Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 15 Ақпан, 2019

«Kazakh TV» арнасының жобасы Wild Sheep Foundation-ның арнайы сыйлығына ие болды

«Kazakh TV» телеарнасының («Хабар» Агенттігі) «OutdoorKZ» жобасы табиғатты қорғау саласындағы Sheep Show 2019 конвенциясында арнайы сыйлыққа ие болды. АҚШ-тың Невада штатындағы  Рино қаласында өткен шарада бағдарлама авторы әрі жүргізушісі Максим Левитин марапатталып, оның Қазақстан және Орталық Азиядағы арқарларды сақтап қалу бойынша әзірлеген еңбегі ерекше аталып өтті, - деп хабарлайды арнаның баспасөз қызметі.

OutdoorKZ – бұл Қазақстанның ұлан-байтақ даласы, көрікті жерлері мен жабайы табиғатына саяхат жасайтын бағдарлама.

Невададағы конвенция «Wild Sheep Foundation» қорымен ұйымдастырылған. Бұл қор бүкіл әлемдегі жабайы тұяқты жануарлар мен арқарларды сақтап қалу мәселесімен айналысады.

«Ұйымдастырушылар «Kazakh TV» арнасынан шығатын бағдарламаларды қарап шыққан. Біз оларға сілтемелерін жібердік, кейін бізді конвенцияда баяндама жасауға шақырды. Шарада табиғат қорғаушылары, бизнесмендер мен танымал тұлғалар,  жалпы 1000 аса адам болды. Біз қысқа бейнеролик көрсеттік, солай Орталық Азиядағы жануарларды қорғау мәселесі туралы жұмысымыз сыйлыққа ие болды. Өте қуаныштымыз»,дейді Максим Левитин.

Жиынға түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан, оның ішінде SULi мамандары да бар. Аталмыш ұйым табиғатты пайдалану және өмірді қамтамасыз ету бойынша Халықаралық Табиғатты Қорғау Ұйымы болып табылады. Левитиннің сөзінше халықаралық ұйымдар Қазақстанның жануарлар әлемін қорғау мәселесіне баса назар аударады екен.

«Жануарларды қорғаудың маңызын бүкіл әлем түсінеді, бізде табиғатты қорғау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Қорғаудың бір жолы – халықты тәрбиелеу, осы тұста жануарлар әлемі туралы хабар тарататын телеарналардың, БАҚ-тың  рөлі маңызды. Бұл өте маңызды және бүкіл әлемдегі табиғатты қорғаушылар тарапынан жоғары бағаланады», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында «OutdoorKZ» жобасы «Ұлттық туризм марапатының «Үздік тележоба» аталымын жеңіп алды.

«Жабайы жануарларды өздерінің табиғи ортасында түсіру оңай емес. Адам аяқ баспайтын жерлерге барып, апталап сәтті кадр күтесің. Бұл тәжірбие жабайы табиғат туралы білімің мен телевизиялық шеберлігің бір жерде түйіскенде жиналады», - дейді Левитин.

998 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз