Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Басты ақпарат
  • 06 Мамыр, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекет қауіпсіздігін қорғау - Отан күзетіндегі әр азаматтың парызы

Бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күніне орай мінсіз әскери қызметімен, ерен еңбегімен дараланған азаматтарды марапаттап жатыр, деп хабарлайды kazgazeta.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Біз бабаларымыздың ерлігін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау - Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қасиетті парызы. Елбасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында біз бүгінде Қазақстанның шекарасын бүтіндеп, іргесін бекіттік. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет - осы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу", - деді ҚР Президенті. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар өте аз болғанын атап өтті.  Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрғанын еске салды.

"Бүгінде біздің күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды. Жақында ғана өткен "Айбалта-2019" оқу-жаттығу соның айқын дәлелі. Жауынгерлердің әскери оқу-жаттығуларын өзім арнайы барып  көрдім. Ер жігіт жүрегін елге  береді, намысын ешкімге бермейді. Міне, бүгін ортамызда  еліміз бен жерімізді адалдықпен аянбай қорғаған қаһармандар тұр. Олардың арасында адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырлары бар. Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондықтан бүгін біз мінсіз әскери қызметімен, ерен еңбегімен дараланған азаматтарды марапаттау үшін жиналып отырмыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты шара барысында.

 

800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз