Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Қыркүйек, 2019

Мемлекеттік қызметшілер тілді қалай игеруде?

2018 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында «Open budget fellowship» жобасының аясында елдегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жұмсалып жатқан қаржының тиімділігі жайында арнайы зерттеулер жүргізілді. Осы жоба аясында Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша ­­зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерге бөлініп жатқан қаржының тиімділігі сарапқа салынды. Негізгі нысан – Алматы қаласы.

Мемлекеттік тілді дамыту әрі оның шын мәнісінде өз дәрежесіне сай болуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда үш рет мемлекеттік бағдарлама, 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заң қабылданды. Дегенмен, Қазақ тілі – мем­лекеттік дәрежесін алған 30 жылдай уақыт аралығында мемлекеттік жиындар, іс-қағаздары толықтай дерлік мемлекеттік тілде жүр­гі­зіл­мейді. Бұның басты себебі – мемлекеттік қызметшілердің мем­лекеттік тілді өз деңгейінде меңгермеуі. Қазақстанның «Мем­лекеттік қызмет туралы» заңында мемлекеттік қызметшілердің мем­лекеттік тілді білуін мәж­бүр­лейтін арнайы бап жоқ. Сол се­беп­ті де мемлекеттік қызметке қабылданушылардан мемлекеттік тілді білу арнайы талап етілмейді. Бірақ «Тілдерді дамытудың мем­лекеттік бағдарламасының» алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді үйренуі. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша, Қазақстандағы барлық мекемелер мемлекеттік тілде сөйлеп кетуі қажет болған. Бұл бағдарлама діттеген мақсатына жетпеді. Сөйтіп тағы бір бағдарлама қабылдау қажеттігі туындады. Екі бағдарламаға бөлінген бюджет қаржысын сарапқа салсақ (Мәліметтер Мәдениет және спорт министрлігінің есебінен алынды): Жиыны 50 миллиардтан аса­тын бұл қаржыға 600 бала оқи­тын 50 мектеп салуға немесе Қа­зақстанның маңдайалды 5 ұлттық университетінде 40 студенттің 4 жыл толық білім алуына болады (2017-2019 жылдарға арналған қаржы көлемін қоспағанда). Ал Алматы қаласының жер­гілікті бюджетінен 2007-2017 жылдар аралығында 250 миллиондай теңге тек мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету үшін бөлінген. Мемлекеттік тілді қала тұрғын­дарына үйрету үшін бөлінген қаржы 2007 жылдан 2016 жылдар аралығында 9 миллион теңгеден 30 миллионға дейін, яғни үш есе өскен. Алматы қалалық тілдерді дамы­ту­ басқармасы Тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлерінің берген дерегіне сәйкес, 2018 жылдың сәуір айында Алматы қаласындағы 1491 мемлекеттік қызметшінің 80 пайы­зы (1179 адам) Қазтестіден өткен. Тестіден өткендердің 9-ы ғана тілді С1 деңгейінде білетіндігі анықталды. Бірақ Тілдерді дамыту басқар­масының қызметкерлерінің мем­лекеттік қызметшілерді Қазтестіден өткізуге заңдық құқы жоқ екен. Өйткені оған міндеттейтін құқықтық база жасалмаған. «Ешкім ешқандай заңмен, ешқандай құқықтық-нормативтік актімен мемлекеттік қызметші Қазтестіден міндетті түрде өтуі керек» деген талап қоймайды. Тек А1 корпусына үміткерлер ғана Қазтестіден өтуі тиіс. Яғни әртүрлі деңгейдегі әкімдер (аудан, қала әкімдері), қалған қызметшілерді Қазтестіден тек диагностика жасау үшін ғана өткізуге болады.

1179 адамның 68 пайызы тілді бас­­тауыш және базалық деңгейде меңгерген. Осы 68 пайыз үшін топ­тар жасақталып, арнайы қаржы бөлінеді. Алайда басқарма қызметкерлерінің тағы бір атап өткені, бұл қызметкерлердің мем­лекеттік тілді оқуына қатысты ешқандай мекеме басшысының ­немесе орынбасарының арнайы бұйрығы шықпайды. Жұмыс уақытында олар уақыт тауып тілді үйрену курстарына баруы керек. Сол себепті де, қатысу өте төмен, соған сай тілді меңгеру де өте төмен. Себебі тілді үйренуге деген қажеттілік әрі сұраныс жоқ. Курсқа жазылған мемлекеттік қыз­метшілердің тілді үйрету курстарына қаншалықты көңілі толады? Олардың тілді білу деңгейі және курстардың материалдық-техникалық базасы­ қандай? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында «Мемлекеттік тілді ­дамыту институты» өткізіп жатқан тіл курстарына барып қатысып, тіл үйренуші мемлекеттік қызметшілермен тілдесіп қайттық. Тіл үйрену курстары әрбір басқармада жасақталған қазақ тілі кабинеттерінде өткізіледі екен. Онда лингафон кабинеттері жоқ. Мен қатысқан екі басқарманың өткізген сабақтарына қатысушылар жарты сағаттан кейін жұмыстарына асыға ­бастады. Бізді бәрінен бұрын қынжылтқаны, сабақтың өткізілу барысы. Нақты жоспар, нақты мақсат жоқ. Сабақта жаңылтпаш оқыту немесе мәтінмен жұмыс жасау, сөйлемдегі тірек сөздерді табу, қазақ тілінің байлығы және синонимдік қатарының молдығы сөз болды. Ал үйренушілер тілді үйретудің мұндай әдісінің тиімсіз екендігін айтады. Оларға нақты өз саласына қатысты терминдермен жұмыс, іс-қағаздарын жүргізу секілді тілді күнделікті жұмыс барысында қолдануға көмектесетін дәрістер қажет екендігі нақтыланды. Сол себепті де сабаққа қызығушылық аз. Курсқа қатысушылардың арасында қазақ мектебін бітірушілер бар. Үйренушілердің қазақ тіліндегі қарым-қатынас деңгейі өте жоғары. Ендеше, бұл адамдарға тіл курстарын ұйымдастырудың қаншалықты қажеттілігі туды деген заңды сұрақ ­туындайды.

Мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашық еместігіне зерттеу барысында тағы да көзіміз жете түседі. Мәселен, осы он жыл аралығында екі сатып алушының болғаны айқындалды. Оның бірі 2007-2016 жылға дейін бір ғана ­сатып алушы ретінде қаржы алып келген «Тіл» оқыту-методикалық орталығы мен 2017 жылы тендерді ұтып алған «Senim-group consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Интернеттегі ашық ­деректер қоры бойынша «Senim-group consulting» ЖШС-і жайында ақпарат іздегенде тапқанымыз – Алматы­ қаласының Байзақов көшесінің 250-ші үйінде тіркелген, қызмет түрі жазбаша және ауызша аудармамен айналысады деп жазылған. Фейсбук әлеуметтік желісінен тапқан парақшамызда бұл ұйым туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ал ашық бюджет деректерінен және www.goszakup.kz сайтынан «Senim-group consulting» ЖШС-і 2017 жылғы Алматы қаласының Тілдерді дамыту­ басқармасының «Алматы қаласы жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне қазақ және ағылшын тілдерін оқыту, әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға қазақ тілін, ұлттық-мәдени орталықтардың өкіл­деріне қазақ және ана тілдерін оқыту» лоты бойынша (конкурс № 1246924-ОК1) 19 миллион 899 мың теңге ұтып алған. Ашық конкурсқа қатысушылар саны – 5. Мемлекеттік сатып алулар заңы бойынша ең төменгі бағаны ұсынған сатып алушы мұндай қызметтерді көрсетуді жеңіп алады. Ашық ақпарат базасы көрсетіп бергеніндей, «Senim-group consulting» ЖШС-інің бұл ­салада ешқандай тәжірибесі жоқтығы байқалады. Бұл ұйымнан сәл жоғары баға көрсеткен (19 миллион 999 мың 999 теңге) «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» 4 жылдық тәжірибесі ескерілмеген.

Біз «Senim group consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерінен тіпті ауызша ­беруге тиісті ақпараттарды да ала алма­дық.­ Бірнеше рет кеңсесіне іздеп барғанымызбен, орнынан таппаған соң, пошта мекен-жайына Қазпоштамен тапсырысты хат жолдадық. 15 шілдеде хатымыз қайтып келді. Ақпарат иелерінің қызметі ашық әрі айқын болмағандықтан, біз бұл ұйымның жұмысының әділдігіне қалай баға берерімізді білмей дағдардық. Тиісінше, «Senim group consulting» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің бір жылдық жұмысының есебін сұрап, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасына сауал жолдағанымызда, олар біздің бұл сауалымызды жауапсыз қалдырды. Сонымен, 2017 жылы бөлінген 19 миллион 899 мың теңгенің есебін ешқайдан таппадық. Біз есебін таппаған тек «Senim group consulting» ЖШС-іне бөлінген 20 миллион теңге ғана емес, сондай-ақ Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Тіл» оқыту-методикалық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің де (БИН 060540003072) 2010-2016 жылдар аралығында жұмсаған қаржысының есебін таппадық. Біріншіден, бұл мекеме­ 2016 жылы ликвидацияға жіберілген. Өйткені бұған дейін мемлекеттік ­сатып алуға тек бір сатып алушы ретінде қатысып келген. «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заң талабы бойынша, бір сатып алушыға қаржы беру заңға қайшы болатын болғандықтан, бұл ­мекеме бәсекелестікке төтеп бере алмай, жабылып үлгерген. Бұл мекеме 2007-2016 жылдар аралығында 161442 теңгені пайдаланған (Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ресми жауабы бойынша). www.openbudget.kz сайтында бұл қаржының толық игерілгендігі туралы ғана ақпараты бар. Алайда тиынына дейін есептелген толық есебі жоқ. «Тіл» оқыту орталығын ұзақ жыл басқарған Бекет­ Тұрлымбековке хабарласқанымызда (бұл кісі жақында қайтыс болды), ол бұл ұйымның жойылғандығын әрі оған енді қатысы жоқтығын айтқан еді. Ал осы уақыт аралығында жұмсалған қаржының толық есебін сұрат­қанымызбен, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы бұл сауалымызды жауапсыз қалдырған.

Біз зерттеу барысында Қазақстанмен тілдік жағдаяты ұқсас Украинаның тәжірибесін украиналық журналист Сергей Штурхецкийден сұрап білген едік. Жүргізілген сұхбаттан шығатын қорытынды: қазақ тілі де, украин тілі де мектепте міндетті пән ретінде оқытылады. Украинада мемлекеттік қызметке қабылданатындардан украин тілін білетіндігі туралы сертификат ­талап етіледі, Қазақстанда талап етілмейді. Украинада мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінбейді. Қазақстанда қанша қаржы бөлінгендігі туралы жоғарыда айтып өттік. Украинада іс-қағаздары 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал Қазақстандағы іс-қағаздарының жай-күйі бәрімізге белгілі. Тіл комитетінің жүргізген талдауы бойынша, Алматы қаласында іс-қағаз­дарының қазақ тіліндегі айналымы 67 пайызға жеткен.

Бұдан шығатын қорытынды, мем­лекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді үйрету үшін қыруар қаржы жұм­саудың қажеті жоқ. Оның есесіне нақты салаға байланысты іс-қағаздарын жүргізу курсын ұйымдастыру әлдеқайда тиімді болар ма еді. Екіншіден, мемлекеттік тапсырыс алушы мекемелер жайлы мәліметтер базасы жасақталып, сатып алушы немесе орындаушылар туралы ақпараттың ашықтығы қамтамасыз етілсе, мемлекеттік сатып алудың тиім­ділігі арта түскен болар еді.Үшіншіден, мемлекеттік тілді білу туралы сертификат талап етілгенде, бұл процесс өзінен-өзі жүзеге асырылар еді.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

3288 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз