Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Басты ақпарат
  • 22 Қаңтар, 2019

Меруерт Қазбекова: Қаржы министрлігі шағын және орта бизнесті тұншықтыруға көшті

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова мемлекеттік тапсырыс кезінде атқарушы орган қызметкерлерінің шағын және орта бизнес өкілдерінің құқығын өрескел бұзып отырғандығы туралы мәлімдеме жасады. Қаржы министрінің 29 желтоқсандағы бұйрығында мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру Ережесіне өзгертулер енгізілді. Бұның алдындағы ереже бойынша, конкурста баға ұсынысы бірдей болған жағдайда тауар сатып алу, қызмет көрсету нарығында жұмыс тәжірибесі мол, сондай-ақ, дәл осы салада іс-тәжірибесі бар қатысушыларға басымдық берілетін. Егер бірдей баға ұсынып отырған қатысушылардың жұмыс тәжірибесі де теңдей болса, конкурсқа құжаттарын өзгелерден ертерек өткізген орындаушыларға басымдық берілетін. «Біздіңше, осы талап кәсіпкерлер арасында әділ бәсекелестікке мүмкіндік жасайтын. Олардың ақпараттық технологияларды белсенді пайдалануына, мемлекеттік органдардың жариялаған байқауларына реакция танытуына және оны бақылап отыруына жағдай жасайтын. Алайда, 29 желтоқсанда жасалған өзгеріс бойынша, бұйрықтың 172 пункті мемлекеттік тапсырыстағы басымдық соңғы төрт жыл ішінде жоғары салық төлеген ұйымдарға берілетін болды. Бұл дегеніңіз басымдық аса ірі бизнес өкілдеріне беріледі дегенді білдірмей ме?  Ал шағын және орта кәсіпорындар ірі бизнес субъектілерімен бәсекелесе алмай қалады ғой. Шағын және орта бизнесті әділетсіз бәсекелестіктен және нарықты монополиялаудан қорғаудың орнына, Қаржы министрлігінің шенеуніктері осы теңсіздікті заңдастырып отыр. Бұл өзгеріс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға да қайшы келеді. Бұл өзгерістер мемлекеттік сатып алу нарығын ірі бизнес субъектілерінің монополиялауына және шағын және орта бизнесті бұл саладан мүлдем ығыстыруға алып келеді. Бүкіл әлемде шағын және орта бизнес субъектілері инновация мен жаңа сапа стандарттарының қайнар көзіне айналып отыр. Дәл осы сектор арқылы ұлттық экономиканың табысы бөліске түседі және ол әлеуметтің қажетіне айналады. Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде жариялайды. Ал біздің шенеуніктер бұқаралық кәсіпкерлікті тұншықтыруды қолға алды, сөйтіп қоғамдағы оның ірі үлесін жоққа шығармақ», - делінген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолданған депутаттық сауалда.

Е. Байнұр.

2186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз