Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Басты ақпарат
  • 12 Тамыз, 2019

Қазақ тілі мал табатын тілге айналмай, ​ көсегесі көгермейді

Қолданылу аясы кеңіп,қажетімізді ашпаса, мың жерден айқайлап аттандағанмен қазақ тілінің мәртебесі артпайды. Уақытында қоғам қайраткері Аманкелді Айталы «Қазақ тілі мал табатын тілге айналмай, ​ көсегесі көгермейді» деген еді. Өкінішке орай, осыны біле тұра біздің нақты сөзден іске көшер түріміз көрінбейді.​ Соның салдарынан қазақ тілінің жайы өз жерінде өгей баланың күйін кешіп отыр. Ең қиыны мұндай күйдегі тілімізді бүгінде тірлігіміздің қозғаушы күшіне айналған ақпараттық технология да жатсынуда. Өткен сенбі-жексенбіде Елордада Түркі тілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен​ журналистерге арналған тренинг өткенін айтқанбыз. Тегін ұйымдастырылған шарада алған жақсы мағлұматымыз және игерген машығымыздың бірі- мобилдік қосымшыларды жұмыс бабына пайдалану болды. Бұған өз басым бір жағынан қуансам, екінші жағынан қатты қапаландым. Қуанғаным, диктофон таспасына түскен жазбаларды ұялы телефоныма ListNote қосымшасын ​ жүктеп алып, мәтінін бірден түсіріп алатыным. Аудио таспаға түскен жазбаларды түгелдей қайта тыңдап, керегін қағазға түсіру, тәпсірлеудің қиындығын, мұның адамды ығыр ететін ауыр жұмыс екенін​ әсіресе мерзімдік басылымдар журналистері жақсы біледі. Осыдан құтылдым- ау деп жүрегім жарыла жаздаған. Сөйтсек, бұл қосымша арқылы тек орысша сөздер ғана танылады ​ екен. Ал, қазақша ​ онда мүлде ұғынылмайтын болып шықты.​ Біз қосымшаның мүмкіндігін ​ тексеру үшін әже деген сөзді ​ айтып көргенбіз. Сөйтсек, осынау ұлт анасының ұлық есімі әлгі жерде көпкөрнеу келекеге айналып, массаж деп танылды. Өзегіміз өртенді. Енді ше, қайда да мазақ болатын ​ қазақ тілі. Тренингті өткізген ІТ маманы Айбар Хасеновтың айтуынша, қосымшаның қазақшаны танымауы мобильдік жүйеге ​ қазақ тіліндегі​ сөздік қордың енгізілмеуінің​ салдары екен. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында не жасалынбады ? Заң да қабылданды,арнайы дайындалған бағдарлама да іске асырылды , қаптаған комитеттер де құрылды.Бүгінде ерінбегеннің бәрі тіл мәселесін көтерумен келеді. Қазақша сөйлейтіндердің алдына барып қазақша сөйлеңдер ақырғандарды да көз көрді. Алайда, одан не пайда егер қазақ тілі мал табатын тілімізге айналмаса, әлемді ұршықша иіріп тұрған ақпараттық технологиямен біте қайнасып, ұлттың игілігіне қызмет етпесе?! Қаншама мамандар,тіл жанашырлары жүріп осы шараны неге жүзеге асырмағаны қайран қалдырады... Электронды үкімет, цифрлы технология дейміз...Қазір барлық саланың бөлінбес бөлшегіне айналған бұл істе заман талабына сай мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту неліктен ескерілмей отыр деген заңды сұрақ туады? Бұл біздегі мамандардың біліксіздігі ме, әлде құлықсыздық па? Өз басым осының екеуі де деп топшылап отырмын...

Айша Тұрмағамбетованың фейсбук парақшасынан

1513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз