Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 18 Шілде, 2019

"Киелі Алтай: Берел-2019" фото блог-турының үшінші күні: Мәңгі тоң басқан обалар

«Киелі Алтай: Берел - 2019» фото блог-турының үшінші күні атақты Берел ескерткішіне арналды. Айта кетейік, шара республикалық "Фотоөнер" ҚБ мен "Шығыс Ақпарат" медиахолдингінің ұйымдастыруымен және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің қолдауымен өтіп жатыр. Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен. Деректерге сүйенсек, Берел қорымындағы обалардың ішінде қайталанбас ерекшелігі бар №36 оба екені жазылады. Онда 66 тал маралдың мүйізінен жасалған жылқы мен оның әшекейлері табылған. Фото блог-тур мүшелері музейден осындай жәдігерлердің түпнұсқасын тамашалап, суретке түсіруге рұқсат алды. Бұл музей тарапынан көрсетіліп отырған қолдау екенін де айта кету керек. Фото блог-турға қатысушалар «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейімен танысқаннан кейін «Берел» обалары мен "Патшалар алқабын" аралап, жан-жақтан суретке түсіріп шықты. Одан кейін топ жоспар бойынша екі бағытқа бөлінді. Олардың бірі тұмса табиғатты суретке түсірсе, екінші топ-Берел ауылының тұрмыс-тіршілігімен танысты.  Жания СЕГІЗБАЕВА, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Бас қор сақтаушысы: - 174 гектарлық жер. Бұл жерде екі дәуірдің жерлеуі орналасқан. Бұл Сақ дәуірі және Түрік дәуірі. №11 оба-бүкіл әлемге әйгілі. Бұл жерді 1998 жылы қазып, зерттегенде - әйел мен ер адамның және 13 жылқының жерлеуі табылған. Жерленген ер адамның жасы-35-40 жаста, ал қасында жерленген әйел адамның жасы осы ер адамнан 30 жас үлкен болған. Содан ДНҚ генетикалық зерттеуін жасағанда, онда жерленгендер анасы мен баласы болып шығады. Демек, ана мен бала қатар жерленген. Бұл ер адам - патша болды деп есептелінген. Ол кісі басынан жарақат алған және сол дәуірдегілер ота жасауды да білген. Жылқыларға тоқталатын болсақ, екі қабатта орналасқан. Астыңғы қабатында-жеті жылқы, үстінде-алты жылқы. Осы он үш саны адамның деңгейін белгілейді. Он үш жылқы жерленсе, осы адам он үш тайпаны басқарғаның білдіріп отыр. Қайтыс болғанда, әр тайпа бір аттан сыйлап отырған.Жылқыларды екі қабатта орналастырған. Екі қабатының ортасы және беткі қабаттары толығымен қайың қабығы және антицептикалық шөптермен қапталған. Осы Берел қорғандары-мәңгі тоң басқан обалар деген атаумен әлемге әйгілі. Соның арқасында органикалық заттары сақталған. Еті, терісі, іш-құрылысындағы шөпке дейін қаз-қалпында. Мұзды қабатының пайда болуы - тастардың әсерінен. Тастарды арнайы балықтың қабыршығы ретінде орналастырған. Жаңбыр жауған сайын - сулар астына қарай құйылады. Содан суық келгенде мұз болып қатады. Бұл сол кездегі жасанды мұз қабаты. Демек, осы тастар термостың рөлін атқарған. Төбеден жылуды, астынан суықты жібермеген.Термобаланс болған. Өкінішке орай, бұл термобаланстың барлығы бұзылған. Бұл тонаушылардың әсерінен. Тек қана адамның жерлеуін тонаған, жылқыларға тиіспеген. Сондықтан, жылқылар жақсы зерттелген. Ол туралы 5 томдық кітап шықты және нақты көшірмелері жасалынды. Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ, Қазақ фотожурналистикасының ардагері: -Біз Берел ауылының табиғатын, халқын, тұрмыс-тіршілігін фотосуретке түсіріп қайттық. Ауылдағы үйлер тұтастай ағаштан тұрғызылған. Тіпті, шатырына дейін тақтайдан салынған. Тұрмыстары жаман емес. Есік алдында қорасы, малдары бар. Сұрастырып көрсек, қолөнермен айналысатын қарт кісілер де кездесті. Әлі күнге дейін, бие байлап, қымыз сапырып отырған, қамшы өріп, ұсталық жасайтын азды-көпті адамдар бар екен. Сол бұрынғы қазақи қалпын сақтап отырған ауыл өмірі. Қоныстанған жерінің өзі құтты мекен дерсің!  Жан-жағын тұмса табиғат қоршаған. Сайында сарқырап өзен, қырқасында асқақтаған орманды тау. Соны көріп, сүйсініп қайттық. Еске сала кетейік, фото блог-тур мүшелері бір апта бойы Қатонқарағай ауданының тұмса табиғаты мен тарихи орындарын таспаға түсіреді. Ертең аталған топ Қаракөл көлін түсіруге аттанады. Дәл сол аумақтан атақты Мұзтау шыңның әдемі көрінісі ашылады. Фото блок-тур аяқталғаннан кейін, фотографтардың жұмысы Өскемен, Семей, Алматы қалаларында өтетін "Киелі Алтай" фотокөрмесіне қойылмақ.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Өскемен-Қатонқарағай-Берел.

Шығыс Қазақстан облысы.

(Суреттерді түсірген автор)

 

5257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз