Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 27 Шілде, 2019

Елімізге белгілі дінтанушы «Жусан» операциясы бойынша елге оралғандармен қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтты

«Жусан» операциясы бойынша  Сириядан елге оралғандармен Ақтаудағы бейімдеу орталығында жұмыс істеп жатқан белгілі дінтанушы  — Кеңшілік Тышқанұлымен сұқбаттасып, соғыс аймағынан елге оралған қандастарымыздың бүгінгі жағдайлары,  діни көзқарастары мен  әлеуметтенулерінің қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы біліп, кеңінен сұқбаттасып қайтқан едік.

Кеңшілік мырза, жуырда ғана фейсбуктегі парақшаңызда «Жусан-4» деп жазба қалдырған екенсіз. Сонда «Жусан» операциясының тағы жалғасы жүзеге асырылуда ма?

— Иә, «Жусан-4» операциясы жүзеге асырылды.

Бұл туралы ешқандай ресми ұйымдар БАҚ-қа ақпарат таратпаған сияқты еді...

— Ресми ақпарат еш жерде таратылмады ғой деймін. Бір білетінім «Жусан-2,3» операциялары арқылы  қалып қалғандарды  жинап, елге әкелді.

Түсінікті. Сирия жерінен оралып бейімдеу орталықтарына орналастырылған азаматтар сіздің маман ретіндегі жұмысыңызға көңілдері толып жатқанын естудеміз. Бейімдеу орталығындағы азаматтармен қандай діни оңалту әдістерін қолданып жұмыс істеп жатырсыз, толықтай тарқатып айтып берсеңіз?

— Жалпы мен қалыптасқан жағдай мен қандай мәселемен жұмыс жасап отырғанымды ескере отыра, әртүрлі діни- теологиялық, әлеуметтанулық, психологиялық әдіснамаларды жан-жақты пайдаланамын. Көбіне диалектикалық әдіспен, сыни пайымды қалыптасыруға негізделген ойлау жүйесіне басымдылық беремін. Ортаға негізгі-негізгі деген мәселерді қоямын. Бірінші күні орталықтағы қыз-келіншектер қатты ашылмауы мүмкін, сосын екінші, үшінші күндері өздері ақырын-ақырын ашылып, сұрақтарын қоя бастайды.  Лекцияға келгенде: «Өткен сабақта біз нені түсіндік?» деген мәселені көтеремін, сол себепті орталықтағылар алдыңғы сабақта өткенімзді ұмытып қалмас үшін, керектерін жазып алып отырады. Ал олардың біреуінің болсын сабақты жаза бастауы, бейсаналы түрде, ырқынан тыс жұмыс істеп жатқандығын білдіреді. Бейімдеу орталығында жатқандардың психикалық, психологиялық қабылдауларын, кімге, қандай тәсіл жасау керек екенін зерттеймін. Себебі кейбіреуінің мінездері қаталдау, ауыр. Кейбіреуіне арасында қатты сөздер айту керек болады, кейде кішкене жасанды түрде болса да реніш білдіру қажет. Бірақ ішінде өз көзқарасынан қайтпауға тырысатын немесе өздерін лидер санап, басқаларына ықпал жүргізе алатындары бар. Оның үстіне өзінің бұрынғы алған білімін бір күнде жоққа шығара салғанды ешкім жақсы көрмейді. Сондықтан қатып қалған көзқарастағылармен ақырындап жұмыс жасау керек. Өйткені топтағы әйелдер бір-біріне ықпал етеді.Себебі топтағы алты әйелдің беті бері қараса, қалған төртеуі: «Ей, мен ақымақпын ба?! Бұлар қайтып жатыр ғой» деген оймен соларға ереді. Сондықтан сол әдісті мен көбірек пайдаланамын. Ал индвидуалды жұмыстарды тек лекцияның соңғы күндері пайдаланып, нақты жұмыс жасаймын. Өйткені кейбіреулері көзқарастарынан қайтып отырады, бірақ ана әйелдердің көзінше айта алмайды. Сол әйелмен мен жеке сөйлескенде ғана ол: «Иә, мені осындай проблемалар мазалайды. Ана адамда да осындай проблемалар бар» деп бір-бірінің проблемаларын айтады. Орталықта жатқандарға өзім де: «Жеке сөйлескілеріңіз келсе, менің мынандай кезде уақытым бос» деп айтамын. Осы тұста менің жиырма жылдық педагогикалық тәжірбиемнің септігі тиіп жатыр. Тағы бір айта кететіні, Сириядан оралғандармен жұмыс істеу барысында теологиялық білімсіз тағы болмайды. Себебі сізге: «Әбу-Ханифа мәзхабының дұрыстығын немесе Мәтуриди ақидасының көзқарасы дұрыс екендігін қалай дәлелдейсіз?» деп айтады. Осы тұста бірінші теологияны, сосын барып логиканы алып жүру керек. Жай ғана мысал алсақ, былай дейміз: «Сіз Алла тағала аспанда, тақта отыр дейсіз. Тақ қайда, тақ жаратылмай тұрғанда Алла бар ма еді? Алла бар еді, ол бәрінен бұрын жаратылған. Ондай болса тақ жаратылғанға дейін Алла қайда болған?!» деген сияқты қисынды дүниелермен олардың логикасын өздеріне қарсы пайдаланамын.  «Сіздің идеологияңыздың қателігі осы жерден келіп жатыр, енді сол қателескен адамның мына бір категориясын тағы да қате деп ойламайсыз ба?» деген сияқты бірінен кейін бірін тізбектеп, сыни ойлау жүйесі арқылы ақырындап дәстүрлі бағытқа қарай қайтаруға тырысамын.

Сириядан оралған қандастарымыздың діни көзқарастарына байланысты  қандай ортақ проблемаларды байқадыңыз?

— Сириядан оралғандар өздерінің жаттанды екі-үш кітабын оқумен ғана шектелген. Түрлі логикалық сұрақтар, сыни пайым, теологиялық теориялар арқылы олардың дүниетанымын кеңейткен кезде, олардың көзқарастары ашылады. Мысалы, олардың кейбірі күні бүгінге дейін Әбу-Ханифаны танымаған. Оның өмірі мен еңбектерінен, тауһидтің негізінде не жазылғанынан мүлдем бейхабар. Сабақ барысында олардың тарапынан: «Әбу-Ханифа сәлаф болса, сәлаф кезінде өмір сүрсе, осындай еңбек жазған болса, оның ақидасы қате болмау керек қой?» деген сұрақ туындайды. Мен сол кезде: «Сіз сәлафилық жолмен жүремін десеңіз, Әбу-Ханифа сәлаф қой, сіз неге бәрін мойындамайсыз» деп айтамын. Осылай логикалық параллелді қатар қойғанда ғана, олар ойлана бастайды.  Өйткені бұлардың ең үлкен проблемасы сол – «шубха» деп имамдардың уағызын тыңдамаулары. Ұстаздарының «басқалардың уағызын тыңдамаңдар» деуі де сол,  бұлардың логикасын ашып, сыни ойлау жүйесін қалыптастырып жібереді ма деген қорқыныш бар.

Уахабистер Мұхаммад ибн Абдул Вахабтың харам нәрсе – философия, музыка, логика деген сөздерінің негізімен жүреді. Олар өздеріне теологиялық шектеу қойып тастаған, «сыни ойлауға болмайды» дейді. Бірақ мен айтамын: «Алла сізге ақыл-ой берген. Құранның 500-ге жуық жерін де: «Ойланбайсыңдар ма?!» деген аяттар келеді. Сіз сонда қалай ойланбайсыз, сіз логиканы өзіңізге харам деп санайсыз?! Егер Алла тағала логиканы бермеген болса, сіз дінді қалай табасыз?» деп. Бұлардың бір артықшылығы, біріншіден бұлар Сириядан қайтқанда ол жақта қандай жағдай болып жатқанын көзбен көрді. Көбісінің қайтуға деген ниеті бар, кейбіреулері тіпті ұстанған бұрынғы жолдарының қате болғанын көріп қуануы мүмкін. Екіншіден,олар Қазақстанға қайтқан кезде осы қоғамға сіңісіп, бейімделіп өмір сүрулері керек  екенін түсінді. Сондықтан қатарға қосылуға деген талпыныс бар. Үшінші бір артықшылығы – бұлардың барлығы әйел адамдар. Ал әйел адамдар сөзді, эмоцияны жақсы көреді. Оларға бір жанашырлық танытсаңыз, қандай да бір проблемасын шешіп беруге тырыссаңыз, сұраған кітабын тауып берсеңіз соған да риза болып қалады. «Жусанмен» оралғандар кезінде біздің қоғамды мансұқтап кетті, сол мансұқтаудың дұрыс емес екенін  түсіндірсек, мақсатымыздың орындалғаны.

Осы оралып жатқан азаматтардың бүгінгі еліміздің ішіндегі діни деструкция себебі болып жүрген  орталарға, жамағатттарға қайта килігуі, араласып кетуі қаншалықты ықтималды?

— Менің ең қатты қауіптенетін дүнием де сол. Себебі осы жерде жүрген жат ағымдағылар Сириядан оралғандарды өз орталарына қайта қосуға мүдделі болулары да әбден мүмкін.  Оларды қаһарман ретінде көріп, өз орталарында жиһадқа қатысқан адам ретінде дәріптеулері мүмкін. Жоқ дегенде неке мәселесін алға тартып, айналдырып ала алады. Тек оралғандардың ана жақтағы соғысты көзбен көріп, оттың ортасынан келгенін ескерсек, жат ағымдағылармен қарым-қатынастары  дұрыс бола қоймайды-ау. Бірақ біздегі бұрыннан жүргендер өз қатарларына қайта қосуға әбден мүдделі болулары мүмкін.

Осы айтып отырған проблеманың алдын алу үшін не істеу керек? «Жусан» операциясы бойынша бүгінде өз үйлеріне қайтқандардың әлеуметтенулеріне кімдер жауапты?

— Ол үшін бұларға «Бейімдеу орталығынан» кеткеннен кейін де,  негізгі бағыт-бағдарды беріп отыратын қоғамдағы адамдарды өзіміздің Діни басқармалардың іші мен мешіттерден, қоғамнан тауып беру керекпіз. Сонда ғана бұлар адаспайды және  олармен жұмыс тоқтамау керек. Себебі бір айда адамды адам етіп шығару, бүкіл діни нәрсені дәлелдеу, діни сауаттылықты көтеру де мүмкін емес.  Оның үстіне бұлардың 180 градустық көзқарастарын бері жаққа қарай аудару өте қиын. Бізге берілген уақыт бір ай ғана, бұл өте аз уақыт. Өйткені адамның өзі бір тақырыпты айтқаннан кейін екі-үш күн ойланып, қорытып, қабылдауы керек. Ол сіңгеннен кейін ғана оның нәтижесі  шығады. Бұдан ары қарай да бұлар теолог, психологтармен жұмыс істеулері керек. Бүгінгі таңда «Жусан-2», «Жусан-3» операциясымен оралғандар 14 облысқа, ірі қалаларға таралып кетті.

Ал олардың әлеуметтенулеріне кім жауапты деген сұрағыңызға келетін болсақ, әр облыста ішкі саясат басқармалары, қауіпсіздік мекемелерінің қызметкерлері бар. Олар қарайды, қадағалайды. Жаңа атап өткенімдей, олардың әлеуметтенуінің негізгі көзі — туыстары. Көбінің облысқа қайтқан себептері олардың сонда туыстары бар, өздерін жақсы көретін баласы, әке-шешесі бар дегендей. Өйткені оларға қиын-қыстау кезінде жақындарынан басқа ешкім қолұшын созбайды.  Мемлекет оларды өмір бойы асырай алмайды.  Жан-жақты қолдау болмаса, олардың әлеуметтену процесінің ұзаққа созылатын түрі бар.   Өздері оралған қоғамдағылар олардың дініне, киіміне тиісіп, қандай да қысым көрсетсе, олар қайтадан теріс айналулары мүмкін. Себебі әр адамның білімі, деңгейі әртүрлі ғой. Біз кінә іздесек барлық адамнан таба аламыз. Олар енді қатты қателесті, бірақ біз бұғанда кешіріммен қарау керекпіз. Себебі олар шынымен де өкінетін болса, шынымен өзінің жүрген жолында басқа азаматтардың адаспауына көмектесеміз деп тұрса, ондай адамдарды сыртқа тебуге болмайды. Керісінше оларды қолдап, қоғамдық жұмысқа тарту керек.  Жалпы айтқанда, оларды жоғалтып алмауымыз қажет.

Бейімдеу орталығындағы қақтығыс аймағынан оралған адамдармен жұмыс істеу барысында бәріне бірдей ортақ қандай адами құндылық белгілерін байқадыңыз?

— Мұны қаншалық адами құндылық деп айтуға болатынын білмеймін, олардың тараптан бір байқағаным —  өздерінің идеологиясына деген адалдық, көзсіз жанкештілік.  Сол адалдықтары оларды көбіне мазалайды. Себебі жылдап сенген сенімдері ақталмады. Оның үстіне өзі өмір бойы сенген сенімін, жинаған білімін бір күнде мансұқтай салу оңай емес. Біздің бір кездері атеистік қоғамда өмір сүргендердің бетін бері қаратудың өзі жеңіл болмады. Сол сияқты ол да өзінің сеніміне адал болуға тырысады. Дінге деген жанкештілік қатты, жауапкершілік пен адалдық бар.   Егер бұл адамдар адами тұрғыдан осы қоғамға бейімделетін болса, олардың арасынан түрлі қаһармандар шығуы мүмкін. Олардың барлығы адасқанға дейін зайырлы қоғамда өзіміз сияқты өмір сүрген, білім алған, оқыған. Біз оларға әлі де идеологияның құрбаны болғандарын түсіндіріп жатырмыз. Олар мұсылманшылық деген не, оның зайырлы заңдары дегеннің не екенін, қоғамда өмір сүрудің қазіргі формалары қандай екенін түсінеді. Бастысы олардың қиялдарындағы халифаттың, жер бетінде өздері құрастырып алған жұмақтың жоқ екенін түсіндіру.

Ситуациялық, болжамды сұрақ. Мәселен, бетін аулақ қылсын, болашақта қандай да бір елде халифат құрылмақшы болып, дәл Сирия мәселесі қайталанып жатса, елімізден тағы да азаматтар адасып осылай «жиһад» аңсап кетуі мүмкін бе?

— Мүмкін...Себебі бұл идеологияға, психологияға әсер ететін дүние. Адам наным-сенімі үшін күреседі. Кез-келген адамды алсақ та, ол біреумен пікірді өз ақиқаты үшін таластырып жатады. Ол сеніп тұрса да, сенгісі келмейді. Өйткені оған деген адалдығы жібермейді. Сол үшін оған «Халифат» деген дүниелер, біздің әртүрлі ағымдардың youtube-тағы видео-уағыздары олардың көптеген алғышарттарын қалыптастырып жатыр. Дін үшін, құдай үшін, жұмақ үшін деген сияқты көзге көрінбейтін дүниелер жүрекке әбден орныққаннан кейін, олар жат елге кетіп қалуда. Ертең де сондай адасушылар болуы мүмкін.  Біздің қоғамнан қорқатын себебім —  елдегі діни сауаттылықтың төмен деңгейі. Бізде қазір кез-келген қоғамдық ортадан дінге құрбан тауып алуға болады. Өйткені көп адамның діни фундаменті, сауаттылығы жоқ. Сенің айтып отырғаның «адасқан дүние ғой» деп айтатын адам жоқ қазір. Сондықтан біздің қоғамнан жат ағымға ерушілердің топ-тобымен шығуының мәні де осы да. Бізде діни сауаттылық, діни білім беру, діни ағартушылық деген дүние кенжелеп қалды. Қазірдің өзінде де дұрыс болып жатқан жоқ, мектептегі сабағымызда дұрыс болып жатқан жоқ. Жалпылама айтқан кезде мамандар тарапынан жанашырлықтың аздығы ма, білмедім. Бұл олқылықтың орны жақын уақытта тола қоятындығына да сенбеймін. Бүгінгі таңда діни білімі терең адамдар көп болып тұрғанда,  дайын аудитория, дайын идеология болып тұрған кезде, ол идеологияның құрбандары әлі де болатын шығар деп ойлаймын. Бірақ мемлекеттің жасап жатқан жұмыстары, республикалық түсіндіру топтары, өткізіліп жатқан кездесулер  мен дәрістер бар. Белгілі бір деңгейде жат ағымның не екенінен халық хабардар болуда. Бірақ мақсатты түрде бір идеолог келіп, діннен өзінің рухани әлемін іздеп жүрген жанды жат ағымға жетектеген сәтте, қарсы тұра алатындардың саны аз.  Сондықтан біз осы мәселенің болашақта қалай шешілетінін ойластыруымыз керек.  Мүмкін діншіл бағыттағы идеологияларды балаларға жас кезінен бастап немесе мектептер, университеттерде оқыта бастауымыз керек шығар. Тіпті біз зайырлымыз, діни білімді тереңінен бере алмаймыз дегеннің өзінде, рухани, ұлттық құндылықтарды игере бастауымыз керек қой. Бұлардың бәрі қарап отырсаңыз бір рухани құндылықты, жақсылықты, өзінің қиялындағы жұмақ өмірді аңсаған. Яғни әдемі өмір сүргісі келіп, бақытын сырттан іздеген. Сіз рухани құндылықтарды бере алсаңыз, ол ертең оның өмірлік азығына айналады. Білім ешқашан бізге рухани құндылық бола алмайды.Білім арқылы мықты маман болуға болады, бірақ діннен хабары болмаса, жат мүддеге кетіп қалады. Өйткені кетіп қалғандардың барлығы сауатсыздар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар емес. Олардың арасында небір мықты әулеттерден шыққан, экономикалық әлеуеті жақсы ортадан шыққан, оқуды қызыл дипломмен бітірген азаматтар да бар.  Идеология бәрібір өз қалағанын істетуде. Енді елдегілерге тым құрыса  қазақтың ұлттық құндылықтарын бере алсақ, белгілі бір деңгейде осындай адасушылардың алдын алуға болады. Оралғандардың көпшілігі ата-бабаларын да танымайды, қазақтың мықты-мықты ағартушыларының еңбектерін оқымаған, тіпті олардан мүлдем бейхабар. Олар осы себептен де кетіп қалып отыр. Егер Сирия асып кеткендердің бойларына ұлттық құндылық сіңірілгенде, идеологияға қарсы қандай да бір иммунитет болушы еді.  Олар өздеріне бірінші дінді кім түсіндірді, соларды ұстаз санап, соларды шейх санап, арттарынан еріп кеткен.

Сирияда тұрғандардың хикаяларын тыңдап, бастан өткерген небір сұмдықтарын естіп жатырсыз. Осы уақытқа дейінгі жұмыс аясында ішкі әлеміңізде қандай да бір қақтығыстар мен көңілге түскен кірбің, толқулар орын алды ма?

— Менің ішкі әлемімде қақтығыстар орын алмайды. Мен бұл мәселелерді бұрын теориялық тұрғыдан білгенмін, оқығанмын. Сондықтан менің ішкі әлемімде бұлардың қандай да ақиқаты бар деген сынды нәрселер болған емес.  Мен маман ретінде бірінші адаммен қалай сөйлестім, соңғы адаммен сөйлескенде де тура солай сөйлесемін. Менің ішкі әлемімді теріс идеологияның зардаптары осыншалық деңгейге дейін жеткендігі, дін атын жамылғандардың адамды адам құрлы көрмейтіндігі, қарагөз қарындастарымыз бен әпкелеріміздің осындай идеологияға топ-тобымен түсіп кеткендігі, қоғамдағы діни ахуал алаңдатады. Кейде бостандықта жүрген адамдардың өзі біздің сөзімізді түсінбей жатады. Әрбір оқиғаны тыңдаған сайын үлкен бір қайшылық туындатады. Олардың ішінде жасына жетпей мүгедек болып қалғандар, оқ тигендер, жетім қалғандар қаншама?! Оралған әйелдердің  90% ер-азаматтары құрбан болған, асыраушылары жоқ. Ертеңгі олардың күндері не болады, мына балалардың жазығы не деген жанашырлық қана бар. Әйтпесе ішімде алай-дүлей болып жатқан қайшылық жоқ.

Сұқбаттасқан: Қалиева Айжан

3186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз