Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 04 Сәуір, 2019

Серік ӘБДЕНӘЛИЕВ, Бокстан халықаралық дәрежедегі төреші: Мені боксқа әкелген – Сейдахмет

Серік Әбденәлиев – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада төрешісі, Сидней Олимпиадасының Халықаралық дәрежедегі AIBA төрешісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері, елімізде бокстың негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлының төл шәкірті. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған ол бүгінде ҚР Олимпиада резервін даярлау орталығы директорының кеңесшісі. Жуырда елге танымал ардақты азаматпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Серік аға, сіз даңқты жазушы Сейдахмет Бердіқұловпен бір көшеде тұрған екенсіз. Бозбала күніңізде боксқа келуіңізге ықпал еткен де осы тұлғалар көрінеді. Сұхбатымызды осыдан бастасақ… – Рас, Сейдахмет Бердіқұлов ағамен бір көшенің бойында көрші тұрдық. Үйіміз қарама-қарсы еді. Арасы 15-20 метрдей ғана. Менің әкем колхозда комбайншы, Сейдахметтің әкесі колхоз басшысы болды. Бірақ біреудің жала жабуымен ұсталып кетті. Ол кезде заман сондай болды ғой. Сонда да әкем ол үймен қатысып тұратын. Қолы ашық кісі еді. Сейдахметтер біздің үйге, біз оларға барып, аралас-құралас болдық. Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Ауылдағы ер-азаматтарды жаппай әскерге алды. Бірақ біздің әкейді броньмен қалдырды. Өйткені соғысқа тамақ, егін керек. Арада көп уақыт өтпей майданнан қара қағаз толассыз келе бастады. Әкем соған шыдай алмады. 43-жылы военкоматқа барды да, өзі сұранып, соғысқа кетті. Әжем, анам, екі әпкем, қарындасым – алтауымыз қалдық. Әжем өте мықты кісі еді. Ешқашан дауыс көтермейтін, өте салмақты болатын, бірақ сөзі өтімді еді. Жалғыз ұл болғаннан кейін мені өзінің қолына алды. Үлкен әпкем 12 жаста. Бізді асырау керек болған соң жұмысқа шықты. Екінші әпкем 6-да, мен 4-темін. Қарындасым жасқа толмаған. Есімде, әкемізден латын әріптерімен жазылған хат келіп тұратын. Бәрін жинап жүр едім, жоғалтып алдық. Соңғы хатында Варшаваның түбінде екендерін, шабуылға шығуға бұйрық күтіп жатқандарын жазған. Содан хабар-ошарсыз кетті. Әжемізге бұл жағдай қатты батты. Қайғы ол кісіні 44-жылы алып тынды… Кейін спорттың арқасында біраз жерге табаным тиді. Еуропаға барғанда сарбаздардың зиратынан іздедім. Өйткені соғыс кезінде әр адамға жеке қабір қазуға уақыт жоқ, үлкен бір қабірге бірнешеуін жерлеп, аты-жөндерін жазып қоятын болған ғой. Соның арасынан қазақтың тегін кездестіретінмін, бірақ менің әкем – Әбденәлі Сайдалиевтің есімін ешқайдан таба алмадым… 1947 жылы бірінші сыныпқа бардым. Бір класта әр сыныптың оқушылары аралас отырып, оқи беретінбіз. Себебі бөлме жетпейтін. Мен 7-сыныпты бітіретін жылы ауылымызда бір сот өкілі тұратын. Оның інісінен Алматыдағы №18 мектеп-интернаты туралы естідім. Онда әкелері соғыстан қайтпаған, ауыр жағдайда тұратын балалар оқиды екен. Барғым келді. Бұл ойымды Сейдахмет ағаға айттым. Сейдахмет ол кезде КазГУ-дің журналистика факультетінде студент болатын. Уәли Ахметбек деген көрші жігіт екеуі мені Алматыға алып келді. Интернатқа орналас­тырды. Алғашқы уақытта өте қиын тиді. Орыс тілі тұрмақ, химия, физика, алгебра пәндері орысша жүретін. Ал 1954 жылы біздің мектепті №12 қыздар интернатымен қосып жіберді. Сонда оқушының көптігі сонша, мен 8«з»-сыныбында оқыдым. Бір сыныпта 32-34 адам отыратынбыз. Кейін қысқартты. – Сол интернатта оқып жүргенде қазақ­тың алғашқы кәсіби боксшысы Шоқыр Бөл­текұлынан тәлім алыпсыз. Ол кісі қандай адам еді? – Біз сол мектепте оқып жүргенде Асқар Құлыбаев (менен бір сынып жоғары оқыды), Айтжан Айдарбеков (ҚР еңбек сіңірген артисі), Ошақбай Ырысбеков деген жігіттер боксқа қатысып, қаланың жеңімпазы, жүлдегері болып жүрді. Бұл жігіттер интернатта тұрмайтын, үйі бар. Ішіндегі ең бетке ұстайтыны Асқар Құлыбаев болды. Соларға қызығып, Шоқыр Бөлтекұлына бардым. Ол Қазақстанда бокстың іргетасын қалаған. 1947 жылы «КСРО спорт шебері» атағын Қазақстан бойынша алған бірінші кісі. Өзі Маңғыстау облысының Жармыш ауданының тумасы. Балалар үйінде өскен. Көркемсурет академиясын да, дене шынықтыру мамандығын да Украинаның Киев қаласында оқыған. Соғысқа барып, 1942 жылы қатты жараланып қайтқан. Алматыда бокс үйірмесін ашқан. Сол кісіге бардым. Бойым тік болғанымен, салмағым 43-ақ келі, мойным қылқиған арық бала едім. Алмады. Күнде боксқа қатысатын балалармен еріп, жаттығу залына барамын. Ішке кірмей, ашық тұрған есігінен Шоқтың балаларға көрсеткен іс-қимылдарын қайталаймын. Бір күні мені байқап қалды. Шақырып, бір баламен жекпе-жекке шығарды. Ол кезде боксты жөнді білмейміз. Ал кеп төбелестік. Сөйтіп, әлгі баланың беті қайтып қалды. Содан кейін менің үйірмеде қалуыма рұқсат берді.

Жаттығып жүргеніме бір жылдан сәл асқанда Алматыда жасөспірімдер арасында чемпионат өтетін болды. Бірақ медициналық тексеру кезінде дәрігерлердің маған рұқсат бергісі келмеді. Бокстың орнына акробатика, гимнастика сияқты спортқа баруға кеңес берді. Бірақ Шоқ мені қолдады. Сөйтіп жарысқа бардық. Бір салмақта сегіз адамбыз. Алғашқыда ІІІ разряды бар Переверзев деген баламен шықтым. Оның бокста жүргеніне екі жылдай болған. Тәжірибесі бар. Гонг соғыла салысымен маңдайыма соққы тиді де, ұшып түстім. Дәл бұлай болады деп күтпеген едім. Ай, намыстанғаным-ай! Төреші «бір, екі» деп санап жатыр. Ана жақта интернаттың балалары қарап тұр. Үзіліс кезінде Шоқ бірдеңе айтып жатыр. Тыңдап отырған мен жоқ. Жылдамырақ екінші раунд басталғанын күттім. Гонг соғыла салысымен қарсыласыма тап бердім. Үшінші раундта төреші бізді тоқтатып тастады. Сөйтіп айқын басымдықпен жеңдім. Сол жарыстан екінші орын алдым. Бірақ бокс­пен айналысуды доғарамын деп шештім. Сөйтсем Шоқ балалардан мені сұрайды екен. «Ана шикілсары қайда (мені солай айтатын), алып келіңдер» депті. Қайтып бардым. Сөйтіп жүріп бокста түпкілікті қалып қойдық. 1957 жылы интернатты тәмам­дағанда Шоқ КазПИ-ге баруды ұсынды. Ректоры Мәлік Ғабдуллин еді. Ал менің барғым келмейді. Біздің мектепте өте мықты мұғалімдер сабақ беретін. Мысалы, орыс тілінен Социалистік еңбек ері Нұртазина апай, қазақ әдебиетінен Ленин орденінің иегері Дүйсенова апай сабақ өткізетін. Менің үлгерімім анау айтқандай үздік болған жоқ, бірақ орташа еді. Жаттығуға келсем, Шоқ  Қазақ мемлекеттік Дене тәрбиесі және спорт институтына баруға кеңес берді. Ол уақытта құжат қабылдау мерзімі аяқталған. Бірақ Ленинградтан, басқа республикалардан шақыртумен келетін балалар бар. Мені солардың тізіміне енгізді. Сөйтіп студент атандым. 1958 жылы Қазақстанның жеке чемпион­атына қатысып, чемпион болдым. Кейін осы чемпионатты тағы төрт рет жеңдім. Ал 1960 жылы «Буревестник» Орталық спорт қоғамының чемпионы атандым. Ол біріншілікке Кеңес Одағы құрамасының 80-90 пайызын құрайтын студенттер баратын. Содан кейін мені құрама командаға кіргізді. Сонда ғана «КСРО спорт шеберін» алдым. Ол кезде бұл атаққа қол жеткізу оңай емес еді. Ол үшін Совет одағының чемпионатында 1-2-орын алу керек. Кейін 3-орынға да беретін болды… Осыдан бастап спортқа деген құлшынысым артты. Жаттығудан қалмайтын болдым. Себебі спорт шебері бола тұра, жай ғана разряды бар спортшыдан жеңіліп қалсаң – ұят. Әр қарсыласымды өзімнен мықты санайтынмын. Өйткені одан бәрін күтуге болады. Бокстың аты – бокс, бір шалыс қимыл жасап, басыңнан соққы алсаң, кеттің. Әрі қарсыласыңды өзіңнен кем санамасаң ғана жетілесің… Осы біріншілікті жеңгеннен кейін Мәскеуге КСРО біріншілігіне шақырды. Бұл біріншілікте одақ құрама командасының боксшысы Михаил Папазян деген жігітпен шығып, жеңілдім. Миша кейін Франция мемлекетінің бас жаттықтырушысы болды… Сол біріншіліктен келген соң өзіммен бірге оқыған Аманша Ақпаевтың шақыруымен Қызылордаға педагогикалық институтқа ұстаздық қызметке бардым. Бір ай істеймін де, екі ай жарысқа кетемін. Бұным сондағы институт басшыларына жақпады. Екі жылдан кейін Алматыға қайтып келіп, Политехникалық институтта қызмет еттім. Институт атынан жарыстарға қатысып жүрдім. Сонда Алматы қаласының төңірегіндегі ауылда әпкемнің үйінде тұрамын. Үйден таңғы сағат алтыда шығып, жаттығу залына келемін. Ол кешкі сегізде бітеді. Солай жөнді ұйықтамай дайындалатынбыз. Жексенбі сайын ветеринарлық институттың, КазГУ-дың жігіттерін жинап, бір апта жаттығудың нәтижесін көру үшін спаринг жасаймыз. Әлде біз бокске жан-тәнімізбен берілдік пе, жаттығудан қалмайтынбыз… – Шоқ ата дүниеден озғанда мәңгілік мекенін Кеңсайдан алып, арулап қойған екенсіз… – Мені боксшы қылып шығарған – Шоқ. Оны ешқашан ұмытпаймын. Үлкен жа­рыстардан оралғанда бірінші соған ба­ратынмын. Өте тік мінезді кісі еді. Мақтағанды, мақтанғанды жаны сүймейтін. Ешқашан байлыққа құныққан емес. Жары – Нұрсұлу Тапалова екеуі бір-ақ бөлмелі үйде тұрды. Өзіне берілген үйді де, үш дөңгелекті мотоциклді де біреуге сыйлап жіберіпті. Сондай қолы ашық, бірбеткей кісі болды. Қиыншылықты көп көрген… Қатардағы жарыстардың бірінен келгенде Шоққа бара алмай қалдым. Сөйтсем қызы Тоты келіп тұр. «Әкем қайтыс болып кетті…» дейді. Жанұшырып үйіне бардым. Не істеу керек? Ешкімі, ештеңесі жоқ. Үйінде кітаптары мен әр жарыстың архиві, суреттері ғана бар. Кеңсайға қоямыз деп шештік. Бірақ ол жақтан жер алу қиын. Содан боксшы жігіттердің бәрін аралап, қаражат жинадық. Кішкене ақша жинағаннан кейін Кеңсайдан орын алдық. Ол жердің директоры Шоқтың шәкірті болып шықты. Қаралы хабарды естіген соң, ұстазымызды Бауыржан Момышұлының жанына қоюды ұсынды. Сөйтіп батыр жатқан жерден сәл төменірек мәңгілік мекенін алдық. Жерді бірден екі адамға лайықтап алғанбыз, себебі Нұрсұлу апаның да жасы келіп отырған еді. Шоқты сол жерге арулап қойдық. – Шоқыр атамыздың жан жары Қазақ­тан шыққан тұңғыш балерина, 24 жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі атанған Нұрсұлу Тапалованың да өмірінің соңы қиын болғанға ұқсайды, солай ма? – Ол кісінің өмірден кеткен хабарын да қызы естіртті. Өз қолыммен Шоқтың жанына апарып қойдым. Ескерткішін де жасатып бердім. Екеуі де біртуар тұлағалар еді ғой… – Студент кезіңізде аты аңызға айналған боксшы, бапкер Әбдісалан Нұрмахановпен бір бөлмеде тұрыпсыз. Достық қарым-қаты­насыңыз өмірінің соңына дейін сақталыпты. Осы туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз... – 1957 жылы Дене тәрбиесі және спорт институтына оқуға түстік. Әбдісалан Нұрмаханов пен Мәжит Омарғалиев екеуі дене шынықтыру техникумын бітіріп келген. Аманша Ақпаев, Ғалым Жарылғапов бәріміз бір бөлмеде тұрдық. 57-жылдың аяғында Мәскеуде КСРО чемпионаты болды. Әбдісалан ол кезде І разрядты бокс­шы. Финалда Абрамов деген боксшыдан жеңіліп, «Спорт шебері» атанды. Сосын оны КСРО құрама командасына алды. Кішігірім үй берді. Жары Күлпашпен шаңырақ көтергенде жанында болдық. Ол мықты боксер еді. Қазақстан­ның 10 дүркін чемпионы, КСРО чемпио­на­тының екі дүркін күміс жүлдегері, КСРО халықтары спарта­киа­дасының екі мәрте қола жүлдегері, Азия-Африка ойындарының жеңімпазы атанды. Олимпиадамен тең дәрежелі Азия ойыны – GANEFO-ға барып, президенті Сукарноның қолынан алтын медаль алған. Біз жылдам болу үшін скакалкамен дайындалсақ, ол бізден де жылдам болатын. Қазіргі ауыр салмақтағы боксшыларды қарасаң, қарындары шығып кеткен, орындарынан әрең қимылдайды. Ал оның бір артық еті жоқ еді. Бәрі тек бұлшық ет болатын. Әбекеңдей боксшыны әлі көрмедім. Иосиф Гильдин деген боксер болатын. Екеуі жеті рет кездесті. Төртеуінде Әбекең, үшеуінде Гильдин жеңді. Екеуі мықты бәсекелес еді. Кейін Әбекең Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды. – Әбдісалан атамыз қастандықтың құр­баны болды, ақшаға құныққандар өлім құштырды… Сізге ол кісінің қазасы қалай әсер етті? – Мен ол кезде бас жаттықтырушы болып жүрдім. Бір жарыстан келген соң, Әбекеңе кіріп шықтым. «Шымкентте бір турнир бар, соған барып қайтайық» деді. Ертеңінде көлігімді алуға барсам, гаражда қызмет ететіндер: «Досыңды өлтіріп кетті» дейді. «Кімді?» десем, «Нұрмахановты» деді. Сенбедім. Кеше ғана көргенмін. Бірден үйіне бардым. Шынымен, атып кеткен екен. Сыртта бір топ әжелер отыр. Солардан сұрадым. Әбекең сол кезде ақылы автотұрақтардың басшысы болатын. Бір қазақ жігіті інісіне жұмыс тауып беруін өтінген. Әбдісалан оның сөзін жерге тастамай, автотұрақтың біріне орналастырған. Кейін сол жігіт тұрақтан түсетін кішігірім ақшаға қызықты ма екен, біреулермен ұйымдасып, Әбдісаланды арқасына кесілген мылтықпен тіреп атқан көрінеді. Мылтықтың даусы тарс еткенде сыртта отырған әжелердің бірі газ жарылды деп ойлаған екен… Олар кепкасын басына баса киген біреудің машинаға отырып кетіп қалғанын да көрген. Ал ішке кірсе, Әбдісалан жерде жатыр. Солайша боксер ақшаға қызыққандардың қолынан қаза тапты деген сөз бар. Өзім көзбен көрмеген соң, естігенімді айтып отырмын. Ол жігітті кейін «ұсталды», «сотталды» деп жатты, бірақ анығынан бейхабармын. – Боксшылықтан бапкерлікке қалай ауыстыңыз? – Политехникалық институттың Дене шынықтыру кафедрасына конкурстан өтіп, аға мұғалім болдым. Бокс секциясын жүргізіп, студенттерді жаттықтырдым. Мұнда колхозда бірнеше жыл еңбек еткен немесе әскерге барып келген, денесі аздап қатыңқырап қалған, бірақ «өмір көрген» шымыр жігіттер келеді. Солардың арасынан мінезділерін секцияға қабылдаймыз. Қалғанын түзеу, икемдеу менің қолымда. Сол кезде Алматыда Политехникалық институт,  Дене тәрбиесі және спорт институты, КазГУ бокстан алдыңғы қатарда тұратын. 1972 жылы «Еңбек» спорттық қоғамын­да аға жаттықтырушы, кейін­ барлық кәсіп­одақтарды бір спорттық қоғамға біріктіріп, соның бас бапкері болдым. Оған совет әскері, «Динамо», «Локомативтен» басқасының бәрі кіреді. Сонда балалар талай жарыстардан жүлделі оралды. Мысалы, Ерсайын Еребаев жас­тар арасында Еуропа чемпионы, Олег Зоболот­ский Әлем чемпионы атанды. Кейін еліміз тәуелсіздік алған соң, Қазақстан құрамасының бас бапкері болдым. 1993 жылы тұңғыш рет Қазақстанның дербес құрамасы ретінде Финляндияның Тампере қаласында өткен Әлем чемпионатына қатыстық. Сол кезде Василий Жиров 75 келі салмақта қола жүлдегер атанды. Кейбір боксшыларда бәрі болса да, мінезі я тағы басқа бірдеңесі жетіспей тұрады. Жировта бәрі бар. Ол – өз еңбегімен шыққан боксшы. Ал алғашқы олимпиадамыз – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында біздің боксшылар төрт бірдей медалға қол жеткізді. Василий Жиров 81 келіде – алтын, 51 келідегі Болат Жұмаділов – күміс, 63,5 келіге дейінгі салмақта Болат Ниязымбетов пен 71 келіге дейінгі салмақта Ермахан Ибраимов қола жүлдегер атанды. 2000 жылы Сиднейде Саттарханов, Ибраимов – алтын, Жұмаділов, Ділдәбеков күміс жүлде алды. – Бапкерліктен төрешілікке ауысу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз? – Кез келген бапкердің төрешіліктен хабары болуы керек. Боксшыға ескерту жасалса, оның орынды не орынсыз жасалғанын біліп отыруы тиіс. Мысалы, бала соққыны таза жасайды, бірақ төреші оны «қолдың ішімен ұрды» деп, ескертуі мүмкін. Ескерту жасаса, 2 ұпай алып тастайды. Ондайда кездесу аяқталған соң, Бас төрешіге боксшыны, кіммен кездескенін, қай төреші төрелік еткенін, қай ескертумен келіспейтініңді айтып, шағым қалдырасың. Олар сол кездесудің бейнежазбасын қарайды. Шағымың орынды болса, төрешіні бір-екі кездесуден шеттетеді. Ал екінші рет солай қайталанса, төрешіліктен мүлдем алып тас­тайды. Төреші таза болуы керек. Ешкімге бүйрегі бұрылмауы тиіс. Оның міндеті – боксшының денсаулығын сақтау. Нокдаун, нокаутты, кіндіктен төмен ұру, ашық ұру, басымен ұру – бәрін ескеруің керек. Баспен ұрғаннан кейбіреулерге қатты зақым келеді. Қасы, ерні жырылады. Көрмей қалуы мүмкін. Сол кезде боксты тоқтатасың. Кейде боксшылар нокдаун алып тұрса да, қоқаңдап, жалғастырмақ болады. Ал нокаут алса, спорттан кетіп қалу қаупі бар. Сондайда ақылға жеңдіріп, әр кездесуден сабақ алған жөн. Мысалы, Ибраимов, Артаевтардың жеңілген, жеңген, тең түскен кездері де болды. Бәрінен тәжірибе жинай келе осындай биікке шықты. – Сіз 2000 жылы Ермахан, Мұхтар­хан, Болат, Бекзат сынды қазақтың төрт бірдей боксшысы финалға шыққан Сидней олимипиадасында төрешілік жасаған АИБА деңгейіндегі тұңғыш қазақсыз. Бұл үшін қандай талаптар қойылады? – Сиднейге дүниежүзінен жиналған 34 төрешінің қатарында бардым. Совет өкіметінде қаншама төреші болды. Қанша боксшы болса, сонша төреші бар. Алдымен Қазақстанның біріншілігі болады. Онда мен қатардағы төреші ретінде рингте, қапталда төрешілік етемін. Соның бәрін Бас төреші және Мемлекеттік жаттықтырушы, Төрешілер коллегиясының басшысы бақылап отырады. Жарыс біткен соң қанша қате жібергеніңді қарайды. КСРО біріншілігінде де солай. Одақ төрешілері коллегиясының басшысында тізім болады. Әр жарыс біткеннен кейін төрешілерді келесі күні жарыс басталардан бір жарым сағат бұрын шақырады. Сол кезде барлық кездесуде қалай төрешілік жасағаныңды тексереді. Мынадай жағдай болды: Бір кездесуде қапталдағы бес төрешінің қатарында болғанда бір боксшыға жеңісті мен ғана бердім. Қалған төртеуі келесі боксшыға берді. Бірақ анығында менің бергенім дұрыс. Себебі олар соққы қолына тиіп жатса да, есептеген. Сөйтіп шағым түсті. Бейнежазбаны қарады. Мені ақтады. Төртеуін бір-екі күнге төрешіліктен шеттетті. Сөйтіп әділдіктің арқасында төрешілікте көтеріле бастадым. КСРО біріншілігінде бас төрешінің орынбасары болдым. Соның бәрінде сенің рингте өзіңді қалай ұстайтыныңды, боксшыдан қанша қашықтықта жүргеніңді, ескертуді қаншалықты әділ жасағаныңды – бәрін қарайды. Ережелерді жатқа білуің керек. Сөйтіп олимпиада төрінен бірақ шықтық. – Сиднейде төрт бірдей қазақ боксерінің финалда өнер көрсетуінің сыры неде? – Төртеуі финалға шыққанда жанымды шүберекке түйіп отырдым. Біздің балалар рингке шыққанда бізді төреші қылмайды. Себебі бұрып кетуің мүмкін. Ермахан финалда румыниялық боксшы Мариан Симонмен «соғысып» жатқанда украиналық төреші досым қапталдағы төрешілердің қалай ұпай беретінін дүр­бі­мен қарап отырды. Ақтық раундта ол маған Ермаханның екі ұпай жеңіліп жат­қанын қолмен ымдап, көрсетті. Мен Ермахан­ның жаттықтырушысына айғай­лай­мын. ІІІ раундтың аяқталуына 15-20 секунд қалғанда Ермахан барын салды. Тө­ре­шілер жеңісті көрсетпей тұрғанда-ақ мен кімге бергенін біліп отырдым. Себебі досым екі ұпай озды деп көрсетті. Шынымен, 25:23 есебімен қанжығамызға екінші ал­тын түсті. Бұл кезде Бекзаттың алтыны бар еді. Кейін 91 келі салмақтағы Мұхтархан Ділдәбеков ширек финалда кубалық Алексис Рубалкабомен кездесіп, күміс алды. Болат Жұмаділов те финалда тайлық боксшыға есе жіберіп алып, күмісті еселеген еді. Болат – екі бірдей Олимпиада финалында ойнаған жалғыз қазақ боксшысы. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемде көш бастады. 1999 жылы қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы атанды. – Сан рет әлемдік додаларға куә бол­дыңыз. Әлем чемпионаттарында, олимпиада­ларда «бармақ басты, көз қысты» бұра тартушылықтар бола ма? – Болады. Әсіресе, боксшылар тең түскен кезде. Мысалы, қапталдағы төре­ші­лердің төртеуі берген жеңісті қайта қарау мүмкін емес. Ал біреуіне –екі төреші, екін­шісіне – үш төреші берсе, қосымша төре­ші­­лердің пікірі ескеріліп, қайта қарауға бо­лады. Бірақ мұндай жағдай өте сирек болады. – Бекет Махмұдов ақсақал қазақ спортының өркендеуіне айрықша үлес қосты. Бокс федерациясына басшы болғанда әлем, олимпиада додаларында қандастарымыз сан рет олжа салды. Кейін ол кісі Дзюдо федерациясына басшы болғанда Раков Амстердам қаласында қазақтан шыққан тұңғыш чемпион атанды, бүгінде осы спорт түрі қарқындап дамуда. Осы жетістіктерге Бекет аға жол салды десек, қателесеміз бе? – Бұл біреудің қолындағы дүние емес қой. Жігіттер бабы келіп, өздері шыға бас­тайды. Олимпиадаға бару үшін Азия, Әлем чемпионаттарына қатысу керек. Сол тур­нирлерден кейін олимпиадаға жолдама алған балалардың да «обкаткасы» болады. Соған бару үшін де қомақты қаражат керек. Бекет соны жақсы ұйымдастырды. Бір айта кетерлігі, спорттың көп түрі бар ғой, бірақ қазақтың маңдайына біткен спорт бокс шығар – олимпиаданың барлығында жүлде бар. – Иә, математик Асқар Жұмаділдаев ағамыздың «қазақ бокс пен математикада мықты» дегені бар… – Солай деп жатады. Біздің қазақ ержүрек халық қой. Мысалы, соғыс кезінде одақтың құрамында 15 республика болды. Оның сыртында Мәскеу, Ленинград бар. Солардың ішінде Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың саны бойынша біздің ел алдыңғы орында тұр. Соның төртеуі: Т.Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов және С.Д.Луганский – екі рет Кеңес Ода­ғы­ның Батыры. Ал атақ ала алмай қал­ғандары қаншама? Мен запастағы әскери адаммын. 1969 жылы Даманскіде Қы­­таймен қарулы қақтығыс болғанда ша­қыр­тылып, сол жақта екі жыл әскери қызмет еттім. Соғыстың не екенін сол кезде сезіндік. – Бүгінгі қазақ спортындағы ізбасар­ларыңыз туралы не айтасыз? – Әуесқой бокста жап-жақсы өсіп келе жатқан балаларды шетінен кәсіпқой боксқа алып кетіп жатыр. Сол аздап қынжылтады. Кәсіпқой боксқа ауысудың шартын жасаса деймін. Мысалы, әуесқой бокстың ең жоғары дәрежесінде өнер көрсетіп, олимпиада жүлдегері болған соң ғана ауысса. Мәселен, В.Жиров, В.Левит ауысты. Олардың еңбегі бар. Олимпиа­да чемпионы, жүлдегері. Артаевқа да, Жұмалідовке де баруға болатын еді. Кәсіпқой бокста әуесқойдағы сияқты 4-5 кездесу емес, бір ғана кездесу өткізеді және сол үшін бәрін береді. Сондықтан оларда 3 раунд емес, 12 раунд. Оған өте мықты дайындық керек. Еуропа чемпионы, Олим­­пиада жүлдегері болғандардың өздері кейде төртінші, бесінші раундта жөнді өнер көрсете алмайды. Сол себепті де кәсіпқой боксқа айтулы додаларда топ жарып, 8-10-12 раундқа шыдайтын дәре­жеге жеткенде ғана ауысқан дұрыс. Сосын онда әр раунд сайын жылдамдығы баяу­лайтын емес, әр раунд сайын түлейтін боксшы болу керек. Олардың жаттық­тыру жүйесі де бөлек. Кәсіпқой бокстан бастағандар өздерімен өздері өседі. Қимылдары өрескел. Ал әуесқой бокстағылардың соққысы таза. Өздерін ұстауы да мәдениетті. Мысалы, кездесу басталарда екі бұрыштағы боксшыларды шақырып, қол алыстырады. Кәсіпқой­да­ғылар сол кезде бір-бірін жеп қоя жаздайды. Қарсыласыңды сыйлау керек. Ол сенің жауың емес. – Біздің ұлттық құрамадағы жігіттерден кімнің аяқ алысы жақсы? Токио олимпиадасында кімдер бой көрсетуі мүмкін? – Қазір тап басып айту қиын. Өйткені бір салмақта мынау барады деп, 100 пайыз сеніммен айтуға болмайды. Алдымен Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз болып, Азия, Әлем чемпионатында жүлделі орын­ға ие болып, сонымен қатар ең соңында осы жарыстарда жүлделі орынға ие бол­мағандарға бір халықаралық турнирде АИБА-ның шешімі бойынша бірінші орын алған боксшылар ғана Олимпиадаға жолдама алады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Әсел САРҚЫТ «Ана тілі»

1675 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз