Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 24 Мамыр, 2019

СОЗАҚТАҒЫ ҚЫЗЫЛКӨЛ АЙМАҒЫ ДЕМАЛЫС ОРНЫНА АЙНАЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы жұмыс сапарымен Созақ ауданына барды. Онда түрлі саладағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен аймақ басшысы Шолаққорған ауылындағы «Ғажап» шаруа қожалығына аялдады. Мал бордақылаумен айналысатын қожалық 2004 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда мүйізді ірі қара, жылқы, қой мен түйе малы өсірілуде. Тіпті таза қанды ағылшын тұқымдары да бапталуда. Қожалықтың меншігінде 200 гектар жайылым жер бар. Серіктестіктің жұмысымен танысқан облыс басшысы өңірде түйе шаруашылығын дамытып, шұбат өнімін арттыру қажеттігін тапсырды. Бұл тұрғыда мемлекеттік қолдаудың да болатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы аудандағы индустриалды аймақта болып, ондағы бірқатар өндіріс орындарын аралап көрді. Аудандағы индустриалды аймақта 4 жоба жүзеге асырылған. Жалпы жер көлемі 50 гектарды құрайды. Ондағы жобалардың бірі «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты» ЖШС. Аталған мекеме 2017 жылы жұмысын бастаған. Техникалық майларға арналған темір бөшке шығарумен айналысатын жобаның жалпы құны 337 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 120 мың дана бөшке шығаруға қауқарлы. Онда 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

«Дархан-АС» өндірістік кооперативінің «Ас тұзын өңдеу зауыты» да индустриалды аймақтың аумағында жұмыс істеп келеді. Аталған зауыт 2015 жылы іске қосылған. Жобаның инвестициялық құны 210 млн. теңге. 3 гектар аумақта орналасқан мекеме жылына 9600 тонна ас тұзын өндіреді. Зауытта 14 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 50 мың теңге.

Сонымен қатар, Өмірзақ Естайұлы Шолаққарған ауылындағы «Тәуелсіздік» саябағымен танысты. Бұл нысан 2017 жылы ел игілігіне берілген. Сапар барысында аймақ басшысы «Alma resort» серіктестігінің алма бауының жұмысымен танысты. Мұндағы алма ағаштары 2011 жылы отырғызылған. 15 гектар аумақты алып жатқан бақта алманың «Голден делишес», «Ринет семеренко», «Старкенсон» сортты ағаштары жайқалып тұр. Бұл жобаға мемлекеттік бағдарлама арқылы 7,5 млн. теңге қаржы жұмсалған. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылып отыр. Серіктестік жұмысымен танысқан облыс әкімі ауданда баумен қатар, бақша өнімдерін өндіруде қолға алу  қажеттігін тапсырды.

Облыс әкімі ауданға жасаған іссапарын «Мыңжылқы» мәдениет сарайында аяқтады. Онда аудан әкімі Салыхан Полатов Созақ ауданының экономикалық-әлеуметтік салаларда атқарылған жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында жүзеге асар жастарға арналған жаңа орталық, жол құрылысы мен ауданның абаттандырылуы сынды жобаларды баяндады. Жиынды қорытқан Өмірзақ Естайұлы тарихи Созақ өңірінде туризм саласын да қолға алу қажеттігін айтты. Ол үшін Қызылкөл аймағын жаңғыртып, демалыс аймағы ретінде дамыту қажеттігін тапсырды.

 

1134 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз