Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 25 Сәуір, 2019

"Жазира-Жайық" атты көрмесінің ашылу салтанаты өткізіледі

26-сәуір күні ҚР Ұлттық музейінде БҚО әкімдігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің шығармашылық туындыларынан жабдықталған "Жазира-Жайық" атты көрмесінің ашылу салтанаты өткізіледі.

Жайық бойының байырғы тұрғындары мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы көне замана қойнауларынан бастау алады. Бейнелеу өнерінің Еуропалық түрі облыста ХХ ғасырдың орта шенінде өріс ала бастады.

1980 жылы Орал қаласында Қазақстан Мәдениет министрлігі көркемөнер көрмесі дирекциясының филиалы ретінде қалалық көрме залы ашылды. Көрме залы көркемөнер туындыларын насихаттау залы болып табылып, Мәскеу, Алматы, Санкт-Петербург және т.б. қалаларда түрлі тақырыптық көрмелер ұйымдастырды.

1990 жылы ҚР Суретшілер одағының БҚО бөлімшесі ашылды. 1997 жылы облыста өнерге жаны ауыратын бір топ азаматтардың бастамасымен «Өнер» қоғамдық қоры құрылды. Қор кейінгі жылдары «Батыс Қазақстан облысының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі болып қайта тіркеуден өтіп, өз кезегінде өңір өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. «Жазира Жайық» атауымен соңғы он жылда көптеген облыстық, республикалық (Орал, Ақтөбе, Алматы, Атырау), халықаралық (Орал, Астрахань (Ресей), Самара (Ресей), Уфа (Башқұртстан, Ресей) көрме-конкурстар өткізіп келеді.

Облыста Қазақстан Суретшілері одағының 30-ға тарта мүшесі бар. Олар бейнелеу өнерінің графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер және мүсін өнері салалары бойынша еңбек етеді. Ақ Жайық өңірі қылқалам шеберлерінің туындылары республикалық, халықаралық көрмелерге қойылып, сауатты сарапшылар тарапынан лайықты бағасын алып жүр.

Көрмеге 1990 жылдардың өзінде-ақ бүкіл Еуропаны өз шеберлігімен мойындатқан Сәкен Ғұмаров сынды көптеген қылқалам шеберлерінің картиналары қойылады. Көрмеге ұсынылған бейнелеу өнері шығармаларын, көркем туындыларды отан сүйгіштіктің негізгі көрінісі деп танып, өткен ғасыр мен келешек арасындағы рухани үндестік ретінде қарауға болады.

Аталмыш көркемсурет көрмесіне өңірдегі белгілі суретшілердің шығармалары сарапталып, іріктеу негізінде қойылып отыр.

4037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз