Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 25 Сәуір, 2019

График-суретші Әлібек Қойлақаевтың «Түркі әлемінің аңыздары» атты жеке көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ноғайдың талантты график-суретшісі Әлібек Қойлақаевтың «Түркі әлемінің аңыздары» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлады  музейдің Баспасөз бөлімі. Экспозицияға суретші тушьпен салған 80 туынды ұсынылды. Әлібек Қойлақаевтың шығармашылығында графика терең, мүлдем күтпеген мәнге ие болады, эмоциялық басты салмақ кеңістіктік қатынастарды қалыптастыратын, пішіннің пластикасын белгілейтін, ерекшеліктерін табатын және көңіл-күй жасайтын сызыққа түседі. Композицияда түстер үйлесімділігі мен сызықтар басымдыққа ие, жіңішке сызықтар бейненің нүктелік нобайын жасай отырып, белгілі бір динамикалық пішінмен орналасқан. Суретші қағаздың бетін қарапайым параққа қарағанда үлкен нәрсенің таңбасы, символы бола алатын әлемнің шартты кеңістігінің тереңдігін көрсету үшін боялған парақтың тегістігін бұзбастан ашық қалдырады. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Алмаз Нұразхан: «Әлібек – талантты суретші. Ол біздің мемлекетте тұрмаса да, жан-дүниесі түркі халықтарына жақын.  Түбі бір түркі халықтарының, қазақтың да, ноғайдың да, өзге де бір-біріне бауырдай болған елдердің тарихын терең түсініп, насихаттап, өзара үндестігін шығармаларына арқау етіп жүр. Ұлттық музейде осындай жас талантты суретшінің көрмесі ашылғанына мен де қуаныштымын. Әлібекке ақ жол тілеймін. Ұлттық музейдегі бүгінгі көрмең әлемдегі үлкен музейлерге жолашар болсын!», - деді. Автор бағзыда өткен батырлардың біреуін салмас бұрын, олар туралы ғылыми мақала, кітап, шежіре деректеріндегі әртүрлі бейнелерді салыстырып, зерделеп талдайды. «Күлтегін» суретінде түркілердің даңқты батыр қолбасшысы өте нанымды әрі сесті шыққан. Суретші өз әскерін үнемі жеңіске алып келетін айбарлы жауынгердің ішкі дүниесін аса терең бере алған. «Күйініш» деп ащы аталатын композицияда жауынгер қайғылы кейіпте отырып, қаза болған серіктерін жоқтауда. Қайғыдан бүк түсіп отырған ер адам сұлбасының ішінде жан дүниесі күйіктен өртеніп барады. Қасірет әсері шайқас даласын бейнелеген қиғаш жолақтарды қолдану арқылы беріледі. Ол өмірді үзіп әкететін тұңғиық ретінде қақ жарылған жерді еске салады. «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті, Құрмет орденінің иегері Есен Елеукен: «Әлібекті бес саусақтай білемін. Ауылында, Дағыстандағы туған үйінде болдым. Ноғай халқы қазақпен өте жақын, бауырлас халық екенін біліп жатырмыз. Ноғайдың тарихы – қазақтың тарихы, ноғай мәдениеті – қазақтың мәдениеті, ноғайдың жыры – қазақтың жыры. Екеуін бөліп-жаруға болмайды. Әлібектің шығармаларындағы дүниелер қазақтың тарихында, қазақтың болмысында бар дүниелер. Сондықтан да оны қазақтың суретшісі деуге болады. Бұл көрмені көптен армандағанбыз. Алдағы уақытта автор бүкіл Қазақстанды аралап шығуды жоспарлап отыр. Талабыңа нұр жаусын дегім келеді», - деп жылы лебізін жеткізді. Ә. Қойлақаевтың туындылары сындарлы, таразыланған және көрерменді туындыны қабылдаудың белгілі бір желісіне сала отырып, өз кейіпкерлері үшін терең мақтаныш сезімін оятады. Ол жұмыстарына нақты бір тарихи кезең белгілерін қосады, солай бола тұра, негізгі көңіл кейіпкердің психологиялық ахуалына бөлінеді. Суретші суреттелген бейнелер мен оқиғаларға дәстүрлі емес философиялық, моральды-этикалық түсіндірме береді. Әрбір жұмыстан суретшінің бүгінгі заманға деген көзқарасын байқауға болады. Ол ғасырлар ескерткішін ілтипатпен еске алып, бүгінгі қоғам мен тарихи оқиғаларды шебер үйлестіреді. Көрме 2019 жылғы 15 мамырға дейін жалғасады.

 

1492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз