Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 15 Наурыз, 2019

ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ: ЖЕРДІ ҚАЙТЫП АЛМАС БҰРЫН, АҚЫЛҒА ЖҮГІНГЕН ДҰРЫС

Әкімдіктер жер телімдерін беруде саудаға салмастан 4 жыл ішінде 2,5 мыңдай заң бұзушылыққа жол берген. Бұл мәліметтер «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен ҚР Жоғарғы Соты Төрағасы Жақып Асановтың қатысуымен өткен отырыста айтылды.

Жер телімдерін аукционсыз алған және сот тәртібімен жерлері алынып жатқан кәсіпкерлерден «Атамекенге» шағымдар толассыз түсуде. Іс жүзінде бұл жағдайлар бизнесті шығынға батырып, соңы бизнестің жабылуына әкелуде. Осыған қатысты Ақмола және Қостанай облыстарындағы жерді қайтарып алудағы бірнеше кәсіпкердің жағдайы отырыста тілге тиек болды.

«Бизнесті қолдау жолында мемлекет қаншама қаражат бөлуде: өндірістік аймақтар құрып, инфрақұрылымға қаржы бөлінуде... Кәсіпкердің кінәсі неде? Ол ешкімге қол жаймай, барлығын өз қолымен салады. Ал, ертеңінде жерін алып қояды. Соңы банкротпен аяқталуда. Бұл көзқараспен ешқашан экономикамызды дамыта алмаймыз. Бүгінгі күні мұндай сот шешімдер арқылы қаншама қателіктерге ұрынуымыз мүмкін. Жерді қайтып алмас бұрын, ақылға жүгінген дұрыс. Егер шыныменде жер телімі игерілмей, ұзақ уақыт бос жатса, онда жерді қайтару туралы сұрақтың көтерілуі орынды. Ал ол жерде кәсіпорын салынып, барлық нормалары сақталса, кәсіпорынды іске қосу керек. Жер телімдерін беруде заң бұзушылыққа жол берген шенеуніктер заң алдында жауапты болуы тиіс. Ал қазір кәсіпкер шығынға батқанымен, шенеуніктер жауапкершілікке тартылмауда», - деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы бизнеске тигізген шығыны үшін лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуда соттың рөлін күшейту қажеттілігіне сенімді. Тіпті, сот шешімі кәсіпкер тарапына шешілген күннің өзінде, бизнестің шығындарын бюджет есебінен өтеу өте күрделі шаруа.

«Бұл процедураларды бірізділікке түсіру қажет. Мемлекеттік органдарының іс-қимылдарына шағым жасау мен кеткен шығынның орнын толтыруды бір сот процессіне біріктіруіміз керек. Осы сауал төңірегінде әлемдік тәжірибеге көз жүгіртейікші...Бүгінгі күні, өкінішке орай, бизнеске қатысты мемлекеттік жауапты тұлғалардың жауапкершілігі жайлы мәселені ешкім көтермейді. Ал, бұл өте үлкен қателік. Егер, соңы немен аяқталатынын біліп тұрса, шенеуніктер мұндай қадамдарға барар алдында ойланар еді. Заңдар барлығын күрделендіру үшін емес - мемлекеттің дамуы, экономиканың өрлеуі, жағдайдың жақсартуға көзделген», - деп түйіндеді Тимур Құлыбаев.

Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов отырыс қорытындысында көтерілген мәселелерді қысқа мерзімде шешуге тапсырма берді. Мұның нәтижесі Жоғарғы соттың тиісті нормотивтер қаулысын өзгертумен аяқталуы тиіс.

Әлия Кемелбекова.

1035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз