Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 01 Қаңтар, 2019

Елорданың медицина қызметкерлері баспанамен қамтылады

Астанада медицина қызметкерлері үшін баспана салынатын болады. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров ана мен бала өлімі оқиғаларының санын азайтуға бағытталған шараларды қабылдау жөніндегі қалалық штабтың көшпелі отырысында мәлімдеді.

Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, 20 жылда елордада 287 мың сәби дүниеге келген. Осы жылдары ана мен бала өлім-жітімін азайту мақсатында шұғыл шаралар қолға алынды. Олардың аясында елорда ауруханаларындағы орын саны арттырылып, кадр тапшылығы мәселесі шешілді, қызмет көрсету мамандары біліктіліктерін көтерді.

«Елорда тұрғындары санының өсімін есепке ала отырып, № 1 аурухананың базасында 250 орынға арналған жаңа босандыру блогының құрылыс жобасын бастадық. Сондай-ақ, № 2 көпбейінді ауруханада орын санын 185-тен 220-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдадық», - деді Қамалжан Надыров.

Қ. Надыров атап өткендей, кадр тапшылығын жою үшін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы еліміздің жетекші ЖОО-мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Қажетті мамандар мемлекеттік грант есебінен дайындалып жатыр.

«Мамандардың тапшылығына әсер ететін факторлардың бірі - Астанада тұрғын үйдің жоқтығы. Тек биылдың өзінде босандыру қызметінің білікті мамандарына 11 пәтер бөлінді. Алдағы уақытта медицина қызметкерлеріне баспана салу жоспарлануда. Сондай-ақ, баспананы қолжетімді ету мақсатында тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесі де қарастырылуда», - деді ол.

Құрамында білікті акушер-гинеколог, қан тамырлары хирургтері, анестезиолог-реаниматолог мамандары бар мобильді топтар құрылды.  Тамыз айында басқарма № 1 перинаталды орталық пен  № 2 қалалық аурухананы біріктіру арқылы № 2 қалалық көпбейінді аурухананы құрған болатын. Бұл, өз кезегінде экстрагениталды патологиясы бар әйелдерге уақытылы және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Соңғы жылдары экстрагениталды патологиясы бар аяғы ауыр әйелдердің миграциясы артқан. Мәселен, 248 әйелдің 34% - басқа қалалардың тұрғындары болып табылады.

2331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз