Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 12 Қыркүйек, 2019

Алдағымызды айқындап берген құжат

Халқымыздың еліміздің ертеңгі бағыты мен бағдарын қалт жібермей қадағалап отыратыны қалыптасқан қағидалы дәстүрге айналды. Сондықтан да болар әрбір қазақстандықтың көкейінде: «Тәуелсіз еліміздің болашағы қандай болмақ?» деген сан тарап сауалдың тұратыны барынша алаңдатып, толғандырып беймаза күйге түсіріп келе жатқаны шынайы шындық. Осынау ақиқаттан ешкім де алшақтай алмайды. Мұны біздер – ғалымдар күнделікті өмірде ауыл жұртшылығымен жүздесу мен кездесу барысында айқын аңғарып, анық көз жеткізіп жүрміз. Атап айтар бір қуанышты жәйт, Қазақстан Республикасының Пре­­зиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қыркүйек айының алғашқы күндерінде халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген Жолдауындағы батыл бастамалар мен ауқымды жоспарлар еліміздің болашағы шын мәнінде, шуақты да жарқын болатынына сенімді ұялатып ғана қоймай, Қазақстанның егемен­ді һәм зайырлы мемлекет екенді­гі­не айрықша терең мән-мағына бе­рілгеніне қанықтық. Мемлекет басшысы осы Жолдауында еліміздің алдағы дамуына қатысты ой-тұжырымдарын батыл да ашық айтқан. Шын мәнінде мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, халықтың әлеуметтік қамту саласын жаңғырту, сондай-ақ, өңірлердің әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Осы тарихи құжатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын қазақ халқы Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізгенін, осы уақыт аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғанын айрықша қуанышпен айта келіп: – Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық яғни, Назарбаев моделі деп атады, – деп ерекше сезіммен жеткізді. Бұл – әрине, барша қазақстандықтар үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе болса керек. Айрықша, назар аударарлық көкейкесті мәселенің бірі – Қазақстан Президенті Жолдауда шағын және орта бизнестің бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды орын алатынын, сондықтан осы салаға баса мән беріліп, қамқорлық көрсету қажеттігін де шегіне жеткізіп, шегелеп тұрып айтты. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеп отырған сұраныстың қайнар көзі екендігі даусыз түйінді шешім деп қабылдаймыз. Өйткені, Президентіміз атап көрсеткеніндей, бүгінгі күні шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамыту­дың берік негізіне айналып отыр. Артықшылығы сол, шағын және орта бизнестің дамуы нәтижесінде қалаға жақын ауыл-селоларды айтпағанның өзінде, орталықтан шалғайдағы ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, әр аймақта жұмыссыздық азая бастады. Сонымен қатар жергілікті бюджетті нығайтуда осы саланың қосып отырған үлесі де орасан. Сол үшін де экономиканы, оның ішінде, ауыл шаруашылығы салаларында шағын және орта кәсіпкерлікті барынша дамыта түсуіміз, оған кең жол ашуымыз халықтың игілігі үшін жасалып отырған жасампаздықтың бір көрінісі болып табылады. Ең бастысы – еліміздің алдағы жылдардағы даму көкжиегі жан-жақты сараланып, әр сала бойынша жүзеге асырылуы тиісті іргелі де ауқымды іс-шаралар нақты белгіленген осы Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін оңтайлы дамыту мәселесі де назардан тыс қалдырмаған екен. Осы саланың кәсіпқой маманы ретінде бұл мәселе маған да құлшынысты серпін туғызды. Бұл орайда, Президент Қ. Тоқаев өз елімізде ғана емес, бірқатар шетелдерде айрықша сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін бізде зор мүмкіндіктер бар екенін айта келіп, аталмыш саладағы негізгі ресурс яғни, қолда бар мүмкіндіктердің әлі күнге толық пайдаланылмай отырғандығына ерекше тоқталыпты. Сөйтіп, 2030 жылға қарай елімізде суармалы жер көлемін үш миллион гектарға дейін ұлғайту қажеттігі басты міндет ретінде нақтыланды. Ал бұл – ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта жергілікті фермерлерге айрықша қолдау көрсетілуі тиіс. Олардың өз күштерімен өндірген ұлттық өнімдерін алыс-жақын шетелдерге шығарып сатуына кең жол ашып, мүмкіндік туғызу қажеттігі Ауыл шаруашылығы минстрлігіне кезек күттірмейтін міндет ретінде жүктел­ді. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді», – деп кесіп айтты. Осылайша, мил­лиондаған қазақстандықтарды сан жылдар бойы толғандырып, күпті етіп жүрген жер мәселесіне нақты нүкте қойылды. Президентіміздің мұндай терең де мағыналы көрегендігімен берген нұсқаулары мен тапсырмалары Қазақстан халқының ойынан шықты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету де барша еліміздің төл міндеті болып табылатынын ескертуді де ұмытпады. Мемлекет басшысының Жолдауы бір сөзбен айтқанда, көпшіліктің көкейінде жүрген іс-жоспарларды батыл айқындай түскен талғамы бөлек тарихи құжат болып қалды. Енді ол елімізде нақты іс-қимылмен қолға алыну үстінде. Оған жұдырықтай жұмылған ұйымшылдықпен атсалысуда. Түйіндеп айтар болсақ, Пре­зидентіміз өзінің Жолдауында тәуелсіз Қазақ елін дамытудың әр алуан бағыты бойынша алда тұрған асқаралы міндеттерді белгілеп, оны қалай жүзеге асыру қажеттігін нақтылап берді. Одан шет қалған мәселе жоқтың қасы. Бұйыртса, биылғы жылдан бастап білім беру, денсаулық сақтау, ғылым салаларына айрықша назар аударылып, сала қызметкерлерінің айлықтарын кезең-кезеңімен көтеру батыл қолға алынбақ. Бұған қоса, Жолдауда жастар мәселесінің түйткілдері де егжей-тегжейлі қарастырылды. Қалай десек те, Мемлекет басшысының Жолдауы еліміз тұрғындарын жас ұрпақтың бақытты болашағы жолында қолға алынуы тиісті алуан түрлі мәселелерді бірлесе шешіп, Қазақстанның жа­ңаруы мен жаңғыруына қарышты қадамдар жасалатынына сенімді серпіліс әкелді. Халықтың кемел келешекке деген құлшынысы мен ұмтылысын ұштады. Еліміздің еңсесін тіктеді. Енді еліміз үлкен үміт пен сенімнің жетегінде алда тұрған айқын бағыттарға қарай берік қадам жасаумен келеді. Халықтың күткені де осы еді.

Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, академик, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы

248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз