Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 18 Шілде, 2019

"Әнұран" мен "ақаудың" әңгімесі

2018 жылы бекітілген (!) 3300 сөзді түгел қарап шықтым. Салалық терминдерді мамандар сұрыптай жатар, жалпылама қолданыстағы кей сөздерге аздап тоқталайын: "әнұран" жоқ, 1124 нөмірде "гимн" деген жалғыз нұсқа тұр, демек, осы бір сөз ғана бекітілген, қолдануға міндеттіміз. "Процентке"(2761) де соның кері келіп, "пайыз" келмеске кетіпті. "Ақау" да әумин болған. Класс пен сыныпты қатар қыстырыпты, екі сөз - екі ұдай қолданыс. Потенциал да солай, потенциал дейсің бе, әлеует дейсің бе ырқың. "Доминанта культурная" дегенді мәдени доминанта деп бекітіпті, бірақ, доминирование сөзін "үстемдік" деп аударады, онда неге "мәдени үстемдік" емес? Дезодорант – иіссіздендіргі! 1146 нөмірде "глухарьды - глухарь" деп бекітіпті, "саңырауқұрдың не жазығы бар еді, әлде, комиссия ресейлік "Глухарь" сериалын енгізді ме екен?" – деген ой келді кәлламызға. Жәбірейіл мен Әзірейілді енді періште деуге болмас, "архангел" деген бекітілген кесім бар. Иса пайғамбарға қарсы болғандарды бұдан былай ресейліктерше қысқартып "антихрист" деу керек, түпнұсқа "антихристос". Диалог деген әп-әдемі терминді "үнқатысу" деу неге керек екен, диалог политический – саяси үнқатысу? Антикапитализм, антидемократизм, дарвинизм... - изм мен -ция бәрінің ақыры. Легализацияны "заңдастыру" деп жүр едік енді қазақшасын қолданбаймыз. Жаһандануға қарсы шараларды ендігі жерде антижаһанданушылық шаралары деуге міндеттіміз. Темірді дат бастыны "темір коррозияға ұшырады", ұстазды - мүшрид дейміз. Еуропа әдебиеті мен сәулетіндегі шығыс нақышын өзгелер "оренталиш" десе орыстар орентализм дейді, бізде орекеңдердің нұсқасындамыз. Төлқұжаттың орнынан паспорт сөзін қайта қолдансаңыз еш сөкеттігі жоқ, екіұдай етіп қойыпты. Ергежейлілер елінде деп ертегі айтатын ата-аналар ендігі жерде "карликтер" елінде десе болады, карлик – карлик. Төрт қасиетті кітап Зәбүр, Таурат, Інжіл, Құран, – деп оқып өстік, Інжіл атам заманнан христиандар кітабы Библия еді, енді оны Библия деуіміз керек, ал "Інжіл" Евангелиенің аудармасы боп кетіпті. Аборт сөзі көп уақыт "жасанды түсік" болды, енді қайта өз қалпына келіпті. "Ручной дрельді" қолбұрғы деуші еді қарттар, қателескен екен, дрель - дрель.

Антитерминизация деп дрель дырылдатқандай жүйке кемірмек ойым жоқ, қазақ тілі десе глухарь боп қалатындарға азғантай ескерту жасамақ едім, жаңа сөздердің арасында дефект көп секілді, мына түрімен антижаһанданушылықты жарытпаймыз, тамыры терең, зор тілімізді карлик етіп аламыз, тіл мамандары тағы бір сүзіп шықса жөн еді. Терминологиялық үнқатысуға қоғам дайын. Оған дейін тіл туралы дұғамызға архангелдер әумин деп, Жаратқан жар болсын.

Serik Abikenuly фейсбук парақшасынан

2130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз