Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Басты ақпарат
  • 31 Желтоқсан, 2018

Нұрлан Нығматуллин:Мәжіліс 40-тан астам заң жобасын мақұлдады, әлі 40-тан астамы талқылануда

2018 жылдың соңғы жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталған төрт айдан бері атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды жасады. Палата Төрағасы атап өткендей, депутаттық корпус өз жұмысында ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сессияның ашылуында және биылғы Жолдауда берген тапсырмаларын басшылыққа алды. Қыркүйек айында төртінші сессияны ашқан Елбасы еліміздің одан әрі сындарлы экономикалық-әлеуметтік дамуын сапалы заңнамалық қамтамасыз етуге баса назар аударған болатын. Президент тапсырмасын жүзеге асыра отырып, Мәжіліс депутаттарына сессия басталғанда 82 заң жобасы ұсынылып, оның 40-ы мақұлданып, 21-не Мемлекет Басшысы қол қойып, күшіне енді.
- Мәжіліс депутаттары Елбасының тапсырмасы бойынша ең алдымен барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған заң жобаларына назар аударды, - деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы төртінші сессияның алғашқы күнінен бастап депутаттық корпустың белсенді жұмыс атқарғанын атап өтіп, алдағы уақытта да Мемлекет Басшысының тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды. Төрт айдың жұмысын қорытындылай келіп, Мәжіліс Төрағасы:
- Сессия басталғалы 7 «үкіметтік сағат», Парламенттік тыңдау, 7 Мәжіліс комитеттерінің «көшпелі отырыстары», 3 халықаралық конференция өтті.Бұған қоса, сайлаушылармен жұмыс істеу, тиімді «кері байланысты» орнату біз үшін өте маңызды, - деді.
Сондай-ақ, Президенттің биылғы Жолдауын жария еткеннен кейін, Мәжіліс депутаттары халықпен кездесу үшін өңірлерді аралауға шықты. Отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы:
- Бүгінгі күні Мәжіліс қарауында тағы да 40-тан астам заң жобасы бар. Осы құжаттардың барлығын сессиямыздың соңына дейін жан-жақты талқылап, жоғары деңгейде қабылдауымыз қажет. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету, ол – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, барлық фракция депутаттары әдеттегідей, бірлесіп, тиімді, белсенді және нәтижелі қызмет атқаруымыз керек,-деді.
Нұрлан Нығматулин әріптестеріне белсенді және бірлескен заңнамалық қызмет үшін алғысын білдіріп, келесі жылы барлық фракциялардың үйлестірілген және кәсіби жұмысы арқасында барлық депутаттар, Парламент Мәжілісі Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сапалы және тиімді заңнамалық қолдау көрсететініне сенім білдірді. Тұтастай алғанда, Мәжіліс депутаттары төртінші сессияның басында өзін-өзі еңбекпен қамту, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізу, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сатып алу мәселелеріне байланысты заң жобаларын мақұлдады. Сонымен бірге, «Табиғи монополиялар туралы» және «Кинематография туралы»заң жобалары да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Мемлекет Басшысының Жолдауын жүзеге асыруды толыққанды қаржыландыру үшін депутаттар елімізідің басты қаржы құжаты - «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжатты талқылау барысында бөлінген бюджеттік қаржыларды тиімді игерудің маңыздылығын, әрбір тиын мақсатты түрде қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуге тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ, Палата Спикері әрбір заң жобасы Мәжілісте қызу талқыланып, мұқият қаралып, халықтың игілігіне жұмыс істеу керектігіне тоқталды. Сессия басталғаннан бері құзырлы мемлекеттік органдарға 95 депутаттық сауалдар жолданды. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары Тұрғын-үй құрылысы, мемлекеттік қызмет көрсету, басқа да мәселелерге қатысты заң жобаларымен жұмыс істеуде. 2019 жылы Мәжіліс Елбасы міндеттерін заң жағынан қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Депутаттардың заң шығармашылық жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмендету, экология мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттарында болмақ. Сондай-ақ, бизнес ортаны дамыту және сауда қызметі мен туризм мәселелері басты назарда болады.

www.parlam.kz

1769 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз