Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Шілде, 2019

"Киелі Алтай: Берел-2019" фото блог-турының төртінші күні: Берелден-Қаракөлге...

«Киелі Алтай: Берел-2019» фото блог-турының төртінші күні «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде қатысушыларды марапаттаумен басталды. Айта кетейік, шара республикалық "Фотоөнер" ҚБ мен "Шығыс Ақпарат" медиахолдингінің ұйымдастыруымен және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің қолдауымен өтіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Берел ауылы маңында орналасқан «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 2008 жылғы 4 шілде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 674 Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып ашылды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Берел қорғандарын зерттеуде негізгі түрткі болды. Тек қана Берел қорымын көптеген ғылым салаларын қатыстыра отырып зерттеу және жүйелі түрде қазба жұмыстарын жүргізудің арқасында б.з.б.1 мыңжылдық өлке тарихындағы көптеген маңызды мәселелерді шешуде ақпарат жағынан бірегей археологиялық материал берді. Ең алғаш болып 1865 жылы қазба жұмыстарды басқарған неміс археологы - Вильгельм Радлов болды және бұл объект ғылымда «Үлкен Берел қорғаны» деген атпен белгілі. Ал 100 жылдан кейін Берел жазығына Сергей Сорокинның басшылығымен РФ-ның Мемлекеттік Эрмитажы экспедиция ұйымдастырды. Бұл жұмыстар барысында В. Радловтың зерттеулері қорытындыланып, кейін арнайы мақала ретінде жарық көрді. Обаларды жүйелі түрде зерттеу Зейнолла Самашевтың есімімен тікелей байланысты. Оның басшылығымен жүргізілген қазба жұмыстардың нәтижесінде 1998-1999 жылдары қолдан жасалған мәңгі мұздықтағы № 11 «Патша қорғанынан» сақ көсемі мен әйелдің және ер тоқымымен бірге жерленген 13 жылқының мүрдесі табылды, оған қоса патшаның салтанат киімі, мініс аттардың ат әбзелдері, ағаштан, былғарыдан, киізден аң стилінде жасалған мыңнан астам қолөнер жәдігерлері табылды. Кейінірек тағы да мәңгі тоң басқан екі қорған зерттеліп, олардан да жерленген жылқылардың мүрделері табылды. Нәтижесінде ежелгі көшпенділер дәуірінің ақпараттық бірегей және көркемөнерлілігі жағынан үздік құндылықтарға ие болдық. Тоң басқан оба-ескерткіштердің бірегейлігі - көшпелі ақсүйек өкілдерінің мүрделері мен жылқылардың мумияланған қалдықтарының, сол сияқты қайталанбас көне өнер үлгілерінің сақталуында және серілік-батырлық дәуірдің сипаты болып табылатын көшпелі мәдениет кезеңінің қалыптасуы мен ерекше діни-мифологиялық ұғымның дамуына сирек информациялық мүмкіндік тұғызуында. Сақ-сібір аңдар стилінде жасалған жәдігерліктердің табылуы - әлем деңгейіндегі жаңалық болды. Мәңгі тоң басқан обалардағы киім-кешектер, ат әбзелдері, ер-тоқымдар, ағаштан, матадан, киіз бен былғарыдан жасалған заттар түгелімен алғашқы қалпында сақталған. Әдеттегідей қорғандарда тек металдан, сүйек пен қыштан жасалған бұйымдар ғана сақталады. Бүгінгі таңда Берел – Отанымыздың теңдесі жоқ органикалық олжалар сақталған жалғыз ескерткіш. Жангелді АХМЕДИЕВ, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры: -Біздің музейдің өзінде мыңнан аса жәдігер сақтаулы тұр. Оның барлығы да түпнұсқа. Мұндай жәдігер республикалық 11 қорық-музейдің бірінде жоқ. Өйткені, мен олардың барлығын аралап қайтқанмын. Міне, бізге келуші туристтер жәдігерлердің осындай құндылығына қызығады. Біз республикалық "Фотоөнер" ҚБ-і мен "Шығыс ақпарат" медиахолдингінің бірлесіп ұйымдастырып, бізге сапарлап келген кәсіби фотографтарға ризашылығымды білдіремін. Бұл кәсіби мамандардан құралған мықты команда. Олардың  түсірген суреттері-біздің музейді тағы бір қырын аша түседі деген ойдамын. «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Жангелді Ахмедиев «Киелі Алтай: Берел-2019» фото блог-турын ұйымдастырушы азаматтарға ұжымы атынан Алғыс хаттар табыстады. Өз кезегінде, қатысушы тарап та музей-қорыққа сый-сыяпаттарын жасады. Сондай-ақ, осы басқосуда "Фотоөнер" ҚБ-інің төрағасы Асылхан Әбідрайым аталған фото блог-турға қатысып жатқан екі қатысушыға бірлестікке мүшелікке өту билеттерін мен сый-сыяпаттарын табыстады. Берелдегі фото блог-турдың марапаттау рәсімі өткеннен кейін де, топ жұмысы жалғасты. Түс ауа олар Мұзтау етегіндегі Қаракөл көліне жетті. Мұзтау шыңы-Қазақстан мен Ресей шекарасында орналасқан Алтай мен Сібірдің ең биік нүктесі. Ал оның мәңгі тоң басқан мұздықтарынан төменге қарай жыл он екі ай мөлдір бұлақтар ағады. Олар жан-жақты қосылып, асау өзендер мен биік сарқырамаларға айналады. Орта белдеулерінде табиғаттың тамаша сыйы болып тау көлдері таңқалдырады. Қаракөл сондай сұлулықты бойына жұтқан ғажайып көл. Ұйымдастырушы топ Қаракөл жолының қиыншылығына қарамастан, сапарды сәтті өткізді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған фотографтар бұл ғажайып мекеннің сұлулығын күн батқанша таспалап үлгерді. Жансия СҮНДЕТБАЕВА, "Катонқарағай" Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі "Рахман" орманшылығының мемлекеттік инспекторы: -Қаракөл - теңіз деңгейінен 1656 м биіктікте орналасқан әлемге әйгілі көл. Оның бір дәлелі, мұнда жыл сайын әлемнің әр қиырынан келген туристердің саны азаймайтындығында. Дәл осы тұстан Мұзтаудың көлге түскен керемет келбеті ашылады. Шетелдіктер де,  өзіміздің халық та осы көріністі көлуге жаз бойы үзіліссіз келіп жатады. Көлдің суы-жазда жылы болғандықтан, суға түсіп, балық аулайды. Мұнда табиғат - сұлулыққа тұнып тұр. Жері флора мен фаунаға бай. Еліміздің "Қызыл кітабына" енген өсімдік түрлері де осы Қаракөл маңайындағы жоталарда көптеп өседі. Таудағы орманды алқаптың шыршалары мүктеніп, мүлдем басқа күйге бөлеген. Бұл ауаның соншалықты таза екендігін көрсетеді. Еске сала кетейік, фото блог-тур мүшелері бір апта бойы Қатонқарағай ауданының тұмса табиғаты мен тарихи орындарымен танысты. Сапардың соңғы күні ауданның "Марал" және "Бал арасы" шаруашылығының жұмысымен танысып, күнбағыс алқаптарын аралап, Өскеменге жолаға шығады.   Фото блог-тур аяқталғаннан кейін, фотографтардың жұмысы күздің алғашқы айында - Өскемен, Семей, Алматы қалаларында өтетін фотокөрмеге қойылмақ.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Өскемен-Катонқарағай-Берел-Қаракөл

Шығыс Қазақстан облысы.

(Суреттерді түсірген автор)

 

4471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз