Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Наурыз, 2019

"Ұстаз аты-биік әрі, мәңгілік"

Мұғалім мамандығы-барша мамандықтың атасы. Ал шәкірт жүрегінен орын таба білу ұстазға тән қасиет. Жасындай жарқ ете шыққан қысқа ғана ғұмырында осындай қасиеттерді бойына жинап, бар шәкіртті баласындай көріп, "спорт" атты биік шыңға жол салған Жамбылдық Есжан Беркімбаевтың есімі көптің көңілінде сағынышпен қалып қойғандай. Күні кеше ғана шәкірттері мен достары, ұстаздары мен әріптестері, туған-туыс, ауыл-аймақ болып, спорт шеберін еске алып, турнир өткізді.  Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ерназар ауылында өткен турнир қазақ күресі мен волейболдан жалғасын тапты. Оған ауданның мықты-мықты командалары жиналып, бақтарын сынасты. Осы шараның ұйымдастырылуын бастап жүрген Байгелді Кейкиев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің жас маманы Руслан Байгелді мен әріптестері, марқұмның сыныптас достары болатын. Шарада Ерназар ауылының әкімі Мырзахан Әбдіқұлов осындай турнирлердің ауыл спортын биікке көтеретінін айтып, Самбо күресінен спорт шебері Есжан Беркімбаев туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде әкім жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, еске алу турниріне Есжан Беркімбаевтың анасы Шолпан Мақатаева мен туған әпкесі, Б.Кейкиев атындағы орта мектебінің биология пәнінің жоғары санатты мұғалімі Жеңіскүл Беркімбаева және қарындасы Ержанай Беркімбаевалар келіп, жылы естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Қазақ күресі – ұлттық салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі екені рас. Бүгінде спорттың бұл түрі кең етек жайып келеді. Сондықтан, еске алу турнирінің бірінші күні, 2006-2010 жылғы жасөсіпірімдер арасындағы қазақ күресімен басталды. Оған жеті салмақ дәрежесі бойынша 80 оқушы қатысты. Ауданың әр түкпірінен келген кіл мықтылар жиналған бәйге қызу тартысқа толы болды. Нәтижесінде, бірінші орынға Дидар Қырғызәлі ие болды. Барлық жеңімпаздар марапатталып, сертификаттар берілді. Пернебек Дубаев, жоғары санаттағы жаттықтырушы: -Өрнек ауылындағы Спорт мектебінде 30 жылдай жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Әлі де осы қызметті тастаған емеспін. Әлем чемпиондарын, Қазақстан барысына баратын балуандарды дайындадым. Есжандар менің алғашқы оқушыларым болатын. Есжан - Ерназар ауылынан келіп, менің жаттықтыруым бойынша тәлім-тәрбие алып, кейін денешынықтыру институтына оқуға түсті. Содан, бітіріп осы спорттың маманы атанып, өзі туған ауылда дене шынықтыру пәнінен мұғалім болып, қызмет атқарды. Есжан бауырымызды еске алуға арналған туринирді өткізіп жатырмыз. Аса, Өрнек, Бірлесу-Еңбек, Пионер, Ерназар ауылынан балуандар қатысуда. Біздің Өректің өзінен 14 бала келді. Есжан бауырымыз, сондай ақкөңіл, жақсы жігіт еді. Топырағы торқа болып, алды пейіш, арты кеніш болсын! Сол бауырымызды еске алып, осы жарыстың ұйымдастырылуына атсалысып жатырмыз. Қазақ күресі бойынша турнирді Батырхан Әбдіқұлов жүргізуде. Жеңіскүл БЕРКІМБАЕВА, Б.Кейкиев атындағы орта мектептің мұғалімі, әпкесі: -Есжанның өмірі - аққан жұлдыздай өте шықты. Бірақ, оның артында қалған ізгі ісі мұра болып қалды. Сол мұраны жалғастырушылар-шәкірттері. Шәкірттері болған Іңкәр, Серік, Ардагер, Русландар бүгінде үлкен шара өткізіп отыр. Русланды ерекше айтқым келеді. Осыдан екі апта бұрын маған жолығып, "Ағайымызды еске алуға арналған турнир өткізсек",-деп ұсыныс жасаған еді. Әрине, мен мұны қуанышпен қарсы аламын. Мың да бір алғыс айтамын! Есжан күресті өте қатты жақсы көретін. "Өзі сегіз қырлы, бір сырлы" азамат еді. Өзі күй тартып, ән де айтатын. Әрі, ол кезде көп қазаққа жаттау болған фотоөнеріне де өте бейім еді. Сурет шығару ол кезде оңай шаруа емес. Бірақ, соның кереметін ерекше сезінетін. Тіпті, түсірген адамдарына сыйлық ретінде бере салатын. Өзі ауырып жүрсе де, сабақтарын қалмай жүргізіп, осы залдан шықпайтын. Баланы спортқа тәрбиелеудегі мұғалімдік мәртебелі бейнесімен шәкірттерінің жүрегінде қала білді. Нұржас БЕЙСЕН, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы: -Қазақ күресінен 7 жасымнан бастап айналысып келе жатырмын. 12 медаль бар. Жетеуі-бірінші орын, қалғандары екінші және үшінші орынға тиесілі. Аудандық, облыстық, республикалық турнирлердің барлығына қалмай қатысып, жүлдеден үміттенеміз. Жаттықтырушым - Ермахан Қапалбаевтың шәкіртімін. Ол кісінің дайындаған чемпиондары көп. Сондықтан біз де, жақсы жеткістікке жетсек деп армандаймыз, мақсат қоямыз. Қарсыластарым да осал емес. Сондықтан жарысқа барынша дайындықпен келдім.   Қалжан КӨПЕСОВ, досы: -Есжанмен бірге бірінші сыныптан бастап, оныншы сыныпқа дейін бір партада оқыдық. "Әліппенің" алғашқы әріптерін де бірге таныған едік. Бала кезден Есжан спортқа құмар болатын. Ойында жақсы көрсеткіштерге жететін. Көршілес Өрнек ауылынағы күрес үйірмесіне жаяулатып барып келетінбіз. Әрі қалмайтынбыз. Пернебек ағайдың арқасында көптеген биік дәрежеге жеттік. Мектеп бітіргеннен кейін, бауырымыз Алматыға өзі қалаған оқуына түсті. Алатау бөктеріне барғанда досымызды көріп, қуанып, жақсы бас қосатынбыз. Менің ең жақын жолдас бауырым еді. Сондай сағыныштарға толы кездер десеңізші!.. Міне, бүгін сол асыл бауырымзды құрдастары болып еске алып, турнир өткізіп отырмыз. Досымыздың есімі артымыздағы бала-шағамыздың есінде болсын, үлгі алсын деп, осы шараны өз дәрежесінде өткіздік. Есжан Беркімбаевты еске алуға арналған турнирдің екінші күні волейбол жарысымен жалғасты. Оны Есжан Беркімбаевтың сүйікті шәкірті, ізбасары, мектептің дене шынықтыру пәнінің жас маманы Руслан Байгелді ұйымдастырды. "Біз үшін ұстазымыздың жарқын бейнесі әрдайым жүрегімізде. Ол кісінің үйреткен спорттық шеберлігі бізге көп көмегін тигізді. Шараға ұстазымыздың ұстазын да шақырдық. Барлығы ризашылықтарын білідіріп жатыр. Шәкірттік парызымыз деп білеміз. Сондықтан, ұстазға деген құрметті жасөспірім жас жеткіншектер біліп жүрсін деген ізгі ниетпен Есжан Беркімбаевтың атындағы турнирді арнайы ұйымдастырдық. Сондай-ақ, мұндай шаралар оқушылардың спортқа деген сергектігін оятып, білімде ширақ болып қалыптасуына көмектеседі. Осындай игі шаралардың әлі де жалғасын табатынына сенімдімін",-дейді Руслан Байгелді. Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ойыншылар сегіз топқа бөлініп, жеңіс кубогін сарапқа салды. Жарыс бар жерде, жеңімпаз бар. Сонымен, тартысты өткен волейбол жарысында бірінші орынға Жамбыл ауданының Байгелді Кейкиев атындағы орта мектебі командасы, екінші орынға Тараз қаласындағы №50 мектебі, ал үшінші орынға Ерназар жастары командасы ие болды. Жарыс қорытындысы бойынша, командааралық және жекелей танылған жарыс жеңімпаздарына арнайы жүлделер табысталып, марапатталды.   Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ (суреттерді түсірген автор) Жамбыл облысы

3836 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз