Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 25 Ақпан, 2019

Алматы облысы әкімінің қабылдауында аз қамтылған және көп балалы отбасылары мәселелерінің шешілу жолдары қаралды

Облыс әкімі Амандық Баталов 30-дан астам азаматты, соның ішінде аз қамтылған және көп балалы аналарды қабылдады. Олардың үшеуі есепті кездесуде облыс әкімі А.Баталовтың қабылдауына жазылған болатын, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Солардың бірі Талдықорған қаласының тұрғыны, зейнеткер Жарылқасын Тұрысбекова өз отбасы мен қалалық полиция қызметкерлері арасында болған түсінбестік және соған байланысты мұғалім баласының жұмыс орнында проблемалар туындағанын жеткізді. Өз кезегінде Амандық Баталов облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Жанболат Зиадинге жағдайды анықтап, шешімін хабарлауды тапсырды. Сол сияқты облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларына мұғалімнің мүмкіндігінше жұмыс орнын сақтауды қарастырып, оған барынша моральдық-психологиялық және медициналық көмек көрсету керектігін айтты.

Екінші болып облыс әкімінің қабылдауына кірген Көксу ауданының тұрғыны, көп балалы ана Айгерім Есенғұлова шағын үйде қазір екі отбасы, яғни 12 адам тұрып жатыр тұрып жатқанын айтты. Тұрғын үй кезегінде 65-ші болып тұр. Облыс әкімі мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйлер заңға сәйкес кезек ретімен берілетінін еске салды. Ал кезек ретінің жылжуын қузау үшін тұрғын үйлерді көптеп салу қарастырылмақ. Мәселен, биылғы жылы көп балалы отбасыларға арнап екі көп қабатты тұрғын үй, жалпы саны 120 пәтер салу жоспарланып отыр. Сол сияқты көп балалы отбасыларына арналған үйлерді әрбір аудан орталықтарында да салу қолға алынады. Осындай шаралар жайлы айта келе, облыс басшысы Көксу ауданының әкімі А. Әділге А. Есенғұлованың тұрғын үй мәселесін шешуге «Кең Дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев сияқты жергілікті ірі кәсіпкерлерді тартуды тапсырды.

Бұдан өзге облыс әкімінің қабылдауына аз қамтылған және көп балалы отбасыларының мүшелерінен жалпы саны 30-дан астам адам кірді. Олар бірнеше әлеуметтік мәселелерді көтерді. Солардың ішінде бірқатарының мәселесі сол мезетте шешімін тапты. Мәселен, 8 баланың анасы Айнагүл Тоқпанбетова І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-да 2 курста ақылы бөлімде оқитын баласын тегін оқытуға ауыстыруға бола ма деген сауалын қойды. «Есепті кездесуімде айтқан едім, республикада алғашқылардың бірі болып көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта дайындап жатырмыз. Соның шеңберінде осындай отбасыларының балаларына арнап жоғарғы оқу орындарында тегін оқумен қамту үшін қосымша 100 грант бөліп отырмыз. Сіздің балаңыз сол 100 грант иелерінің тізіміне кірген алғашқылардың бірі болады», - деді А. Баталов.

Атап өтсек, аналардың көтерген мәселелердің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына байланысты болды. Соның ішінде емдеуге квота алу, кепілдік берілген тегін дәрі-дәрмекпен дер кезінде қамтамасыз ету, мүгедек балаларды оңалту орталықтарына жіберу, ВТЭК-тен өтудегі туындайтын қиындықтар мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жергілікті жерлердегі бөлімдерінің жұмысына бірқатар сын айтылды. Сала қызметкерлері халыққа қызмет көрсету барысында дөрекілік көрсететіні, мүгедектерге берілетін қажетті техникалық қозғалыс құралдарын және гигиеналық құралдардың кешігіп берілетіні сөз болды.

Амандық Баталов облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшыларына айтылған әрбір мәселені жеке зерделеп, тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды. Осы кездесуде Шайқорған, Мерекелік, Үйтас саяжайларының тұрғындары да өз мәселелерін жеткізді. Жол жөндеу, жылы аялдамалар, камералар қою, арық жүйесін жасау, сол сияқты Шайқорған бау-бақша қоғамының құжаттарын жасауға, Үйтас саяжайының суармалы су жүретін жүйесін жөндеуге көмек сұрады.

Кездесу барысында бірнеше мәрте көтерілген тұрғын үй мәселесіне қатысты да облыс әкімі толық түсіндіріп берді.

- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үй тек кезектегілерге және қатаң түрде кезек ретімен берілетінін тағы да естеріңізге саламын. Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын баспанамен қамту көлемін ұлғайту үшін салынатын тұрғын үйлер құрылысын көбейтеміз. Бұл ретте бізге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы үлкен мүмкіндіктер береді. Біз көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында Әлеуметтік карта әзірлеп жатырмыз. Аталған санаттағы отбасыларын қолдау үшін үш млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді. Әлеуметтік карта шеңберінде облыс орталығында көп балалы отбасылар үшін көп қабатты екі үйдің жобасы әзірленіп жатыр, сол сияқты коттедж қалашығынан да үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылады. Осы санаттан «7-20-25» бағдарламасына қатысатындарға 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаты беріледі, бөлінетін соманың жалпы көлемі 300 млн. теңге болады, - деді А. Баталов.

 

933 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз