Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 25 Мамыр, 2019

Отырарда "Сыңғырла, соңғы қоңырау!" шарасы өтті

Отырар  ауданының орталығынан ең шалғайда орналасқан Балтакөл ауыл округіндегі Ы.Алтынсарин және Маяқұм ауыл округіндегі Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептерінде «Болашақ-жастар қолында» атты мектеп түлектерінің соңғы қоңырау  салтанатты іс-шарасы  өтті. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.  Елбасымыз «Тәуелсіз Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың қолында, ал, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп бекер айтпағандығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Салтанатты шарада сөз алған мектеп директорлары Айтбек Асылбеков пен Нұржігіт Бөгенбаевтар өздері басшылық ететін білім ордаларының 2018-2019 оқу жылындағы табыстары мен жетістіктеріне тоқталып, осы оқу жылында түлеп ұшқалы тұрған түлектерге сәттілік тіледі. Мектеп түлектері мен ұстаздар қауымын соңғы қоңырау іс-шарасымен құттықтаған  аудан әкімі Ерлан Айтаханов: - Әр мектептегі соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Биылғы жылғы түлектер түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетті. Сөйтіп, олар ауданымыздың білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосты. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары – сендерсіңдер.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының жүзеге асуына  бастамашы болып, еліміздің дамыған 30 елдің қатарына ену жолында аянбай еңбек етеді деген сенім білдіре отырып, өмірде таңдаған мамандықтардың иесі атануларыңа тілектеспін! Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын! Бәріңе ақ жол тілеймін!,- деп ізгі тілегін білдірді. Мектеппен қоштасу балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу екендігін ерекше атап өткен ардагер ұстаздар Шәріпбек Нақып, Түгелбай Мырзабековтер бітіруші түлектерге ақ жол тілеп, түлектерге ақ баталарын берді. Мұнан соң «Онжылдықтар тоғысында» акциясына жырақта жүрсе де, туған жердің гүлденуіне өз үлестерін  қосып жүрген, мектеп бітіргендеріне 10,20,30,40 жыл болған түлектер  әлі де болса туған елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қоса беретіндігін айтып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. Мектеп оқушыларының ән-күйімен, мың бұралған биімен әрленген шарада 11-сынып оқушылары еліміздің қасиетті көгілдір туын және білім кілтін 10-сынып оқушыларына салтанатты жағдайда табыстады. Ал, соңғы қоңырау соғу құрметі мектептің 1-сынып оқушылары Сымбат Нұсқабай мен Көркем Тәңірбергенге, бітіруші түлектер Нұрқанат Салы, Ұлбосын Қойшыбай және Әли Елеместерге бұйырды. Осындай салтанатты шаралар аудандағы барлық білім ордаларында жалғасын тапты.

2016 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз