Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 01 Ақпан, 2019

Алматыда «Қазақ-Қырғыз тартуы» концерті өтті

31 қаңтар күні Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында, сондай-ақ Құрманғазы оркестрінің 85 жылдық меретойы аясында өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан ерекше концерт өтті. «Қазақ-Қырғыз тартуы» деп аталған өнер кешінде Қырғыз Республикасының халық артисі, Қырғыз Республикасы үкіметінің Мемлекеттік сыйлығының иегері,  профессор, танымал дирижер Бактыбек Тилегенов дирижерлік етті.

         Бауырлас екі елдің ынтымағы мен достығын нығайтуға арналған кеш барысында Қазақстан, Қырғызстан және шетел композиторларының үздік туындылары тарту етілді. Атап айтқанда, Құрманғазының күйі «Балбырауын», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Винченцко Кьяраның «Испанское болеро», Токтогул Сатылгановтың «Мың-қиял», Нұрғиса Тілендиевтің «Бауырлаштарым», Витторио Монтидың «Чардаш» (қобызда орындаған халықаралық байқаулардың лауреаты Әсел Рақымжан), Иоганнес Брамстың «Венгер биі», Ахмет Жұбановтың «Тәжік биі», Арам Хачатурянның «Бал Маскарад»,  Әли Алпысбаевтың «Экспромт», Шекербек Шеркуловтың «Эргиме», Георгий Свиридовтың «Тройка и вальс» және басқа да әйгілі сазгерлердің туындылары жоғары деңгейде орындалып, халықтың ықыласына бөленді.

         Концертте Қырғыз елінен арнайы келген танымал әншілер өнер көрсетті. Халықаралық байқаулардың лауреаты Аскат Мусабеков Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әнін, Муратбек Бегалиевтың «Сағындым» әнін белгілі қырғыз әншісі Бактыгул Бокоева нақышына келтіре шырқады. Ал Сардарбек Жумалиев қырғыздың «Таң сыры» тәрізді бірқатар белгілі әндерін орындады. Сонымен бірге сахнада «Күй тартыс» өткізіліп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Батыржан Мықтыбаев және Қырғыз Республикасынан келген қонағымыз, комузшы, Халықаралық конкурстардың лауреаты – Дуйшенбек уулу Закирбек өнер көрсетті.

Кеш соңында Құрманғазы оркестрі директорының орынбасары Мухамбет Ашхатұлы дирижер Бактыбек Тилегеновке зор алғысын білдіріп, қазақтың салтымен иығына шапан жауып, сый-сыяпат көрсетті. Қырғыз өнерпаздарына белгілі дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова да өзінің ақ тілегін жеткізді.

Дәуіржан Төлебаев

 

2362 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз