Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 15 Наурыз, 2019

Татарстанда Қазақ кино күндері өтіп жатыр

Үстіміздегі жылы наурыз айының 15-і мен 18-і аралығында, Наурыз мерекесіне орай, Қазан қаласында Қазақстан кино күндері өтіп жатыр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және «Татаркино» бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін мәдени іс-шара аясында «Қазақфильм» киностудиясында әр жылдары жарыққа шыққан үздік отандық фильмдер көрсетіледі. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі хабарлайды. 

Аталған мәдени іс-шараның негізгі мақсаты кинематография саласындағы екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ ресейлік көрермендерді Қазақстанның заманауи киносымен таныстыру.

Қазақ киносының күндері бүгін, наурыздың 15-нде ресейлік режиссер Сергей Снежкиннің «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмімен ашылады.  Басты рөлді сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов аталған фильмді көрермендерге өзі таныстыратын болады.

«Елбасы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімі – «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі Кеңес  Одағының құлауы,  жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды.  Фильм 1984-1991 жылдар аралығын қамтиды. Аталмыш көркем фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға зер салып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысының дүниежүзілік ауқымда ынтымақтастықты арттырудағы айрықша қызметін саралайды.

 Қазақ киносы күндері шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясының басқа да туындылары көрсетіледі, олар: «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» режиссері Рүстем Әбдірашев, «Әміре» режиссері Джефри Веспа, «Оралман» режиссері Сәбит Құрманбеков,«Талан» режиссері Болат Қалымбетов. Ал 18-ші наурызда Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» фильмі ұсынылады.

1460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз