Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 02 Мамыр, 2019

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, жазушы, кинорежиссер: Кинематография заңы – Ұлтқа қызмет етуі керек…

– Сіздің шығармашылық қоржы­ныңызда бірегей тұлғалар мен тарихи оқиғаларға қатысты түсірілген кинотуын­дылар көп. Атап айтқанда, Семейдегі полигон зардаптары туралы «Қыз жылаған», Түркістан халықта­рының бірлігі мен тәуелсіздігі идея­сын ту етіп ұстанған саяси қайраткер Мұстафа Шоқай туралы «Мұстафа Шоқай», ­Кенесары хан туралы жазған диссертациясы үшін қуғындалып, түрмеге түскен тарихшы Ермұхан Бекмаханов жайында «Аманат». Енді поляк ғалымы, этнограф Адольф Янушкеевич туралы фильм түсіргелі жатыр екенсіз. Соңғы кезде тарихи тақырыптарға жиі баруыңызға не себеп? – Тарихи тақырыпқа Мұстафа Шоқайдан бастап білек сыбанып кірістім десем, жалған айтқаным емес. Өзімде бір құштарлық болды. Тәуелсіздік алған соң, отауымызды тігіп, өз алдына егемен ел болғанда жұрттың көбі «Осы біз кімбіз?», «Қайдан келдік?» деп ойлана бастады. Өйткені Кеңес өкіметінің кезінде қазақтар Кеңес Одағының халқы деген үлкен бір топтың ішіне кірдік те кеттік. Қазақ республикасының аты болмаса, заты кеңестік халық еді. Кеңес ұлты еді. Мектепте жүргенде ылғи «КОКП тарихы», «КСРО тарихы», «Ежелгі дүниежүзі халықтарының тарихы», тіпті «Рим тарихына» дейін оқыдық. Ал өз тарихымызды бір жыл ғана шала-шарпы өтетінбіз. Оқулығы – көлемі пышақтың қырындай ғана қоңыр кітап болатын. Оның өзінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастаймыз. Сонда оған дейін біз қайда болдық? Қайдан келдік? Таудың ішінде жүрдік пе? Жоқ аспанда шарлап жүрдік пе? Егемендік алған соң о жақ-бұ жағымызға қарап, ойланып көрсек, осындай сұрақтар туа бастады. Орыстарда мұны «самоидентификация» дейді. Өзін-өзі тану процесі кеш те болса да басталды. Ең бастысы. Бір қуанатыным, балаларымыз, немерелеріміз тарихымызға кәдімгідей қызығып қарайтын болды. «Аталарымыз кім болған?», «Қобыланды батыр деген кім?», «Алпамыс батыр ше?» деп сұрап, Абылай ханды, Кенесарыны іздей бастады. Мұстафа Шоқай туралы фильм түсіруге себеп солай пайда болды. Әрі Мұстафа Шоқай образы арқылы өзімнің тарихымды, кім екенімді білгім келді… Кеңес өкіметі құлағаннан кейін бізге жабық архивтердің есігі жайлап, айқара ашылған жоқ, жайлап болсын ашыла бастады. Қытайдағы, Еуропа елдеріндегі тарихи құжаттар да біртіндеп қолжетімді бола түсті. Тек көрші отырған ағайын болсақ та, түркі тектес ел болсақ та, Өзбекстан ғана архивтегі құжаттарды бермейтін. Оларда енді ғана оптимизм орнай бастады. Президенттері ауысқан соң архивтерін аша бастапты. Соған қуандым.

«Мұстафа Шоқайдан» кейін араға біраз жыл салып «Аманат» фильмі дүниеге келді. Оның себебі былай болды: Үйде жөндеу жұмыстарын жасап, кітаптарымды реттеп отырғанмын. Арасында стенограмма жүр. Өзі қалың, журнал дейін десең, журналға ұқсамайды, альманах дейін десең, оған да келіңкіремейді… Сонда барып есіме түсті. 1968 жылдан бастап Ермұхан Бекмахановтың отбасымен көп аралас­тым. Өзімен емес, бала-шағасымен… Бала-шағасы арқылы жеңгеміз ­Халима Адамқызымен таныстым. Бір кездескенде Ермұхан аға туралы сөз болып, ­Халима апа маған «Қолың тигенде қарап шығарсың» деп жаңағы стенограмманы берді. Алдым да бір-екі парақтап, үйге әкеліп қойғанмын. Сол пәлен жылдан кейін алдымнан шықты. Бір қарасам, кітаптарымды сөреге қоймастан, стенограмманы қараған күйі отырып қалыппын. Сосын жөндеп оқиын деп, кешке таман қайтадан оқып, екі күн бойы стенограммадан шыға алмай қалдым. Стенограмманың тұтқыны болдым. 40-жылдың аяғында Ермұхан ағамыз Мәскеуде докторлық диссертация қорғаған. Тақырыбы – «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында», оның ішінде Кенесары қозғалысы. Ағамыздың ғылыми жетекшісі Анна Панкратова болыпты. Сол кісі баласындай жақсы көріп, көп тарихи деректерге, архивтерге жөн сілтеген екен. Ал Мәскеудің тарихи институтында қорғауға Бауыржан атамыз, Қаныш Сәтбаев қатысыпты. Қаныш аға ертеңінде банкет жасап беріпті. Өз қаржысына. Қуанғанынан. Қорғау сондай керемет өткен екен. Қызығы елге қайтып келген соң басталған. Әріптестерінің, өзіміздің қазақтардың арасында күңкіл-сүңкіл пайда болыпты. «Неге Ермұхан ­Алматыда қорғамайды? Неге Мәскеуге барып қорғайды? Демек, ол жақта қолдайтын сыбайластары бар. Немесе…» дегендей. Сосын еңбекті өз араларында талдап көрмекші болады. Сол жай ғана талқылау бес күнге созылған! Жаңағы стенограмманы оқысаң, біреулер бір жарым сағат сөйлеген. Аттарын айтпай-ақ қояйын, фильм титрында жазулы тұрады. Жарты сағаттан кем сөйлемеген ешқайсысы. Бәрі Ермұхан ағамызды қасқырша талаған. Ең аяғы ағамыздың төре тұқымынан екенін біліп алып, «Кенесарының ұрпағы. Төре төрені төрге шығарып отыр. Неге төрге шығарады? Кенесары деген қылмыскер, Кеңес өкіметіне қарсы шыққан, орыс­тарды жек көрген» деп, үлкен дауға айналдырған. Бір әйел адам ғана қорғап сөйлеген. Оның өзі бір минут па, екі минут па, сондай-ақ. Қарап отырсаң, бұл – талқылау емес, барып тұрған сот процесі. Соны елестетесің көзіңе. Сосын қайтадан бастадым да, керек жерлерін сызып, белгі қойып, парақтарын қайырып, қайтадан қарап шықтым. Сол кезде сценарийдің сұлбасы пайда болды. Пьесаға дайын тұрған материал болып шықты. Мен өмірімде пьесаны бір-екі рет жазып көргенмін, бірақ икемім жоқ екен. Өйткені үш қабырғада тұншығып қаламын. Клаустрофобия. Маған кинодағы сияқты кеңістік керек екен. Сөйтіп, киноға арнап жаздым. Бір жылдың төңірегінде. Сосын үстелдің тартпасына салып қойдым да, басқа жобалармен айналысып жүрдім. Қайта айналып келгенде сценарий жаңа қырынан көрінді де, алдыңғы нұсқамның жартысынан астамын сызып тастап, қайтадан жаздым. Киноның тіліне икемдеп. Әдетім сондай. Фильм түсіргенше бірнеше нұсқасын жасап шығамын. Түсіру алаңында түзегенімді есептегенде «Аманаттың» тоғыз нұсқасын жасаппын. Кейде алаңда түсірілімді тоқтатып қойып, сөздерін қысқартамын. Таңдап алған актерлердің қабілетіне қарай икемдеп. Кейде сөздердің керегі де жоқ екен. Оны көзбен айтуға, әйтпесе күрсініспен жеткізуге, не болмаса теріс айналып кетіп көрсетуге болады екен. Мұны кинода мизансцена дейді. Мәмбет Қойгелді деген ағаларың бар. Фильмде бас кеңесшіміз болды. Зерттеу жұмыстарына сол ағаларыңның септігі өте көп тиді… Сосын Думан Рамазан деген ағаларың бар. Осыдан он бес жылдай бұрын Кенесарының өмірін зерттеп Санкт-Петербургке барып, Эрмитаждағы архивтерден, Кунсткамерадан іздеп, таба алмапты. Сол туралы кітап шығарды. Деректі фильм түсірді. Сол бабамыздың бас сүйегі әлі күнге дейін жоқ. 80-жылдары ма екен, әлде одан ертерек пе, республикалық басылымнан бір журналистің Эрмитаждан атамыздың бас сүйегін көргені туралы жазғанын өз көзіммен оқығанмын. Арада пәлен жыл өткенде сол бас жоқ болып шықты. Қалай? Міне, осы сұрақ қатты елеңдетті. Кенесары жай ғана тұлға емес қой, ұлы тұлға! Елі, ұлты үшін күрескен күрескер адам. Оның басы жоқ. Неге? Жоқтаушысы жоқ деген жаман ғой. Біз, қазіргі ұрпақ, кейінгі ұрпақ, жоқтаушы болмағанда кім болады? Енді «Омскіде екен», «Мәскеуде екен» деген сөздер айтылып жатыр. Дегенмен, бас бір жерде тұр. Әнеукүні Кейкі батырдың бас сүйегін тауып, Отанға қайтарғанда бәріміз бір жеңілдеп қалдық. Өзінің еліне әкеліп жерледі. Кенесары атамыздың да басы еліне қайтса, рухы оралады деген сөз, ырым бар. Ырым орындалса, бәріміздің де жүрегіміз орнына түсер еді. «Аманаттың» сондай жүгі бар. – Ал Адольф Янушкеевич туралы ­фильмге қалай келдіңіз? – Мәскеудегі ВГИК-ке дейін үш жыл ҚазМУ-да оқыдым ғой, сонда ­Фаина Стеклова деген профессор болды. Сол кісі Прагадағы архивтен Адольф Янушкеевичтің француз тіліндегі кітабын тауып алыпты. Соны әкеліп орыс тіліне, кейін қазақ тіліне аударды. Онысы үлкен бестселлер болды. Ал Адольф Янушкеевич деген кім? Ол – поляктың ұлт-азаттық көте­рілісіне белсенді қатысқан интелли­ген­цияның өкілі. Ол кезде Польша Ресейдің жартылай отары болатын. Олар ұрыс, соғыс кезінде қолға түскен тұтқындардың бәрін Батыс Сібір мен Қазақстанға қарай айдаған. Сонау біздің Түркістан облысындағы Созаққа дейін поляктардың бейіттері бар. Алматының төңірегінде, Орталық Қазақстанда да көп. Осы жерге келіп, еліне қайта алмай қаза болғандар… Янушкеевич те – жер аударылған тұтқындардың бірі. 25 жыл Қазақстанда айдауда болған. Екі жылдың төңірегінде қазақша сайрап кеткен, шешен. Кітаптары ылғи күнделіктерден тұрады. Шешесіне, достарына жазған хаттары бар. Әдетте Қазақстан арқылы өткен, Қазақстанда зерттеу жүргізген, аттарын атамай-ақ қояйын, Еуропаның, Ресейдің ғалымдары бізді «туземцы», «қара киргизы», «киргиз-кайсаки» немесе «киргизы» дейтін. Біздің елге биік мұнара басынан қарап отырғандай менсінбеушілік болатын. «Лас, кір, оқымаған, надан халық» деп есептеп келген. Ал Янушкеевичтің кітабын оқысаңыз, бірінші беттен бастап, таңғалу, таңырқау, тәнті болу – үш қасиет бар. Ешқандай кемсіту, биіктен қарау деген жоқ. Сондай керемет беттерді оқыған кезде, ойладым: Кенесарының заманында осы жерде айдауда Янушкеевич жүрген. Абайдың әкесі Құнанбаймен дастарқандас болған, Шоқанның атасы Уәлиханмен жақсы араласқан. Мұның бәрін хаттарында сондай керемет суреттейді. Айтыстарды көріп, оны қолма-қол поляк тіліне аударып отырған. Суырыпсалма ақындарды көргенде таңғалады. Сол тамсана жазылған күнделіктерінің негізінде Нұрлан Санжарұлы екеуміз осыдан екі жыл бұрын «Жаңғырық», орысшасы «Долгое эхо» деген сценарий жаздық. Анау Кенесарының, Абай атамыздың заманынан жеткен жаңғырық, бірақ ұзақ уақыт жүрген жаңғырық… Қолға алғанымызға үш жыл болды. Құдай қаласа, міне-міне өндіріске жібереміз деген сүйінші хабар келді. Мамыр айында түсірілім тобына суретші, оператор, актерлерді таңдайтын процесс басталады. Польшаға барып, түсіретін жерлерді таңдаймыз. Янушкеевичтің рөліне нағыз поляк актерін түсірсек дейміз. – Жақсы, жобаларыңызға сәттілік тілейміз! Ойлағандарыңыздай шықсын! Биыл, білесіз, «Кинематография туралы» Заң қабылданды. Бұл киноөндіріске қандай әсерін тигізеді деп ойлайсыз? – Бұл – жақсы старт. 90-жылдары бізден басқа барлық республикада қабылданып қойған заң. Никита Михалков Ельциннің кезінде соның сенімді өкілі ретінде жанында жүріп, қол қойғызып алған. Бірінші сол бастады. Тіптен анекдотқа айналып кетті: киностудиясын, опера театрын бульдозермен сүріп тастаған Түркіменстанда да кино туралы заң бар. Біз отызға жуық жылдың ішінде енді ғана қабылдап отырмыз. Енді заңның әр пунктін жеке талдауымыз керек. Себебі ол әзірге жалпылама қабылданды. Әр пункттің сұрақтары көп. – Мәселен? – Прокат мәселесі. Шетелдік кино­лардың бәрін жаппай көрсетеді. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде «Қазақфильм» мен прокат ағайындас адамдар-тұғын. «Қазақфильм» түсірсе, прокат қолма-қол барлық кинотеатрларда жүргізетін. Бірақ 90-жылдарда жекешелендіру деген бәле басталды да, кинотеатрлардың бәрін жеке тұлғалар иемденіп алды. Қазір біз киноларымызды тұсаукесерге алып барғанда прокаттау туралы келісім-шартқа отырамыз. Қанша мерзімге, қай уақытқа екенін көрсетіп. Алғашқы екі-үш күнде ғана сол келісімшарт бойынша көрсетіледі де, төртінші күні телефон шалсаң, «Өкінішке қарай, сіздердің фильмдеріңізге жұрт келмейді» дейді. Өтірік! Өйткені Американың, Еуропаның шарт-шұрт, атыс-шабыстары, фентези фильмдері, үшінші деңгейдегі арзан күлкіге толы комедиялары ақша табудың көзіне айналған. Ең қызығы, ең күлкілісі – бүгін Лос-Анжелесте, Нью-Йоркта тұсаукесері болған фильмдер ертеңінде біздің кинотеатрларда жүріп жатады. Ресейден де бұрын. Демек, біздің прокаттар Голливуд, Еуропа киноөндірушілерін қаражаттандырып, соларды байытып отыр екен. Ал рухани баюға арналып түсірілген өзіміздің төл туындымызға немқұрайдылықпен, қалай болса, солай қарайды. Үшінші-төртінші күні жоқ қылып жібереді, әйтпесе түнгі сағат он бірге, он екіге қояды. «Аманаттың» прокаты басталған соң, төртінші-бесінші күндері Астана, Шымкент, Жамбылдан жігіттер хабарласты: «Сәке, залда бес-алты-ақ адам отырмыз. «Енді жиырма адам жиналсын, сосын қоямыз» дейді. Неге бұл уақытқа қоясыздар?» деді. Олар білмейді ғой, прокат іргесін аулақ салып, өз алдына шаңырақ құрып алған мекеме болып кеткенін… Ал киностудия бәрібір мемлекеттік өндіріс орталығы ғой. Қазір біз бен прокат жай ғана жолдаспыз. Алыстан араласатын. Өкініштісі сол. Төл ­туындыларымыз ыңғайлы уақытта, барлық кинотеатр­ларда қойылса дейсің… Шетелден келген фильмдерді тоғыта бермей, шектеу қою керек. Қытайда, Жапонияда, Үндістанда солай. Францияда да 7-10% шектеу бар. Сосын олар шетел фильмдерінен түскен қаржының 10-12 пайызын ұлттық киноны дамыту қорына қосады. Бізде керісінше. Сосын шетелден фильм алған кезде сарапшылар қарап алса… Өйткені бізге үшінші-төртінші деңгейдегі фильмдер келеді. Шедеврлері болады анда-санда. «Оскар» алып жатқан, Венеция, Канн жүлделерін иеленгендер де келеді, бірақ олар сирек. Ең масқарасы, доллармен бірге киносы, музыкасы келді. Доллар экономикамызға түскен вирус болса, музыка, киноөндірісі – санамызды улайтын, ұлттық қасиетімізді жоғалтатын бір вирус… Қазір оқушы балалармен сөйлессең, «Окей» дегеннен бастап, Америка, Еуропа экранынан көрген кейіпкерлердің жүріс-тұрысын қайталауға тырысады. Соларға еліктейді. Бұл не деген сөз? Бұл – індет. Өз қолымызбен, прокатшыл ағайындардың қолымен біз саналы түрде ұрпағымызды осылай улап жатырмыз. Міне, осы да пункттің ішіне кіруі керек. Қытайда болғанда, қонақүйдің теледидарын қосып қалсам, Шварцнеггер таза қытайша сөйлеп тұр. Таңғалдым. Артикуляциясына дейін келіп тұр. Барлық атақты актерлерді қытайша «сөйлетіп» қойыпты. Бізде неге осылай аудармасқа? – Бізде субтитрмен аударып қойды ғой… – Субтитр – фестивальдерде ғана қол­данылатын әдіс. Ал жалпы жұрт суб­титрді оқып үлгергенше, көріністер өтіп кетеді. Актерлердің ойынын, өнерін көріп үлгере алмай қаласың. – Иә, кәдімгідей кедергі келтіріп отырады… – Жаңа сарапшылар деп қалдық қой. Қазір бізде отыз шақты жеке студия бар екен. Кейде таксистер мені таныған кезде: «Аға, қазақтың киносы құрыды ғой» дейді. Неге олай ойлайтынын сұрасаң, «Жетімдер», «Келинка Сабинканы» айтып шыға келеді. Ол «Қазақфильмнің» киносы емес екенін айтсаң, білмейді. Себебі титрын оқымаған. «Айналайын, енді кино көрерде титрынан бастап қара. Біз «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» деген жазуы бар фильм­дерге ғана жауап береміз» дедім. Қазір «жұлдыздар», қалтасы сәл қампиған жеке табыскерлер… кімнің кино түсіргісі келсе, сол жеке студия ашып алып түсіріп жатыр. Ешқандай қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ. Оларға прокатқа жіберу туралы куәлік беру үшін алдымен сарапшы комиссия көріп шығуы керек. «Мына киноны көрсетуге болады. Ал мына киноны, айналайын, ренжіме, біздің дәстүрімізге, ұлтымыздың құндылықтарына қарсы. Сол себепті де көрсетпейміз» деп айтуы керек. Заңда осындай-осындай пункттер болуы тиіс. Сосын сценарий авторының, режис­сердің, актерлердің – жалпы түсірілімге қатысты адамдардың қаламақысы өте төмен. Мәселен, 90-жылдары Мәскеуде киноға енді қол салған сценарист пен режиссерге де 30 мың доллар қаламақы беретін. Актерлері де жақсы алатын. «Мұстафа Шоқайды» түсірер кезде, Мұстафа Шоқайдың әйелі орыс ұлтынан ғой, сол кісінің рөліне актриса іздеп, Мәскеуге бардық. Чулпан Хаматовамен кездестік. Сценарийді бердік. Оқыды. Ұнатты. «Түсемін, бірақ продюсеріммен сөйлесіңіз» деді. Сосын біздің продюсеріміз Қанат Төребаев екеуі сөйлесті. Бір уақытта Қанат көзі бақырайып келіп тұр: «Аға, Чулпан Хаматоваға біздің қаражатымыз жетпейді» дейді. «Қанша сұрады?» десем, «Бір түсірілім күніне 10 мың доллар» дейді. Бұл 2003 жыл. Сосын түсірілім кестесін қарасақ, Хаматова 98 күн түсуі керек екен. 98-ді он мыңға көбейтші. 98 мың доллар! Көзім атыздай болды. Не істейміз? Сол кездегі директорымызға хабарласып, жағдайды айттым. Ол инфаркт ала жаздапты. «Сәке, қайт. Актрисаны осы жақтан ізде» деді. Бос қайтпайық, мүмкін арзанырағы табылатын шығар деген үмітпен Екатерина Климова, тағы да басқа енді-енді екпін алып келе жатқан жақсы актрисалармен сөйлестік. Ең арзан сұрағаны – бір күнге жеті жүз доллар болды. Кеңес Одағының артисі, Қазақстанның артисі, түрлі сыйлықтардың лауреаты Асанәлі ағамыздың өзі ондай қаламақы алмайды. Ол кезде біздің қазақ актерлерінің бір күндік қаламақысы 5800 теңге болатын. Салыстырыңыз… Кейін осы әңгімені сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов киностудияға келгенде айттық. Сол себеп болды ма, Асанәлі Әшімовтың, Нұржұман Ықтымбаевтың, біраз актер-актрисалардың қаламақысы көтерілді. Бірақ режиссер мен сценаристің қаламақысы сол Сталиннің кезіндегі күйінде қалды… – Осыны да заңда қарастыру керек дейсіз ғой… Аға, бір сұхбатыңызда: «Кино қаншама жыл әдебиет пен театрдың арасындағы қолбала сияқты болып келді» деп айтыпсыз. Қазір ше? Киноның жағдайы қандай? – Әлі сексен пайыз сондай. Актерлер ойнайды, өмір сүрмейді. Әңгіме осында. Киноның өз тілі бар, бірақ толыққанды емес. Әліппесі аяқталмаған. Әріптері кемшін болып жатыр, образды түрде айтатын болсақ. 1895 жылы дүниеге келсе, әлі жас. Поэзияның пірі бар – Пегас. Балеттің пірі бар – Терпсихора. Ал киноның пірі жоқ… Әлі күнге дейін. Кейде тіпті менің кейіпкерлерім де әдебиетке кетіп қалады, көпсөзділікке. Ал Абай: «Көзбен көр де, ішпен біл» дейді. Керемет! Киноның тілі осы екен. Осы үшін біз алысып жүрміз. Венеция, Токио сынды кинофестивальдерде «Кино тілін ізденісі үшін» деген жүлде береді. Ал басқа фестивальдерде – саясиланған, коммерцияланған сыйлықтар. «Оскарың» да, Канн да солай болып кетті… Театр… Кемсіткенім емес, театрдың өзінің ошағы, тілі бар. Оның ішіне кірген адам шартына бағынуы керек. Театрға жиі барамын деп мақтана алмаймын. Барғанда жарты сағатқа дейін үйрене алмаймын. Өйткені оның шарты бойынша актер жай ғана «Мен сені сүйемін» деп көзбен айтуға болатын нәрсені балконда немесе ең артқы қатарда отырған адам естісін деп, «Мен сені сүйемін, Айжан!» деп айғайлайды. Сосын Айжан да: «Мен де сені сүйемін!» дейді қатты дауыстап. Ал кинода бұл – пафос. Көзбен көп нәрсені айтуға болады ғой. Біреуді сүйетіндігін көз жасыра алмайды. Қанша дегенмен көз білдіріп қояды. Көз – рентген. Көзге, адамның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына көп көңіл бөлсең, киноның тіліне жақын шығады. Чаплиннің киноларын әлі күнге дейін көреміз. Мылқау. Бірақ түсінікті. – Оған себеп көптеген актерлердің ­театрда жұмыс істеп, нәпақасын сол жақтан да тауып жүргендігі болар… – Иә, ол режиссеріне байланысты. Актерлерді кінәламау керек. Олар киноға киноның тілін білуге ұмтылып келеді. Ал режиссер театрдың жанкүйері болса, театрдың тілімен түсіре салады. «Жөндеп ойнасаңшы!» дейді. Мен «ойна» деген сөзді жек көремін. «Өмір сүр». Сол рөлде өмір сүру керек. Сосын мен сценарийді актердің қолына бермеуге тырысамын. Бір-екі рет оқытамын да, «енді осыны өзіңнің сөзіңмен айт» деймін. Барлық актерлеріме шартым сол. Көп репетиция жасатпаймын. Әйтпесе, жаттанды болып кетеді. Деректі фильмге жақындатыңқырап түсіргім келеді, өмірдегідей. Өмірдегінің бәрі өнер емес, бірақ кино – өмірдің айнасы, ең болмаса жаңғырығы болуы керек. Шәкірттеріме де осыны айтамын. – Шәкірттеріңіз кімдер? – Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында екінші мәрте студент қабылдадым. Олардан «Қандай режиссерді көріп, кімнің экранына ғашық болып келдің?» деп сұрасам, жартысынан астамы ­Тимур ­Бекмамбетов болғысы келеді. Тамаша маман иесі. Бірақ суреткер емес. Кинобизнесмен, киношоумен. Оның үстіне компьютерлік графика арқылы үстемелетіп, эффекті жасаудан шебер. Бірақ киносы қанша сапалы болса да, оны өнер деп айтуға болмайды. Бір тәжірибе жасадым. Бекмамбетовтың қай фильмін жақсы көретіндерін сұрасам, көбі «Особо опасен» деді. Соны алдыртып, аудиториядағы теледидарға қосып, көрдік. Он минуттан кейін тоқтатып, «қайтадан басынан көреміз» дедім де, дыбысын өшіріп тастадым. Компьютер. Графика. Актерлік жұмыс жоқ. Бірақ Голливуд актерлері түскен… Ал осы фильмді біз рухани азық деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Бірақ оған қарсылық жоқ. Адамдарда таңдау болуы керек қой. Біреу алып-са­тарлық бизнес­пен шұғыл­да­нады, біреулер еңбектеніп, маңдай терімен жұмыс істейді. Демократиямыз осы. Үшінші курсқа дейін сту­дент­терімнің кино түсіргенін қа­ла­маймын. Се­­бебі ол жа­сында Тарантино сияқты түсіреді, елік­тейді. Маған ол қызық емес. Маған олардың өмірбаяны, өмірге деген көзқарасы керек. Ал шеберлік деген тәжірибемен келеді. Сол үшінші курсқа дейін мен олардан маман, кино көрерменін тәрбиелеп шығаруым керек. Талғамын қалыптастырайын. Қалған екі жылда қалай «жындансаң» да, солай «жындан» деймін. «Жындану» деп отырғаным – ізденіс, өзіңмен-өзің арпалысу. Өйткені академияны бітірген соң продюсер қойған жоспарды орындауың керек. Ақшаны басқаратын сол. Бізде продюсердің өзі екіге бөлінеді: бірі – өкімет бөлген ақшаға продюсер, екіншісі – өзінің ақшасына. Ол бір идеяны алып, соны жаздыру үшін сценарист жалдайды. Кейін оны таспалайтын режиссер іздейді. Бізде де сондай продюсерлер өсіп келе жатыр. Соның бірі – Қанат Төребаев. Бұл жігітпен біз «Мұстафа Шоқайды» түсіргенде бірге істедік. Ол осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман. Енді араға уақыт салып «Жаңғырықты» да бірге түсіргелі жатырмыз. Құдай қаласа, атқа мінуге дайын отырмыз. Ат дайын, біз дайын, бірақ әлі ер салынған жоқ. «Ерді» салатын – Қанат. «Аға, міне мініңіз» дейді де, өзі жетектеп жүреді. Продюсер деген сондай болады. Бексұлтан Нұржекеев деген жазушының бір романы бар. Тақырыбы керемет! «Күтумен өткен ғұмыр». Біздің «Қазақфильмдегі» қазақ режиссерлері өмірін күтумен өткізеді. Мәселен, менің фильмдерім араға 3, 5, 7 жыл салып шығады. Осы үш цифр маңдайыма жазылып қойғандай… Ал ­Владимир Хотиненко деген курстасым бар, Павлодардың жігіті, бірақ «Мосфильмде» жұмыс істейді, Никита Михалковтың шәкірті. Сол қазір отыз бесінші фильмін түсіріп жатыр. Оны түсіріп бітіп, монтажға кіріскен кезде екінші режиссері, операторы, суретшісі басқа сценарий бойынша түсіретін натураны, актерлерді таңдай бастайды. Ал Володя монтажды бітірген соң, келесі картинаға кіріседі. Міне, жұмыс деген сондай болуы керек. Бізде режиссерлер қаражат күтумен-ақ қартайып қалады. Оң босағада отырып қалған қыздар сияқты… Өкіметке тәуелдіміз. Өкіметтің идеологиялық құра­лымыз біз. Кино туралы заңды қабылдағаны – билік басындағылардың киноның идеология құралы екендігін енді түсінгендігі. Әйтпесе, 30-жылдары ұлы күйзеліс болған кезде, Америка алдымен Голливудқа қолқа салды, «Бізді дәріптейтін кино түсіру керек» деп. Сол кезде мықты-мықты шедеврлер түсірді де, дүниежүзін кино, музыка арқылы жаулап алды. Тек қытай, жапон, үнділер ғана шекара қойды. Ал біз вирусты жұттық. Енді содан арылуымыз керек. – Қалай арыламыз? – Жылына ең аз дегенде бір тарихи фильм, бір комедия, бір жастарға арналған фильм, сосын халықтың мұңын шағатын бір жүрекжарды фильм шығарып отыру керек. Әрине, сапалы болуы тиіс. Сосын кино туралы заңды толықтырып, прокатты өз қолымызға алсақ, осы заңды қалқан қылып, ұлтымызға, елімізге қызмет етуге тырысамыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Әсел САРҚЫТ «Ана тілі»

1694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз