Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 09 Желтоқсан, 2018

«Шығыс жұлдыздары» үйірмесінің студенттері белсенділік танытуда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасында «Шығыс жұлдызы» үйірмесінің құрылғанына 10 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Іргетасы 2008 жылы қаланған үйірмеге бүгінгі күнге дейін 1000-нан астам үздік студенттеріміз мүше болды. Осы уақыт аралығында халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері, Шығыс елдерінің тарихы, мәдениеті сыртқы саясатына қатысты, әр студенттің жеке тұлға болып қалыптасуына бағытталған 70-тен аса дөңгелек үстел, конференция, танымал ғалымдармен, шетелдік делегациямен кездесу, мәдени, қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, факультет студенттері белсенділік танытты. Арнайы қонақ болып қатысқан қоғам қайраткерлері, ғылым докторлары, шетелдік және отандық ғалымдар үйірме мүшелері жасаған баяндамаларға сарапшы болып, тақырыптың кең қамтылуына ризашылық білдіріп, өз тараптарынан бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңес берді.

Қай іс-шараны алсақ та, өзінің мақсат-мүддесіне жету жолында талмай еңбектенген белсенді студенттердің еңбегі орасан. Атап айтқанда, «Шығыс жұлдызы» үйірмесінің ашылу салтанатына бұдан он жыл бұрын, дәлірек айтқанда 2008 жылы 20  қарашада өткен «Тарих және қазіргі заманғы Шығыс өркениетінің сыры» атты конференцияға қытай және жапонтанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы Нұрлан Кенжеахметұлы,  2009 жылы «Шанхай Ынтымақтастық ұйымы аясында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы қарым-қатынастары» атты конференцияға ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Қытай зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.С.Қаукенов, 2009 жылы «Жапония мәдениетінің өміршеңдігінің тағылымы» конференцияға Алматыдағы «Қазақстан Жапон адам ресурстарын дамыту орталығының» сарапшысы Куно Ген қонақ болып қатысып, тақырып аясында студенттерге жан-жақты баяндап берді.  2009  жылы «Азия Тынық мұхиты аймағындағы өзекті мәселелер» атты конференцияның құрметті қонағы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Б.А.Әуелбеков сараптама жасаса, 2010 жылы  «Азия Тынық мұхиты елдеріндегі елдерінің әлемдік экономикалық дағдарыстан шығуы» атты жиында экономика ғылымының докторы, профессор С.Сатыбалдин экономикалық тұрғыдан саралауға бағыт сілтеді. 2013 жылы «Мемлекеттің ішкі-сыртқы қауіпсіздіктері: Сирия дағдарысы мысалында» шығыс тілдері кафедрасының доценті Ж.Момынқұлов сарапшы ретінде қатысып, ақпаратты саралаудағы тіл меңгерудің маңыздылығына тоқталды.

2014 жылы «Халықаралық қатынастардағы дамыған және дамушы мемлекеттер қатынастарының сипаты мен ерекшеліктері» атты жиынға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, дипломат, қоғам және мемлекет қайраткері Зардыхан Қинаятұлы қатысып, өзі жүріп өткен өмір жолындағы тарихи оқиғалармен бөлісті. Еліміз дамыған мемлекет болу үшін жастарымыз қандай болу керектігіне патриоттық рух бере отырып, үйірме атауының ерекшелігіне тоқталды. «Бүкіл ресейліктер Шоқанды «Шығыстың жұлдызы» деп мойындаған еді, сіздер үлкен жұмыс жасап жатыр екенсіздер, жастардың ғылыми ойлау  жүйесін қалыптастыру өте маңызды, сіздер тәрбиелеген студенттеріңіз тәуелсіз елімізді танытар бір-бір жұлдыз болсын» деп батасын беріп, үйірменің жұмыстарының кең қанат жаюына тілектестігін жеткізді.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Шығыс жұлдызы» мен «Жібек жолы» үйірмелері бірлесіп «Қазақ хандығы және оның дипломатиясы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған профессор Н.Мұқаметханұлы, профессор С.Сапанов, аға оқытушы Ж.Зейноллақызы сарапшылық жасап, игі тілектерін білдірді.

2016 жылы «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында Шығыс жұлдызы үйірмесінің бастамасымен   Халықаралық қатынастар мамандығының 51-қазақ тобы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, ментальды мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін асханаға арнайы барып, тамақтанды. Жиналған барлық ақша интернат-үйінің ментальды мүгедектігі бар адамдарды психологиялық оңалтуға жұмсалды.

2017 жылы «Жаңа Жібек Жолы жобасы аясындағы Қазақстан-Қытай қатынастары» атты дөңгелек үстелге профессор Н.Мұқаметханұлы, доцент Ж.Идрышева сарапшылық жасаса, сол жылы өткен «Наурыз – көктемнің жаңару мерекесіне»  факультет деканының орынбасарлары доцент Д.Жекенов, доцент А.Дәркенбаев, Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры К.Макашева және факультет оқытушылары, қызметкерлер және студенттер қатысып, ауқымды шараның кең көлемде өтуіне өз үлестерін қосты.

2018 ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Исағалиев Қайрат Исағалиұлымен кездесу өтті. Аталған шараға халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры М.Губайдуллина, кафедра доценттері А.Әліпбаев, Б.Бюжеева, Ж.Идрышева қатысып, өзіндік ой-пікірлерімен бөлісті.

Ал жақында «АҚШ және Қытай арасындағы сауда соғысының дамушы мемлекеттерге әсері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің сарапшылары ретінде профессор Н.Мұқаметханұлы, үйірменің әр жылдары бітірген түлектері және кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы шақырылды. Үйірмеге 10 жыл толуына байланысты үйірме жетекшісі Бинұр Мұратқызы негізгі өткізілген іс-шаралар мен жасалған жұмыстарға сараптама жасай отырып, жетістіктер мен нәтижелерді атап өтті. Үйірменің қазіргі күнге дейін сан жылдарлық түлектермен байланысы жоғары деңгейде екендігін баса назарға алды. Дөңгелек үстел бағдарламасы бойынша «Аймақтану» мамандығының 4 курс студенттері баяндамаларын ұсынды. АҚШ және Қытай сауда соғысын жан-жақты зерттеп, ұғыну үшін А.Әбдікамал, А.Амангелді «АҚШ және Қытай сауда соғысындағы АҚШ ұстанымы» тақырыбын алып, АҚШ президенті Д. Трамптың сайлауалды бағдарламасын қарастырып, Қытаймен саудадағы мемлекеттің протекционистік прагматизмінің негізін түсіндірді. Сонымен қатар, АҚШ-тың «Ұстанымдары бар реализм» саясаты Қытаймен сауда қақтығысының жаңа кезеңіне жол ашып отырғандығын баяндады. Толыққанды қос тараптың мүддесін түсіну мақсатында студенттер Л.Жұманбаева, С.Бағдаулетқызы, А.Қалиахмет екі мемлекеттің сауда соғысындағы Қытай ұстанымдарын баяндап, алдымен қазіргі таңдағы Қытайдың экономикалық қуатының негіздерімен таныстырып, байланысты түрде Аспанасты мемлекетінің АҚШ-қа қатысты экономикалық мақсаттары мен қолданатын механизмдерімен таныстырды. Зерттелініп отырған мемлекеттер туралы базисты мәлімет алынғаннан соң студенттер Ш.Кішібаева, Е.Абет жалпы сауда соғысының әлемдік экономика мен халықаралық қатынастар жүйесіне әсерін талқылап, ЕО, Ресей және Азия аймақтары бойынша теріс және оң әсерлерін атап көрсетіп, ғалымдардың сараптамалары негізіндегі болжамдарымен қорындылады.  Баяндамашылар А.Тоқбазар, С.Шақырған сауда қақтығысының Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайына ықпалын қарастырып, оның импорттық шикізат нарығындағы теріс әсерлерін  атап өткенімен, сауда соғысының қазіргі кезеңі Қазақстан үшін ешқандай қауіп тудырмайтындығын факт ретінде дәлелдеп ұсынды. Баяндамашылар өз жұмыстарын таныстырғаннан соң, Б.Лесбаева Қытай мен Қазақстан қарым-қатынастары жайындағы факультет студенттері біліміне шолу жасау мақсатында викториналық-танымдық ойын өткізді. Дөңгелек үстел сарапшысы профессор Н. Мұқаметханұлы баяндамаларға қорытынды шолу жасап, студенттер сұрақтарына жауап беріп, өмірлік тәжірибесі мен ғылыми жұмыстарына сілтеме жасады. Қазіргі Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарға баға бере отырып, профессор Қытайдың протеционистік саясатын талдады. Қытайдың экономикалық қуатының көбеюіне байланысты оның халықаралық және аймақтық ұйымдардағы рөлін атап өтіп, мысал ретінде, БРИКС және ШХО аясындағы қазіргі тенденцияларды сараптады. Қытайдың әлемге ұсынып отырған мыңдаған жобалары бар екендігін, соның ішінде Қазақстан үшін өте пайдалы бола алатын «Бір жол, бір белдеу» жобасын атап өтіп, елдегі антиқытайлық көңіл-күйге ғылыми-теориялық көзқараста өз ойын білдіріп, осы реттегі жастардың маңызды рөлін көрсетті. Сұраққа жауап беру барысында Н.Мұқаметханұлы Қытайдың ғылыми арсеналының маңыздылығын және оның жұмыс істеу механизмдерін түсіндіре өтіп, Қытай архивтеріндегі жұмысын мысалға келтіріп, Қытай мемлекетін теориялық және практикалық түрде зерттеудің маңыздылығын және саяси боуясыз сараптаудың маңыздылығына баса назар аударды.

Дөңгелек үстел барысында халықаралық қатынастар факультеті студенттері Қытай мен әлем, Қытай мен АҚШ қатынастары бағыттарындағы өз мәліметтерін толықтырып, баяндамашылар берген жан-жақты сараптамалар нәтижесінде екіжақты және көпжақты иерархиялық түрде мәселеге баға бере алатындықтарын көрсетіп, болашақ осы саланың мамандары ретінде сарапшыға негізді және өзекті сауалдар қойып, өз ойын дамыту мақсатында субьективті пікірлерімен де бөлісті. Нәтижесінде, жан-жақты зерттеу жұмыстары негізінде теориялық түрде білім жинап, оны практикалық-қолданбалық тәжірибемен байланыстыра отырып, студенттердің ғылыми санасын қалыптастыруды негізгі мақсаты еткен «Шығыс жұлдызы» үйірмесі сол кездегі белгісіз Қытайды КСРО ғылыми қоғамына белгілі еткен нағыз «шығыс жұлдызы» Шоқанның ізбасарларын дайындауға қауқарлы екендігін көрсетті.

Біз әрқашан «Шығыс жұлдызы» үйірмесінің белсенді студенттерімен мақтанамыз, өмір жолдарына ақ жол тілейміз. Еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып, жарқын болашаққа бастайтынына сенім мол.

Бинұр Мұратқызы,

Сағыныш Бағдәулетқызы

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультеті

 

 

1270 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз