Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 18 Қаңтар, 2019

Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне жаңа ғимарат салу жоспарлануда

17 қаңтарда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Мақат ауданына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, - деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нысандарды араламастан бұрын облыс әкімі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Мақат ауданының әкімі Жұмабай Қарағаев балабақша кезегінде 800 бала тұрғанын атап өтті. Үш балабақшаның құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл нысандар мектепке дейінгі ұйымдарына кезек мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Доссор поселкесінде тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр, осындай үйді Мақатта салу да жоспарда бар. Мүмкіндігі шектеулі балалардың проблемасын шешу үшін облыстық, аудандық бюджеттерден қажет қаражат бөлу болжанып отыр.

Сапар барысында аймақ басшысы балалар өнер мектебіне барды. Оқу орнында 350 бала білім алуда. Өнерге баулитын мектеп талантты балалар тәрбиелеп жатыр. Бүгінге дейін мектептің 200-ден астам оқушысы әр түрлі деңгейдегі байқауларда жүлдегер атанған.

Облыс әкімі Мақат поселкесіндегі тазарту қондырғысының құрылысымен де танысты. Өңір үшін маңызды бұл нысан құрылысы 2018 жылы басталған. Жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны 3,7 млрд теңге. Тазарту қондырғысына аудан толығымен қосылатын болады. Осы арқылы экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік туады. Бүгінге дейін барлық кәріз қалдықтары тазармаған күйінде буланы алаңына құйылып келеді.

Нұрлан Ноғаев аудандық қорғаныс істері бөлімі мен санаторлық типтегі «Шапағат» балалар бақшасына да барды. Аудандық қорғаныс істеру бөлімінде облыс әкімі жақын арада жаңа ғимарат құрылысы басталатынын атап өтті.

-Қазір аудандық қорғаныс істері бөлімдеріне жаңа ғимарат салудың типтік жобасын жасап жатырмыз. Бірінші нысан Махамбет ауданында салынады, кейін басқа аудандарда да жалғасады, - деді Нұрлан Ноғаев.

120 орындық балабақша құрылысын да аймақ басшысы арнайы барып көрді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан балабақша құрылысы жоспарға сай жүруде. Айта кету керек, балабақша 1985 жылы салынған бұрынғы ғимаратының базасында жаңадан бой көтеріп жатыр.

Облыс әкімі «Туған жер» аллеясына да барды. Абаттандырылған аллея 2018 жылы КТК-К компаниянысының қаражатына салынған. Демалыс орнының жалпы ауданы 6 мың текше метрден асады. Мұнда келушілер Мақат ауданының тарихымен таныса алады. Дәстүрлі өнерді, ұлттық спорт түрлерін насихаттау бағытында 3D композициялар орнатылған. Аллеяға келушілерге Wi-Fi желісіне тегін қосылу мүмкіндігі де қарастырылған.

Аймақ басшысы жаңартылған Жеңіс саябағына да барды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылы Жеңіс саябағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Мәрмәр тақтада ауданнан екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, оралмаған 1625 боздақтың есімдері жазылған.

1289 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз