Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Басты ақпарат
  • 18 Ақпан, 2019

Мұрат Бахтиярұлы, Сенатор: Көп балалы отбасылардың жәрдемақысын өсіру керек

Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, көп балалы отбасылардың әрқайсысына төленетін жәрдемақыны өсіруді сұрайды. Депутаттың ұсынысы бойынша көп балалы отбасылардың әр баласына төленетін жәрдемақы ең төменгі жалақының жартысына тң болуы қажет. «Үкімет жанынан «Халықтың табысын арттыру және тұрмысын жақсарту бағытында ұсыныстар әзірлеу» жөнінде жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобы аясында еліміздегі барлық облыс, қала, аудандардың құрамында құзырлы мекемелердің өкілдерінен тұратын жұмысшы топтар құрылып, жұмыс жасауда. 2019 жылы еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 3.043, 4 млрд теңге, яғни барлық бюджеттің 28,4 пайызы бөлінді. Ал тек әлеуметтік төлемдерге 2.884,4 млрд қарастырылды. Бұл өткен 2018 жылмен салыстырғанда 372,2 млрд көп» - деді ол. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 340 мыңнан астам көп балалы отбасы тіркелген. Оның 237 мыңы - «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері. Сонымен бірге 85 мың мүгедек бала, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айрылған жалғыз басты ана, 68 мыңнан астам балалары бар жалғыз басты әке бар екен. Мұрат Бақтиярұлы күнкөріс шегінің көлемін өмір сапасына бейімдеп, қайта есептеп шығуды және тағы да басқа ұсыныстарын алға тартты. «Біздегі ең төменгі күнкөріс шегі күніне 881 теңге кіріс кіретіндер болып саналса, БҰҰ-ның стандарттары бойынша ең төменгі күнкөріс шегінің көлемі 5 доллар, яғни 1875 теңге болып есептелінеді. Сондықтан да Үкімет, біріншіден, ең төменгі күнкөріс шегінің көлемін қазіргі шынайы тұрмысқа, өмір сапасына бейімдеп қайта есептеп шығуы керек. Екіншіден, «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ (ажырасқан, жесір, т.б.) аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының көлемінде жәрдемақы төлеудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Үшіншіден, көптеген дамыған елде бар көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Төртіншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдемақылар мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмауды ұсынамыз. Бесіншіден, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың үй кезегін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қолжетімді алдын ала жарнапұл төлемей жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс», - деді Мұрат Бақтиярұлы. Ең төменгі жәрдемақының қазіргі құны 42 000 теңге. Егер депутаттың ұсынысы қолдау тапса, 4 балалы отбасы 84 мың, 5 балалы отбасы 105 мың теңгеге дейін жәрдемақы алатын болады. Әзірге бұл тек ұсыныс қана. Үкімет бұл ұсынысқа қандай реакция танытатыны әзірге белгісіз.

Есен Байнұр

2510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз