қадағаласа деген ой, ол жүзеге аспай жатыр. Тілдің, терминнің айналымға түсіп кетуі, әсіресе журналис­терге тікелей байланысты. Телевизияда болсын, радиода болсын, газетте болсын, егерде, шыныменде, аударылған тіл болса, оны терминком бекіткен болатын болса, оны әр журналист өзінің жазып отырған мақаласында, айтып отырған айтылымында немесе көрсетілімінде үнемі қолданып отырса, халық оны тез қабылдап кетеді. Мұның бір көрінісі, алдымызда жатқан «баспасөз баяны» деген терминді кезінде «Тіл» бағдарламасында Бейбіт Құсанбек марқұм көтерген еді. Мысалы, «пресс релиз» дей берейік деп те айтатындар болды. Кейбірі «баспасөз баяны», енді бірі «ақпар хат» деді, бірақ осының әлі бір тоқтамына келген жоқпыз. Мен де «алқа сөз» деп айтсақ деп жаздым. Бірақ «ол дұрыс екен» деп айтқан адам­ның өзі «баспасөз баяны» деп қайтадан қол­данады. Сосын «дөңгелек үстел» дегенге қатысты айтылды, ол «круглый стол» деген­нің тікелей аудармасы еді ғой, осыны «ал­­қалы жиын», «алқа сөз» деген ұсыныс айт­тық. Бірақ әлі сол «дөңгелек үстел» деп ата­­лып жүр. Осындай бір қарапайым мысал ғана. Менің жеке пікірім, егер ұлттың тілін сақтаймыз, ұлттың термин жасау мүмкіндігін ашамыз десек біз аудар­мадан, балама жасау­дан, термин жасаудан қашпауымыз керек. Балама сөз ретінде, рас, егер ол «стакан» болатын болса, оның «ұстаған» деген қазақша баламасы бар емес пе? Ол салалық ғылым сала­сын­да халықаралық атаумен кете берсін, бірақ әдеби көркем, публицистикалық шығармаларда, көркем ойды ары қарай дамытуда тағы да балама керек қой. Бәрібір синоним керек болады. Мысалы, халықаралық терминдерді салалық мамандар, мәселен, химияның, физиканың немесе медицина саласының адамы түсінсін дейік, ал одан тыс адамдар қалай түсінуі керек? Сіз осылай аударып алыңыз, бұл халықаралық термин еді деп оған да сөздік беріп қоямыз ба? ­Жаппай бәріміз дәрігер болып кетуіміз керек пе? Демек, журналистер, баспасөз басында немесе радио-телевидение­де жүргендер осы халықаралық терминдерді аударуға болмайды деген сөзді ешкім айтқан жоқ. Кезінде Ахаңдар (Ахмет Байтұрсынұлы) мүмкіндігінше барлық сөздердің қазақша баламасын табуға тырысты. Тіпті болмай бара жатса, қазақша айтылуында сингармонизм заңына икемдеп ұсынған. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлының «Ура» дегенді «Алаш» деп аударып бере салғаны да дау болған. Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсынұлы «Алашты аңсап отыр» деген. Дегенмен, егер сол кезде қабылданған терминдерді қарап көрсеңіздер, үлкен еңбек жасалған. Олар «ұлттың тілі кетсе, ұлттың өзі кетеді» деді. Сондықтан, меніңше, ынтымақ, ауызбірлік керек, ­содан кейін осы «Наркескен» пікірсайыс ­клубы шешім қабылдап, ұсыныстарды алып, терминкомға жіберіп, содан кейін әрбір БАҚ басшысының алдында терминком бекіткен сөздерді қолданыңыздар деген тапсырма жатса, бұл мәселе тезірек шешілер еді. Менің ұсынысым осы. Сәкен СЫБАНБАЙ, «Аударма бюросы­ның» редакторы: – Аударма мәселесіне келгенде бізде терминдерді қолдануға деген бірізділіктің жоқтығы рас. Сөздіктердің өзі де бір ұғымның нақты баламасын бермейді. Тек жуықтап, соның айналасында ғана құрылады. Мысалы, «соглашениенің» аудармасына қарасаңыз «келісім, ымыра, мәміле» деп тұрады. Содан кейін «консенсустың» аудармасына келсек «мәміле, ымыра, келісім» деп тұрады. «Компромисс» сөзінің аудармасына қарасаңыз да осы үш сөз айналып жүре береді. Ал енді осының қайсысы – «компромисс», қайсысы – «ымыра», нақты бір тоқтам жоқ. Меніңше, компромисс – ымыра, консенсус – мәміле, соглашение – келісім болуы керек қой деп ойлаймын. Бірақ бізде сөздіктерде бір қазанның ішіндегі сияқты қайнап, бір-бірімен араласып жүреді. Егер басқа тілдегі баламасымен салыстырып қарайтын болсаңыз, қайсының қай нұсқа екенін табу қиын. Сол сияқты философияда көп кездесті, «интеллект» сөзін «зерде», тіпті «ақыл-ой» деп алғандар бар. Осының өзі бірізділік емес. Сонда «умды» – «ақыл-ой», «интеллекті» – «зерде» деп алған жөн деп ой­лаймын. Осы секілді кез келген салада бірізділіктің болмауы, ғалымдарымыздың бір тоқтамға келмеуіне байланысты көп пікір айтылады, бірақ айтылған жерінде қалып қояды. Біздің аудармадағы ақсап жат­қан нәрсе – осы. Біз, мысалы, былтыр ау­дарыл­ған 18 кітаптың аудармасын қайта қарап жатырмыз. Сол кездегі білместіктен кеткені бар, аудармашының қате жібергені бар, мүмкін редактор шатасқан шығар, біраз қателіктерді таптық. Сөйтіп, қазір оның барлығын жүйелеп жатырмыз. Менің ойым­­ша, біздегі үлкен мәселенің бірі – бір жүйе­ге тоқтау. Бізге осы жетіспейді. Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, «Аударма бюросының» редакторы: – Шынында да, осы кітаптарды аудару барысында байқаған дүнием, 30 жылдан бері аса көп нәрсе жүйеленбеген. Көп жағдайда бізде гуманитарлық салалар болсын, іргелі ғылымдар болсын, журналистер аударған аудармамен жүр. Ақыр аяғында бәрі журналистерді айыптайды. Сәкен ­Сыбанбай айтып отырған «ум» – «ақыл» , «разум» – «ақыл-ой» болуы керек дегеннің бәрі журналистердің аудар­ма­сынан келіп шыққан нәрсе. Журна­листердің арасында оны білмейтіндер де, кездейсоқ қолданатындар да болады. Сондықтан ­аударма барысында біз көп тығырыққа тап болдық. Жалпы орыс тіліне қарап отырсақ, олар көп жағдайда бейімдеп алуға маманданып алған екен. Мысалы, «разум» деген сөз ағылшын тілінің «rezum» сөзінен алынған. Біз қазір «harassment» сөзін «қолсұғушылық» деп аударып жүрміз. Ал олар сол күйі «харассмент» деп ала салды. Қазір мен аударған тақырып – интернет саласы бойынша «cyber building» дегенді де солай ала салды. Біз ғылыми еңбектің ортасында мысалы «хәрәзмәнт» деген сөзді қолдансақ, ол қазақ аудиториясына мүлде түсініксіз. «Сyber building» деген мүлде түсініксіз. Сондықтан мүмкіндігінше сондай нәрселерді аударып әкелеміз, бірақ ғылыми редактордың өзіне бергенде олар көп жағдайда шатасады. Біз Elliot Aronson деген кісінің 1972 жылдан бері 12 рет жазған The Social Animal деген кітабын аудардық. Сол жерде көп жағдайда «әсер, әсер, әсер» деп ала береді. Сөйтсе бұл «influence» деген сөз екен, соны «әсер, әсер, әсер» дей берген, мәтіннің нақты мағынасын бермейді. Сөйтсек, бұған «ықпал» деген аударма көбірек келеді екен. Яғни жүйеленбеген. Сосын мысалы, «behavior» деген сөз. Психологияда «бихевиоризм» (bexaviorizm) деген өзінің саласы қалыптасқан. Ал біздің ғалымдар «жүріс-тұрыс» деген аударманы ұсынады. Ал бұл термин контекске байланысты, бір жерінде «мінез-құлыққа», енді бірі «іс-әрекетке», кейде «жүріс-тұрысқа» келеді. Яғни бізде контекске салып аудару жоқ. Осындай нәрселер журналистердің ғана қалауымен кейде қалыптасып кететін жағдай болады. Сондықтан біздің ғалымдарда осыған бел шешіп тұрып кірісу керек шығар деп ойлаймын. Мысалы, өзім араласқан әлеуметтік-психология саласындағы «самопрезентация», «самоопределение», «самопознание» деген сөздер бар. Маған «самопризнание» көп кезікті. Осыны «өзіндік таныс­тырым» деп алдық, сөйтсек аударылған нәрсенің бәрінде «өздік таныстырылым» деп көрсетілген, ал шындығында «само» деген сөзге «өздік» деген мүлде келмейді. Сол сияқты психологияны аударып жатқан Зәуреш Башпаева дейтін тәжірибелі редакторымыз «non» дегенге қатысты жақсы балама тапты. Мысалы, орыстар алған «не место» дегенді біздің ғалымдар «орны емес» деп алыпты. Соны біз «бей» деп алдық, «не ­место» – «беймекен» болып шықты. Сонымен қатар біздің жаргон сөздерімізді де күнделікті қолданысқа енгізу керек. Мысалы, кейде айтылып жүрген «фуршет» – «тұрып ішет», «степлер» – «тістеп ілер», Нұртөре Жүсіп ағамыз айтқан «фостмажор» – «осылай боп қапты» деген сияқты мысалдарды қолданысқа енгізу керек-ау. Жаргон сөздерді қазақ тіліне лайықтап, тілді дамытудың алғышарттарын әлі де жасай алмай жүрміз. Терминдерді қазақ тіліне бейімдеу деп жатыр, көп жағдайда сөздің тұлғалануын ескермей қалатын сияқтымыз. Мысалы, өткенде Білім және ғылым министрі ­Ерлан Сағадиев «жүйе» деген сөз «система» деген сөздің мағынасын бере алмайды деді. Бұған түбегейлі қарсымын. Өйткені «жүйе» деген сөз тілімізде тұлғаланып, «системаның» баламасына айналып кетті. Мысалы, «жекешелендіру» деген сөз дұрыс емес, оны «приваттау» деуіміз керек» деді. Ал «жекешелендіру» деген ол «приват» дегеннің «праивит» деген түбірінің өзі жеке деген сөз ғой мысалыға. Мен осы неден деп назар аударсам, көп жағдайда орыстілді қазақтар өздері тілден айырылып қаламыз деп қорқа ма, жоқ, қазақ тілі бел алып кетеді дей ме, әйтеуір «қазақ тілі ғылымға дайын емес» дегенді енгізгісі келеді. Осыдан да қашуымыз керек. Бағлан МИЗАМХАН, Абылай хан атын­дағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті «Аударма және филология» факультетінің деканы: – Өздеріңіз білесіздер, алдымен үй салу үшін іргетасын (фундаментін) салуымыз керек. Біздің қазір істеп отырғанымыз, іргетасын тұрғызбай, үйге тұрғызуға кірісіп кеткен сияқтымыз. Неге олай десеңіздер, біз алдық та терминге көшіп кеттік. Бірақ сол терминдеріміздің бірізге түспеуі неге байланысты деген дүниені біз ысырып тастаған сияқтымыз. Аударма теориясы және практика саласында көп жыл бойы айналысып жүрген маман ретінде айтар едім, аударма мен терминді түзеу үшін тілді түзеуіміз керек. Көп жағдайда маған «сіз аударма және филология факультетінің деканысыз, сіздер енді аудармашы дайындамайсыздар ма?» дейді. Әрине, біз дайындап жатырмыз. Бірақ егер балаларда аудармашылық қабілеті, негізі жоқ болса, оны мың жерден оқытсаң да одан аудармашы шықпайды деп ойлаймын. Демек, жаңағы аудармашылардың бәрінің қолында дипломы бар, әйтеуір бір жерді бітірген балалар. Аудармашы болу, термин жасау үшін, Есей айтып кеткендей тілді сезінуі керек. Ол біздің тілімізге қабылданатын дүние ме, қабылданбайтын дүние ме? Кезінде «балкон» дегенді «қылтима» деп шығара салдық. Біріншіден, біз сырттан келген дүниені қазақтандырамыз деп, тіліміздің жұлма-жұлмасын шығаратын болсақ, онда термин жасаудың қажеті жоқ. Екіншіден, аударма теориясы үлкен іргелі ғылым. Ол бүгін немесе кеше ғана пайда болған жоқ. Бұл салада қаншама ғалымдар еңбек етті, қаншама лингвисттер жұмыс істеді. Қанша қабылдамасақ та, «халықаралық термин» деген ұғым бар. Одан ешқайда қашып кете алмаймыз. Халықаралық терминнің талабы бойынша барлық тілде қатар қолданылатын сөзді біз аударуға міндетті емеспіз. Тілімізге сіңіп кеткен болса, қайтадан қазақтандырамыз деп, оны қазақшаға аударып, тілдің жұлым-жұлымын шығарған дұрыс емес. Қазақ «ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді, біз, алдымен, тілімізді түзеуіміз керек. Мысалы, «Қазақстан» телеарнасы – ұлттық арна. Сонда балаларға арналған сусынды жарнамалап жатыр. «Қайран, әкем» дейді. Шынымды айтсам, мен таңғалдым. «Қайран» деген сөзді біз әдетте қайтыс болған адамға қолданамыз ғой. «Бедный, мой папа» деген дүниені, «қайран, әкем» деп аударыпты. Сондай-ақ осы арнаның журналисі Қарағандыдағы бір ауылға байланысты «мүйізді ірі қара» деп айтып жатыр, біздің қазақта, менің білуімше, «мүйізсіз ірі қара» деген ұғым жоқ. Көрдіңіздер ме, біздің балалар газет-журналды, көркем әдебиетті оқымайды, оның орнына интернетті оқиды, әртүрлі хабарларды тыңдайды. Сөйтіп, біздің тіліміз пайда болады, сөйтіп, біздің шала-жансар аудармамыз пайда болады. Сондықтан журналист кінәлі, терминком кінәлі немесе аудармашы кінәлі демеймін, меніңше, мектептің бағдарламасынан бастап жөнге келтіргенді ең бірінші ұсыныс ретінде ұсыну керек деп ойлаймын. АУДАРМА ЖӨНІНДЕ ҒЫЛЫМИ  ИНСТИТУТ АШУ КЕРЕК Сапар ОСПАНОВ, философия ғылымы­ның докторы, философия саласы бойынша шыққан оқулықтың ғылыми редакторы: – Француздар бір кезде француз тілін реттейтін арнайы институт ашқан екен, содан қазіргі кезде француз тілі әлемдегі ең жетілген тілдің біреуі деп есептеледі. Біз қазіргі талқылап отырған нәрсені арнайы ғылыми институт ашып, оны бекіткен жөн. Менің аударма орталығына ұсынысым, Білім және ғылым министрлігіне «Аударма институтын ашайық» деген ұсыныс беріңдер. Өйткені аудармамен жүйелі айналыспасақ, жалпы терминдер мен ұлттық ұғымға сай баламаларды қалыптастырмасақ, онда осы айтылған дүние айтылған жерінде қалып қояды. Екінші айтайын дегенім, өзім философ болғандықтан ой мәселесімен көп айналысамын. «Текстпат», «текст-контекст» бар ғой, осыны айтсақ та, контекстің деңгейіндегі мағынаға бара бермейміз. Әр ұлтта аударма мен терминді қабылдайтын немесе беретін ойдың кеңістігі болады. Ол сол ұлттың бұрынғы болмысымен бірте-бірте қалыптасады. Шетелден келген термин өзінің кеңістігін ала келеді. Оның ішінде қазақтың өзі жоқ. Өйткені қазақ бұған дейін ол мәселемен айналыспаған. Сіздер айтып отырған «кипербилдинг», «кибернетика» дегенді қазақ қай кезден біледі? Оған бір балама сөзді алсақ, оны оқыған адам балама сөздің қазақша мағынасына кетіп қалады. Сонда кибернетиканың өзі кіргізетін мазмұны мен мағынасы бұрмаланып, қазақи болмысқа келіп кіріп кетеді де, мағынасының не екеніне жете бермейді. Оған жету үшін арнайы инс­титут бітіру керек болады. Сондықтан мағынасы біздің қазақи болмыста бұрын болмаған нәрсені көрсететін термин келсе сол терминді алуымыз керек. Орыс тілі – бай тілдің бірі. Олар оны тікелей алса, балама таппағандықтан алып жатқан жоқ. Менің түсінігім, сол терминнің артынан еріп келетін ғылыми кеңістікті кіргізіп жатыр. Мағынасын да, бәрін де. Сондықтан кейбір кезде қаша берудің қажеті жоқ-ау деп ойлаймын. Ал енді философиялық термин басқаларда қазақтың бұрынғы ойының ішінде жүрген нәрселер бар, оның өзінің сөз атауы бар, егер соны орнына қойсақ, мағынасын таба аламыз. Ол болмаса, ана мағына жүре береді. Бірақ ғылыми ойлау аясында өзінің дербестігімен басымызға сіңбейді, айқындай алмаймыз. Сол себепті, әрине, қай сөзді аудару керек, қай сөзді ­аудармау керек деген мәселені жаңағыдай институттар талдаған жөн болар еді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жеке бір кітап, біз сол кездегі халықтың, философтардың ойының контексінің кеңістігін білмейміз, сондықтан аударғаннан кейін мәтіннен алып тастауға қақымыз жоқ. Міндетті емес, керісінше, жауаптымыз. Сөйлем құрмалас болса, құрмалас күйін сақтауымыз керек. Сағатбек Медеубекұлы: Кейбір шет тілін­дегі сөздердің өзі қазақша ­балама сұрап тұрады. Сондықтан жалпыға ортақ ­халық­ара­лық терминдерді тілімізді бұрап жат­қаннан гөрі қазақтың сөйлеу икеміне қарай бұру керек. Ал кейде қазақша ыңғайлап, айтылуы бойынша берсек те төл сөзіміз сияқты қалыптасып кетеді. Бижомарт Қапалбек: Жаңа құрмалас сөйлем құрмалас болып аударылуы керек деген пікір айтылды. Бұл – дұрыс емес. Ең бас­тысы, мәтіндегі негізгі ойды қазақы формамен беру керек. Сонда ғана ол қазақша мәтін бо­лады. Әсіресе қоғамдық пәндерде сөзбе-сөз, жолма-жол аударма деген ешқашан жүрмейді. Сапар Оспанов: Құрмалас сөйлем мен хабарлы сөйлемнің айырмасы бар. Құрмалас сөйлемде ойдың өзінің ішкі шеңбері болады. Егер сол шеңберді бұзсаң ойдың тізбегінен айрылып қаласың. Сондықтан басты ойды жоғалтып алмау керек. Кейде бір абзацтағы ой тұтастай бір сөйлемге бағындырылады, сондықтан оны өзгертуге болмайды. Оны өзгертпей аудару – аудармашының шеберлігі. Бағлан Мизамхан: Екеуіңіздің де ойла­­рыңыз дұрыс. Жалпы аударманың лексикалық, грамматикалық аспектілері деген жеке-жеке зерттеу нысаны. Аударманы алатын болсақ, автордың негізгі ойын сақтау үшін құрмаласты – құрмалас, жай сөйлемді – жай сөйлем етіп берген дұрыс. Бірақ көп жағдайда ағылшын тілі мен қазақ тілінің грамматикалық құрылымы бір-біріне сәйкес келмейді. Аударма бюросындағы аудармашылар біледі, кейде бір абзац тұтастай бір сөйлем болып келеді. Кейбір аудармашылар сол қалпында аударады да, ол сөйлемнің басы мен аяғын таба алмай қаласың. Мұндай жағдайда оны бірнеше жай немесе құрмалас сөйлемге бөлуге тура келеді. Мұндағы ­басты міндет – мәтіннің оқырманға түсінікті ­болуында. Молдахан КӘРІПБАЙҰЛЫ, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың журналистика факуль­тетінің оқытушысы:  – Жалпы көркем әдебиетті оқымаған адам көркем аударма жасай алмайды. Өзіндік ой-тұжырымы жоқ адам сөйлем құрай ала ма? Шерхан Мұртазаны, Әбіш Кекілбаевты оқымаған адамнан қандай ­аудармашы шығады? Біз де ақын-жазушылардың сөздеріне, ой-пікірлеріне сүйеніп оқу құралдарын жазамыз. Сондықтан жастардың деңгейін көтеру үшін, алдымен, олардың көркем ойын қалыптастыру керек. Қазір тіл мәселесімен қатар аударма да күн тәртібінде тұр. Екеуі де өзекті, екеуі де елдің, ұлттың тағдырына қатысты. Телеарна тілі де қойыртпақ болып кетті, мысалы «тележүргізуші» дейді, «жүргізуші» деп көлікке қатысты айтылады ғой. Осындай кемшіліктерді кейде ол мәтін айтылды да кетті ғой деп жұбатамыз, олай болмайды. Сондықтан сіздердің аударма жөніндегі ғылыми институт ашу туралы пікірлеріңізге қосыламын. Бағлан Мизамхан: Иә, көркем әдебиет оқымай ешкім аудармашы бола алмайды дегенге келісемін. Кейбіреулер көркем аударманы ғылыми аудармадан бөлек санайды. Көркем тілі жоқ адам ғылыми аудармаға бара алмайтыны анық. Және бір айта кететін нәрсе, қазіргі жас жазушылардың көбінің тілі шорқақ, оларды түсіну қиын. Ал мектеп бағ­дарламасына көптеген классик жазу­шыларымыздың туындылары енбей қалған. Сағатбек Медеубек: Дұрыс айтасыз, барлығын мектептен бастау керек. Мектептің оқулықтары, көмекші құралдары дұрыс жазылуы тиіс. Мектеп баласына көркем әдебиетті дұрыс оқытпай, біз оның тілін түзей алмаймыз. Сапар Оспанов: Менің бір ұсынысым бар. Біздің көбінесе жауға шапқандай уралап кететініміз бар. Осы жоба бойынша шығып жатқан оқулықтарды алдымен аз ғана данамен шығарып, бірнеше жоғары оқу орнында кемінде бір жыл сынақтан өткізу керек еді. Сонда оның қалай қабылданатынын көреміз, кемшіліктерін түзетеміз. Содан кейін барып мыңдаған таралыммен шығаруға болады. Есей Жеңісұлы: Біз ғылыми редакторларды сол кемшіліктерді жібермеу үшін тартып отырмыз. 2017 жылы шыққан 18 оқу­лық­тың коммерциялық нұсқалары қай­тадан қаралып, қателіктері түзетіліп, сауда нүктелерінде жұрттың қолына түсіп жатыр. Биылғы шыққан 30 оқулық та дәл солай таратылады. Земфира Ержан, Мемлекеттік тілдегі жарнамалық копирайттардың сапасын арттыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің жетекшісі: – Күнделікті өмірде қазақтілді және орыстілді басылымдардың арасында қарым-қатынас жоқ екенін байқаймын. Бұл – өкінішті жайт. Орыс тілінде жазатын біздің де ойлайтынымыз – қазақтың мүддесі, сондықтан осы екі арна тіл табысса біраз нәтижеге жетер едік. Елімізде жарнама тіліне көпшіліктің көңілі толмайтыны белгілі. Көбі орыс тілінен тікелей аударылған сауатсыз мәтіндер. Сондықтан біз 2013 жылы жарнама тілін жолға қоюға атсалысу мақсатында белгілі тілші-ғалымдар Анар Фазылжанова мен Дәрежан Базылбаеваның көмегімен арнайы сайт аштық. Бұл мемлекет қолдауынан тыс, жеке өзіміздің патриоттық парызымыздан туған жоба. Осы уақыт ішінде жарнама жайында сөз қозғайтын 40-тан астам мақала жаздық, дөңгелек үстел ұйымдастырдық, қоғамдық кеңес құрдық. Бірақ бұған ешкім тиісті деңгейде көңіл аудармай отыр. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, бүкіл жарнаманы түзетуге кірісіп едік, түрлі себептермен әкімшілік 2015 жылдан бері бізбен байланысын үзді. Дегенмен, әлеуметтік желілерде бізді қолдайтын тіл жанашырлары бар. Жалпы жарнаманың жарымжан болуының басты себебі – нақты істен сөз көп. Мұның бәрі қазақ тіліне деген көзқарастың салдары. Сондықтан қазақтардың өзінде тіл намысы басты орында тұруы керек. Бижомарт Қапалбек: Жарнамаларды жеке компаниялар әзірлейді, құрамында филолог, дизайнер, т.б. мамандар бар, бәрі орыстілді. Сол 18 адам дайындаған жарнаманы, қазақ тіліне шорқақ бір ғана аудармашы қазақшаға аударады. Біздің жарнамалардың тілінің сын көтермейтіндігі содан. Негізі жарнама бірден қазақша жасалса түзелер еді. Ол бір бөлек мәселе. Ахмет Байтұрсынұлы былай дейді: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше айтуға жарау». Егер қолданатын адам табылса тілдің мүмкіндігі шексіз. Біз нашар аударма жасап жүрсек, ол аудармашының кінәсі, тілдің кінәсі емес. Терминдер жөнінде де Ахаң әр сөздің төл табиғатына сүйеніп алу керек дегенді айтып кеткен. Яғни аударып, икемдеп алу керек, өзіңде жоқ болса түркітілдес ағайындардан алу керек. Мысалы, түріктерден ұшақ дегенді алдық қой. Тіпті болмаса халықаралық нұсқасын қалдыру керек. Бұған дейін біз 42 әріппен орысша қалай жазылса солай алып келдік. Оның 14-і жат таңба болатын. Енді мына жаңа әліпбиде 32 таңба бар, төртеуі жат. Біртіндеп олардан да арыламыз, одан қорқатын түгі де жоқ. Қазір жаратылыстану пәндері бойынша қазақша мектеп оқулықтарын жазатын мамандар тапшы. Соған байланысты оқулықтар кеңестік кездегідей алдымен орысша жазылып, сосын қазақшаға аударылады. Яғни қазақ тілі әлі ғылым тілі болып қалыптаспай жатса, оған қарсы кедергілер бар деген сөз. Мысалы, қазір гимназияларда биология, химия, информатика пәндерін ағылшынша оқыту үрдіс алды. Қазақ мектебінде оқитын бала ол пәндерді ағылшынша оқыса, ғылым тілі, әрине, қалыптаспайды. Ары қарай ЖОО-да ағылшынша оқитын болады. Бұл білім жүйесіндегі үлкен олқылық. Мәселен, Ом заңын ағылшынша оқысаң да, қазақша оқысаң да ол Ом заңы болып қалады. Бұл жерде тіл жеткізуші құрал ғана. Біздің білім жүйесіндегі басшылық ағылшынша оқыған адамда ми артық болады деп ойлайтын секілді. Жоқ, ағылшынша оқығанның миы артық емес, тек ақпарат алу мүмкіндігі кеңейеді. Басқа артықшылық жоқ. Терминдерге келсек, бұған дейін ­жылына 200-800 термин бекітілетін. 30 жылға жуық уақытта бекіткеніміз – 30 мыңдай. Ал қазір бізге жаһандануға байланысты ақпарат тасқынымен жаңа ұғымдар көптеп еніп жатыр. Оны Терминком дәл қазіргі жағдайда бекітіп үлгермейді, сондықтан бұл жұмысты автоматтандыру керек. Тағы бір айтарым, Терминком бекіткен терминдерді қолданбаса да болады, өйткені оның осыны қолдану ­керек деген құқықтық мәртебесі жоқ. Егер одан ұтымды нұсқа табылып жатса соны қолдана бересіз. Жуырда ­Елбасы кейбір халықаралық терминдерді неге тым қазақыландырып жібердіңдер дегенде, Мәдениет және спорт министрі мен Білім және ғылым министрі бірден жиырма шақты терминнің орысшасын қайтартқызды. Оның ішінде жүйе – система, мұражай – ­музей, үдеріс – процесс, т.б. тілімізге сіңіп ­кеткен терминдер бар. Бұл тілдің дамуына қарсылық деп білемін. Өйткені тілдің өмір сүруінің ең басты формасы – тудыру. Егер тіл ­тудырмаса ол өледі. Ал оны тудыратын адам, ­аудармашы, ғалым, журналистер. Сол жаңа туған терминді халық жылы қабылдаса, ол тілдік қолданысқа енеді. Сәрсен Құлманов: Қазір жоғары оқу орындарында аудармашыларды дайындайтын факультеттер көп. Екінің бірі аудармашы, бірақ аударма түзелмей отыр. Мәселен, бұрынғы шыққан кітаптарды оқысаң бірде-бір әріп қатесі жоқ. Ал қазіргі кітаптарда техникалық қате тұрмақ, мәтінді түсінудің өзі қиын. Терминге қатысты айтар болсақ, елімізде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитеті бар, бұл саладағы ең үлкен мекеме – ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия, одан соң Ш.Шаяхметов атындағы ғылыми-практикалық орталықтың термин бөлімі бар. Терминологиялық комиссия көп жылдан бері қоғамдық негізде жұмыс істеп келеді. Қазір жылына 5 мыңға дейін термин бекітуге тура келеді. Комиссияға келіп түспес бұрын олар сала мамандарының, одан кейін тілші-ғалымдардың сараптамасынан өтеді. Сондықтан «қылтима» деген сияқты еш жерде бекітілмеген сөздерді айта берудің қажеті жоқ. Елбасының айтқан сөзі­нен кейін терминдерді қайта қарау деген мәселе қойылды да, біздің «шаш ал десе бас алатындар» оны өршітіп жіберді. Мұнда, әрине, келісетін-келіспейтін тұстарымыз бар. Сапар Оспанов: Жарнаманың қазақ тіліндегі аудармасы талқылаудан өткеннен кейін ғана бекітілсін деген ереже болуы керек. Шындығында, жарнама жасаушылар дизайнына баса мән беріп, қазақша мәтінін назардан тыс қалдырады. Бұл жерде заңның солқылдақтығы да кінәлі. Жарнама туралы заңға өзгерту енгізу керек, заңды бұзса айыппұл салғызған дұрыс. Бауыржан Карипов: «Қазақ газеттері» ұжы­мына осындай қоғамдық маңызды мәселені көтеретін алаң ұсынғаны үшін алғыс айтамын. Тілдің дамуына, түйткілді мәселелердің шешімін табуына атсалысуға әрқайсымыз міндеттіміз. Мен Қытайдың астанасы Бейжіңге іс-тәжірибеден өтуге барған кезде арнайы Аудармашылар инс­титуты бар екенін көріп таңғалған едім. Сол сияқты біздің Аударма бюросының қызметі науқан сияқты қалып қоймай, институтқа айналуы керек. «100 оқулық» жобасы да ары қарай жалғасын тапса дейміз. Біз журналистикаға қатысты кітаптарды көбінесе орысшасынан оқимыз. Институт болса түпнұсқа тілден тікелей аударатын мамандар даярлап, осы саланың дамуына септігін тигізер еді. Ал жарнама ­саласына қазақ кәсіпкерлер көптеп бет бұруы керек, сонда қазақтілді аудитория басты орында тұратын болады. Қазір, керісінше, ­миллион теңгеге орысша әзірлеп, мың теңгеге қазақшаға аудартады. Земфира Ержан: Жарнаманы түзету үшін әкімдіктегі қадағалайтын мамандар сауатты болуы керек, ең дұрыс жолы осы. Есенгүл Кәпқызы: Жақында мемле­кеттік тілдің дамуына қатысты зерттеу жүргіздім. Мәселен, Тілдерді дамы­тудың 2001-2010, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша, қазақ тілін дамытуға соңғы үш жылды қоспағанның өзінде, 54 миллиард теңге бөлінген екен. Бұл қаражатқа орасан дүниені жасауға болатын еді, өкінішке қарай, ол ақшаның басым бөлігі негізсіз жұмсалған. Көбінесе жауырды жаба тоқып, өтірік ақпар берілгеніне көзіміз жетті. Мысалы, осы бағдарлама аясында ашылған бір сайтқа 290 мың доллар қаржы жұмсалыпты. Ал ІТ-мамандар бұл жұмысты 1-2 мың доллармен жасауға болатынын айтады. Міне, осыншама қаражаттың жалған жолмен жымқырылуы тілімізге шын мәнісінде жанашырлықтың жоқтығын көрсетеді. Бұл сол мекемелерде отырған орындаушылардың, жауапты адамдардың қателігі. Мемлекеттік тілді дамытуға көп қаражат бөлінеді, арнайы бағдарламалар қабылданады. Осы 30 жылдың ішінде терминді біріздендіріп, сөздіктерді құрастыруға, олардың үш тілдегі электронды нұсқаларын жасауға мүмкіндігіміз болды. Бірақ нақты нәтиже жоқ. Әркім бөлінген қаржыны жұлмалап бірдеңе жасаған болады. Сондықтан бұл салада жүйелі іс-шараларды қолға алып, қаражатты тиімді жұмсайтын кез келді. Осылайша, «Наркескен» интеллектуалдық пікірсайыс клубының алғашқы отырысында аударма түйткілдерімен қатар, жалпы қазақ тілін дамытудағы олқылықтарды кеңінен сөз еткен қатысушылар өздерінің ой-пікірлерімен қоса нақты ұсыныстарын жеткізді.  Түйін­дер болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған Ұлттық аударма бюросы арнайы аударма институты болып қайта құрылуы керек. 100 оқулықты аудару бары­сында жинақталған іс-тәжірибе кеңінен таратылса игі. Сондай-ақ «Жарнама туралы» заңна­маға мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғайтын өзгертулер енгізілуі керек. Ең бастысы, мемлекеттік тілді дамытуға бөлінетін қаражаттың қайтарымы болуы тиіс. Алдағы уақытта жоғарыда айтылған ұсыныстар тиісті орындар тарапынан назарға алынады деп сенеміз. Дина ИМАМБАЕВА,  Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2182 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз