Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Шілде, 2019

"Киелі Алтай: Берел-2019" фото блог-турының бесінші күні: Қайта жолыққанша, шырайлы шығысым!

«Киелі Алтай: Берел-2019» фото блог-турының соңғы күнінде қатысушылар Катонқарағай ауданының елді-мекенін аралап шықты. Айта кетейік, шара республикалық "Фотоөнер" ҚБ мен "Шығыс Ақпарат" медиахолдингінің ұйымдастыруымен және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің қолдауымен өтті. Бесінші күнгі сапар, қорытындылау болғанымен де, фотографтар үшін нағыз жұмыс күні болды. Өйткені, аудан аумағы тұнып тұрған тұмса табиғат. Сондықтан, кез-келген нүктеден сурет түсіріп қалу маңызды болды. Аталған күні «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлері "Фотөнер" ҚБ-нің мүшелеріне бір апта ішінде бауыр басып қалғандай. Қимай қоштасты. Барлық уақытта есіктері ашық екенін де жеткізді. Олардың жұмысына сәттілік тілеп, күзде өтетін фотокөрмені тағатсыздана күтетіндіктерін айтты. Жолай Катонқарағай ауданының негізгі бренді болған "Марал" және "Бал арасы" шаруашылығының жұмысымен танысып, күнбағыс алқаптарын фотосуретке түсіріп қайтты. Сондай-ақ, кәсіби фотографтардан жиналған құрам Катонқарағай ауданы, Алтынбел ауылдық округі әкімдігі мен шаруа қожалықтарының өткізіп жатқан "Егістік күні" ауыл шарушалық шарасына да куә болды. Қонақтармен Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Ернар Бексұлтанов жолығып, ауыл көкпаршыларының тартысты ойынын бірге тамашалады.Сапар барысында, аға буын-жас буынға ақыл-кеңестерін беріп, көркем суретке түсірудің оңай жұмыс екендігін айтып жатты. "Фотоөнер" ҚБ-нің төрағасы Асылхан Әбдірайым жастарға: "Ұлттық мүдде - өз мүддеден жоғары болуы керек. Біздің бірлестіктің әр мүшесі - осыны естен шығармау тиіс",-деп жастарға фотоөнерімен қатар, тәрбиелік, тағылымды, рухты сөздерін де қадап айтты. Фото блог-турдың Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағайдың көркем табиғатында өтуіне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған "Шығыс Ақпарат" медиахолдингі ұжымы қатысушы топты бір апта бойы қамқорлығына алды. Барлық қажеттіліктерді жасап, фотоөнерін түсінетін нағыз жанашыр екендіктерін көрсете білді. Қосымша ақпарат: Катонқарағай ауданы ертеден өз республикамызға, әлемнің көптеген елдеріне жақсы таныс. Олардың назарын өздеріне аударған жұмыр жердің бетінен онша кезіге бермейтін, еш жердегіге ұқсамайтын әсем де сұлу табиғатымыз, табиғи байлықтарымыз. Қазақстанның қиыр шығысындағы Төр Алтай – барша түркі жұртының кіндік отаны, ақ жайлау ата қонысы болған киелі мекен екені тарихтан белгілі. Алтайдың көне қойнауында тылсым жұмбақ сырларды ішіне бүгіп жатқан ескі обалар, таңбалы тастар, керуен соқпақтар алыста қалған ғасырлардың үнсіз куәгерлері іспетті. Орманы нулы, өзені шулы, бұлағы шипалы, ауасы дуалы, шұрайлы да құйқалы жерұйықты мекен еткен ата-бабаларымыздың көзі болған тарихи жәдігерлер қазіргі таңда әлем жұртының назарын аударуда. Катонқарағайдың қар басқан тау шыңдары, ну орманы мен шалқар көлдері, мөлдір бұлақтары мен асау өзендері, су құламалары мен қоймалары, аң мен құсы,  көздің жауын алар көрікті келбеті кез келген жанды тамсандырмай қоймайды. Аудан аумағында орналасқан Қазақстанның киелі орындары Берел қорымдары, Көккөл кеніші, Рахман қайнарлары, Көккөл, Арасан, Қараайрық, Рахман сарқырамалары, Қаракөл, Үшкөл, Марал, Қаумыш, Шәнген сынды көлдері, тарихта терістіктегі Алтын Тармақ деген атпен қалған Ұлы Жібек жолының Солтүстік тармағы, өзіндік ерекшелігімен тарихи құндылыққа ие Австриялық жол Табиғат-Ананың сыйлаған баға жетпес байлығы десек болады. Ауданымыздағы туристік саланың негізін  емдік-сауықтыру, экологиялық, ауылдық , мәдени-танымдық  және белсенді туризм құрайды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бастар жол: Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» («Киелі жерлер географиясы»)  жобасын құру жөнінде бастама көтерді, жоба шеңберінде киелілердің мәдени-географиялық белдеуі құрылған. ҚР Ұлттық мұражайының «Киелі Қазақстан» орталығымен Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі орындарының тізімі анықталды. Бұл тізім қатарына Катонқарағай ауданы аумағынан Берел қорымдары мен Мұзтау сияқты  2 нысан кірді. Олар қазақ халқының қайталанбас бағалы ерекше, ұлттық бірлік пен өркендеудің нышаны ретінде айтылатын табиғи және мәдени мұра ескерткіштері. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бастар жол: Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласы, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Киелі жерлер географиясы» бағдарламалары аясында ШҚО киелі жерлер картасы жасалынды, мұнда ауданымыздан Берел қорғандары, Кіндік тас, Мұзтау және Рахман көлі сияқты 4 киелі орын және 1 табиғи көрнекті жер (Равновесие көлі)  белгіленген. Еске сала кетейік, фото блог-тур мүшелері бір апта бойы Катонқарағай ауданының тұмса табиғаты мен тарихи орындарымен танысты. Фото блог-тур аяқталғаннан кейін, фотографтардың жұмысы күздің алғашқы айында - Өскемен, Семей, Алматы қалаларында өтетін фотокөрмеге қойылмақ.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Өскемен-Катонқарағай-Берел-Алтынбел-Өскемен

Шығыс Қазақстан облысы.

(Суреттерді түсірген автор)

   

4811 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз