Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 03 Сәуір, 2019

«ХАБАР» АГЕНТТІГІ «CENTRAL ASIA’S GOT TALENT» ШОУЫН ҰСЫНАДЫ

2019 жылдың 3 сәуірінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Хабар» Агенттігі және «Telemasters.kz» телекомпаниясы «Central Asia’s Got Talent» (Орталық Азия таланттарды іздейді) телевизиялық жобасына іріктеу кезеңінің басталғанын мәлімдеді. Таланттар шоуына жасы, қызметі, біліміне қарамастан Орта Азияның (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан) кез келген өнерлі адамы қатыса алады. Байқаудың жеңімпазы көрермендердің ықыласына бөленіп, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады, - деп хабарлайды "Хабар"Агенттігінің баспасөз қызметі. 

Баспасөз-мәслихатына «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары - Ринат Кертаев, «Central Asia’s Got Talent» шоуының бас продюсері – Серік Акишев (Қазақстан), Zoʻr TV телеарнасының продюсері – Тимур Алиев (Өзбекстан), КТРК Телерадиотарату корпорациясының продюсері  - Қанатбек Құлтаев (Қырғызстан) «ТВ Сафина» телеарнасының халықаралық байланыс бөлімінің басшысы – Наргиза Касымова (Тәжікстан) қатысты. 

«Қазақстандық телевизия саласында алғаш рет барлық талантты адамдарды бір алаңға жинамақпыз. Отандық арналарда бұған дейін ән, би, спорт және т.б. өнер бәйгелері  өткен болатын. Ал, бұл байқауда кез келген дарынды адам өзінің мүмкіндігін сынап көреді. Сондай-ақ жобаның тағы бір ерекшелігі, Орталық Азия елдеріне ортақ шоу болады, яғни бағдарламаға қазақстандықтармен бірге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің азаматтары да қатыса алады. Біздің басты мақсатымыз –  өнерлі адамдарды іздеп, олардың бүкіл Орталық Азия мемлекеттеріне танылуына мүмкіндік беру» - дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары  Ринат Кертаев.

Got Talent – Fremantle британдық компаниясының форматы. Авторы Саймон Коуэлл. 2006 жылы маусым айында аталмыш телебайқау «America’s Got Talent» деген атпен Америкада жарыққа шықты. Осы уақытқа дейін лицензия арқылы формат әлемнің 70 елінде жүзеге асырылған. 2014 жылдың сәуір айында Got Talent әлемдегі ең сәтті телевизиялық формат ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Дәл сол кезде телебайқаудың франшизасы  әлемнің 58 елінде көрсетілген.

Central Asia’s Got Talent –  Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің азаматтарына арналған таланттар шоуы. Жоба 5 кезеңнен тұрады. Іріктеу, ашық тыңдалым, ширек финал, жартылай финал және ақтық финал. Бірінші кезеңде жобаға қатысушылардың өтініштері қабылданып, әрі қарай төрт елде іріктеу кезеңі  өткізіледі. Жобаның бас жеңімпазынан бөлек, төрт елден жеңімпаз анықталып, ақшалай сыйлыққа ие болады. Central Asia’s Got Talent шоуы төрт елде  «Хабар», «Zoʻr TV», «КТРК» және «ТВ Сафина» телеарналарынан көрсетіледі. 

Сонымен қатар баспасөз-мәслихатында Central Asia’s Got Talent жобасының аясында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері арасында әріптестік байланыс орнату жайлы меморандумға қол қойылды.  Төрт мемлекеттің өкілдері - Ринат Кертаев, Серік Акишев, Тимур Алиев, Қанатбек Құлтаев, Наргиза Касымова алтын тетікті басып, жобаның алғашқы кезеңі -  іріктеудің басталғанын мәлімдеді. Бұл жобаның ресми түрде іске қосылғанын білдіреді.  

Жобаға  қатысу үшін Орта Азия азаматтары +7 700 600 24 24 ортақ номеріне хабарлама жолдау, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жобаның ресми парақшаларына (@centralasiagottalent) хат жазып, өтініш білдіру арқылы қатысады.  Сонымен қатар іріктеу тобы офф-лайн режимде де жұмыс істейді. 2019 жылдың қыркүйек айында Central Asia’s Got Talent шоуының тұсауы кесіледі. Ал 2019 жылдың желтоқсанында Гранд Финал өтеді. 

998 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз