Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 16 Мамыр, 2019

Маңғыстау спортшылары жемқорлыққа қарсы қозғалысқа қолдау білдірді

«Маңғыстау Арена» спорт кешенінде Ақтау қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық лекторлық тобының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында спортшылармен кездесуі болып өтті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Лекторлық топ құрамында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Н.Жанназарова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Махмуд, облыстық орталық «Бекет Ата» мешітінің бас имамы С.Сейітбек, облыстық арнайы мониторинг тобының жетекшісі А.Манов, «Жаңару» республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысының Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі, облыстық арнайы мониторинг тобы жетекшісінің орынбасары Д.Үсіпбаев, қалалық спорт ұйымдарының басшылары мен жаттықтырушы құрамы кең көлемде қатысты. Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Н.Жанназарова қатысушыларға заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарымен таныстырып, жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, тұрғындармен кері байланыс механизмдерін орнатудағы 1424 Колл-орталығы мен 8707 170 1424 шұғыл желісінің мүмкіндіктері, департаментпен қоғам өкілдерін тарту арқылы жоспарланып жатқан спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізудің мән-жайын баяндап, белсенділік танытуға шақырды.

Нұргүл Алмасқызы сонымен бірге жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу және жұртшылықтың әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында өңірімізде ашылған «Адалдық дүкендеріне» тоқталып өтті. Облыста ашылған 106 дүкен тек оқу орындарында ғана емес, сонымен бірге Ақтау қалалық полиция басқармасында, арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында және халықаралық әуежайда өзіне-өзі қызмет көрсету қағидатымен жұмыс жасап тұр. Департамент басшысы осындай креативті тәжірибені спорттық мекемелерді қамти отырып жалғастыру қажет деген ұсынысын білдірді.

Ұлттық бюро аумақтық департаменті басшысының орынбасары Б.Махмуд жемқорлық сияқты қоғам дертіне «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бір жұдырықтай жұмылып қана қарсы тұруға болатындығын, спорт саласында жемқорлыққа итермелейтін факторлардың бірі спортшылардың жалақысы төмендігі екендігін, уәкілетті органның ең басты мақсаты жазалау емес, керісінше қылмыстың превенциясы екендігін нақтылады.

Өз кезегінде облыстың бас имамы С.Сейітбек парақорлықтың шариғаттағы үкімі, Құран және Сүннетке қайшы келетін пара алу, пара беру, екі ортада дәнекер болу сияқты іс-әрекеттердің ауыр зардаптарын баяндап, адал еңбекпен ғана табылған дүние-мүліктің берекелі болатынын жеткізді. Қоғам белсендісі А.Манов облыстық арнайы мониторинг тобының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы мақсаты мен міндеттерін түсіндіріп өтсе, Д.Үсіпбаев сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылысқа бүкіл қоғам болып жұмылып қарсы тұрған жағдайда ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығын баса айтты.

Спортшы қауым сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы дайындалған бейнероликті көрген соң, спикерлерге көкейіндегі сауалдарын қойып, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа механизмдері, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары, т.б. салалар бойынша толық жауаптарын алды.

Шара соңында Ақтау қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің башысы Қ.Жұмабаев Агенттіктің аумақтық департаментімен бірлесіп қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру бойынша іс-шараларды одан әрі белсенді түрде жалғастырылатынын жеткізді.

1173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз