Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Білім & ғылым
  • 16 Шілде, 2019

«Сәлем, Қазақстан»

  Жуырда мемлекеттік тілде бүлдіршіндерге арналған бояғыш кітапшалардың тұсаукесеріне қатысып қайттық. «Аbaybooks» баспа үйі шығарған кітапшалар «Сәлем, Қазақстан!» деп аталады екен. Бұл жобағаның ұнаған жері – әр кітапша еліміздің 18 қаласына арналған. Яғни, әрбір қаладағы тарихи-мәдени нысандар, ғимараттар мен ескерткіштердің сызбалары, сыртқы көріністері жасалған. Балалардың мақсаты сол сызбаларды өзі қалаған түстерге салып, бояп шығу. Сонымен қатар әрбір ғимарат бейнеленген бетте оның пайда болу тарихы қоса берілген. Шығармашылық әрі танымдық тұрғыдан алғанда бастауыш сыныптағы бүлдіршіндерге таптырмас оқу құралы. Ой-қиялды дамытып қана қоймай, елдің тарихымен, мәдениетімен өз ана тілінде танысуға зор мүмкіндік алады.

«Аbaybooks» баспа үйінің атқарушы директоры Майра Әлжанова осы жобаны қолға алмас бұрын, еліміздің кітап нарығын зерттегенін айтады.

  - Мақсатымыз – балаларға арнап, мемлекеттік тілдегі бояғыш кітапшаларды шығару болды. Өйткені қазақ тілінде мұндай кітаптардың жоқ екенін байқадық. Жұмыстар бес ай көлемінде жүргізілді. Оннан астам дизайнер-безендірушілер жұмылдырылды. Қазақстанның әр қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді бейнелеуге тырыстық. Сызбалары дайындалды. Еліміздің әр қаласына арналған мұндай кітапшалар бұрын-соңды шығарылған жоқ. Жобаның негізгі идеясы – балаларды әр қаланың көрікті жерлерімен таныстыру,–  дейді.

  М.Әлжанованың айтуынша, кітапшалар халыққа қолжетімді бағада қойылып отыр екен. Кітапшалардың бір артықшылығы – ол отандық туризмді дамытуға да өз үлесін қоспақ.

Тұсаукесер шарасында жоба жетекшісі әрі редакторы Кәмшат Алибекова былай деді:

- Алдымен біздің бояғыштарымыздың басқа бояғыштардан қандай айырмашылықтары бар екенін айтқым келеді. Біріншіден, кітап дүкендерінде жануарлар мен өсімдіктер, ертегі кейіпкерлері мен көліктер бояғыштары өте көп болғандықтан, Қазақстанда алғаш болып қалалардың көрікті жерлеріне арналған бояғыштарды біз жасап шығардық. Әр қаланың өз танымал жерлері бар. Әрбір көрікті орынның қысқаша мазмұны мен қызықты фактілері айтылған. Мұқабасындағы кейіпкерлер де кішкентай балалардың назарына түсетіні анық. Сонымен бірге, бұл бояғыштар кішкентай туристерге гид-көмекші  қызметін де атқарады. Мәселен, бір қалаға саяхат жасауды ұйғарсаңыз, кітапшаларға қарай отырып, ол қаланың қай жерлеріне баруға болады, тарихи ескерткіштер, мұражайлар мен театрлар, мешіттердің қай жылы, кімнің бастамасымен салынғанын білуге болады.

 «Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптары – «ABAYbooks» баспа үйінің алғашқы өнімдерінің бірі. Жоба 5 айға жуық дайындалды. Әр бояғыш пен иллюстрацияларды салуға профессионалды дизайнерлер атсалысып, сапалы туындылар жасады.

Дизайнер-иллюстратор София Филатова: «Балалар иллюстрациялардың мәнін жоғалтып алмай, ғимараттардың өзіндік қасиеттерін сақтай отырып, қаншалықты түрлендіруге болатынын ұғындырып, осы екі нәрсені біріктіру керек деген тапсырма тұрды. Балаларға қызықты әрі бояу қиынға соқпайтындай  ғимараттың даралығын көрсету керек еді. Суреттердегі әрбір бөлшек көпшілік пікірінен өтті, яғни оның керегі бар ма әлде жоқ па дегендей. Сондай-ақ, флора мен фауна үлгілерін де қосып, ғимараттарды түрлендіру керек болды» деген пікірін ортаға салды.

Жазушы-психолог, «Алуан түрлі балықтар және Дария» атты танымал балалар кітабының авторы Джан Аманиидың айтуынша, ата-аналарға балаларына бояу кезінде мүмкіндігінше көмек көрсету керек.

  «Бояғыштарды қолға алған сәттен, оларға деген үлкен қызығушылық пайда болды. Мен өзім жазушы болғандықтан, бұның артында қандай еңбек жатқанын жақсы білемін. Расында да, бояғыш кітаптар балалар шығармашылығын дамытады. Ата-аналарға  аз ғана уақытын бөліп, балаларымен бірге бояғыштарды бірге бояған абзал. Бұл балаға қызықты және танымды болады. Егер де ол басқа елге баратын болса, онда өз елінің қайталанбас әрі таңғажайып орындары туралы мақтанышпен айтып жүреді», - деп Джан Амании.

  Тұсауксер соңында викториналық сұрақтар қойылып, аудиториямен ойын ұйымдастырылды.  Бояғыш кітаптарға байланысты, әр қаланың көрікті жерлері туралы берілген сұрақтарға дұрыс жауап тапқандар сыйлықтармен марапатталды.

  «Сәлем, Қазақстан!» бояғыш кітаптарын «Меломан», «Алматыкітап», «Қазына» т.б. кітап дүкендерінен алуға болады. Қыркүйек айында «ABAYbooks» баспа үйі Қазақстанда алғаш болып бәріне танымал және сүйікті «Disney» ертегілерінің қазақ тіліндегі топтамасын ұсынатын болады.

Дәуіржан Төлебаев

 

837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз