Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 21 Желтоқсан, 2018

Орыс мектептеріндегі қазақ тілі

20 желтоқсан күні «Ұлттық кітапхананың» Кітапханатану залында «Қазақ газеттері» ЖШС жанынан құрылған  «Наркескен» - интеллектуалдық-пікірсайыс клубының кезекті отырысы болып өтті.

Бұл жолғы талқыға салынған тақырып -  орыс  мектептеріндегі қазақ тілін үйрету мәселесіне қатысты болды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде Тілдерді дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ол 2001-2010 және 2011-2020 жылдарды қамтиды. Екінші бағдарлама да аяқталуға жақын. Соңғы бағдарламаның алға қойған мақсаты бойынша қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді игеруі тиіс. Ал шын мәнісінде қазақ тілінің жағдайы қалай? Орыс мектептерінің  түлектері неге мемлекеттік тілді қажетті деңгейде меңгермейді? Мәселе неде? Әдістемеде ме, жоқ қажеттілікте ме? Пікірсайысқа келген қауым осы сұрақтар төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелге саясаттанушы Дос Көшім, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мамай Ахет, М.Мәметов атындағы №28-мектеп-лицейінің директоры Айсұлу Медетбекова, Мемлекеттік тілді дамыту институтының оқытушысы Тәлімова Айым Қамнұрқызы, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Гүлмира Амандықова, №114-мектептің  қазақ тілі пәнінің мұғалымы Гүлжайна Өзбек, №132-гимназияның қазақ тілі мұғалімі Бибінұр Мусапирова, 28-мектеп-лицейінің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Мөлдір Майлыбаева, Қазим Тілекқабыл,  №132-гимназияның 11-сынып оқушысы Айпара Тұрсынова және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Пкірсайысты «Қазақ газеттеріне» қарасты kazgazeta.kz сайтының бас редакторы Есенгүл Кәпқызы жүргізді. Жиын басында қатысушыларға: «Біздің балаларымыз орыс тілінде еркін сөйлей тұра, бағалары 3-4-тен аспайды, ал орыс тілді балалардың қазақша аузын ашқандары «5»  деген баға алып жатады. Дегенмен, олар қазақ тілінде ойларын еркін жеткізе алмайды. Неліктен?» - деген тұрғыдағы сауалдар қойылды.

Бұл сауалға алғашқылардың бірі болып жауап берген  №28-мектеп-лицейінің директоры Айсұлу Медетбекова қазіргі таңда қазақ тілінің дәрежесі дұрыс жолға қойылмағандықтан деп түсіндірді: «Ол жерде орыстардан гөрі, өзіміздің қазақтардың жағдайы қиындау. Себебі, олар орыс мектептерінде оқиды. Үйінде де орысша сөйлейді. Ата-аналары балаларды мектепке берген кезде орыс мектебіне беріп, қазақ тілін үйрету мәселесін бірінші орынға қоймайды. Егер ата-ана бірінші орынға баланың ана тілін меңгеруін қойса, онда бала орыс мектебінде оқыса да, қазақ тілін жетік білетін еді. Оның барлығы отбасынан басталады. Мектепте бағдарламаға сәйкес  аптасына 5 сағат береміз, бірақ мемлекеттің тарапынан оқу бағдарламасында да мемлекеттік тілдің дәрежесі дұрыс жолға қойылмаған», - деді мектеп директоры. Сондай-ақ, Айсұлу Медетбекова қазақ тілінің қажетті деңгейде дамымай жатқанына көшедегі билборд, теледидардағы, әлеуметтік желілердегі қателердің өте көптігі кедергі болып отырғанын айтып өтті.

«Мемлекеттік қызметте барлық іс-қағаздары дерлік мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мәселен, қазір құжаттар заңдармен реттеліп отырады. Қоғамдағы жағдай қалай болса, ағылшын тілін қалай оқыса, орыс мектептеріндегі қазақ тілін балалар қалай оқып жүрсе, мемлекеттік қызметтердегі қазақ тілін оқыту да сондай дәрежеде жүргізілуде. Қазақ тілінің өркендеуіне кедергі болып отырған - өзіміздің орыс тілді қандастарымыз. Мен осы салаға тікелей араласқандықтан айтып отырмын. Өзге ұлттың қай-қайсысы болсын бізге қазір түсіністікпен қарауға дайын отыр. Олар біздің заңдарымызды қабылдайды. Өзіміздің ішіміздегі дерт қатты. Өйткені, отбасында ертеден қалыптасқан түсінікті бұзу өте қиын болады екен. Біз бұл бағытта бірнеше шаралар жасап көрдік. «Қаладағы қазақ тілі» деген мәселеге зерттеу жасадық. Қаржы саласындағы қазақ тілінің мәселесіне назар аударып көрдік.  Айналып келгенде құжаттардың дені орысша жасалады да, оны  қазақ тілінде жасайтын аудармашылар. Ал, олардың деңгейі әртүрлі» - деді филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мамай Ахет қазақ тіліндегі іс-қағаздардағы түсінбеушіліктерге қатысты.

Саясаттанушы Дос Көшім: «Әсіресе, орыс тілді аймақтар дейміз ғой,  қазақ тіліне қатысты қиындық  бірінші орында - Қостанай мен Петропавлда, екінші орында - Павлодар мен Шығыс Қазақстанда, үшінші орында  - Қарағанды мен Ақмола облысында орын алған. Байқағанымыз, ол аймақтарда қазақ тіліне деген көзқарас өте нашар. Көңіл бөлмейді. Ол түсінікті. Өйткені, өмірде қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ. Егер ол тілге қажеттілік жоқ болса, ол пайғабардың тілі болсын, президенттің тілі болсын, ешкім оқымайды. Қазақ тіліне деген қажеттілік жасалуы керек» - деп көпшіліктің қазақ тіліне деген ынтасын арттырудың бір себебін атап өтті.

Кезінде орыс тіліне деген сұраныс басым болған уақытта қоғам жылдам орыс тілін меңгеріп алды. Соңғы уақытта ағылшын тіліне деген қажеттілік халықтың еш қиындықсыз жаппай осы тілді меңгеруіне мұрындық болды. Тәжірибе көрсеткендей, орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту  мәселесі әдістемеде, болмаса тілді үйретуде емес, сол тілге деген қажеттіліктің жоқтығын көрсетіп отыр.  

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газеттері» ЖШС

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

Суреттерді түсірген: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

41869 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз