Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 16 Қыркүйек, 2019

Бақытбек Смағұл: Жошы хан кесенесін ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне» енгізу керек

  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Смағұлдың Қазақстан Республикасы Премьер - Министрі А.Ұ.Маминге ҚР Презиеднеті Жолдауында атап өткен Алтын Орданың 750 жылдығы аясында депутаттық сауал жолдады. Бұл parlam.kz хабарлады.  «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн», – деді ел Президенті. Бұл ретте қоғам өкілдері, ғалымдар, журналистер тарапынан қазақ жерін кең қамтыған ұлы ұлыстың негізін қалаушы Жошы хан есімін заманауи Қазақстанда ұлықтау жөнінде мәселе көтеріп келеді. Солардың елеулілерінің бірі ретінде Egemen Qazaqstan республикалық газетінде жарияланған Дархан Қыдырәлінің «Ұлық ұлыстың атасы» мақаласын айтуға болады. Жошы хан (1182–1227 жж.) іргесін қалаған, Алтайдан Альпіге, Ертістен Дунайға дейін созылып жатқан алып державаның негізін, ұстынын бұрын Дешті Қыпшаққа кірген түркі тілдес тайпалар құрады. Орыс, Батыс елдері жылнамаларында бұл ұлыс хан ордасының алтынмен апталуына орай «Алтын орда» деп аталды. Тарихшылардың айтуынша, Жошы хан ордасы Ұлытауда орналасқан. 2015 жылы Қазақстанда Елбасының бастамасы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығы кең ауқымда атап өтілді. Бұл – қазақ мемлекеттілігінің бастауы болса, ал Жошы ұлысы мен Алтын орда – қазақ ұлтының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Басқаны айтпағанда, қазақтың барлық хандары – Жошы ханның тұқымы болып табылады. Сондықтан Қазақ хандарының Ұлы Атасы саналатын Жошы ханға және Ұлық ұлысымыз болып есептелетін Алтын ордаға лайықты құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, жоғарыда айтылғанды ескере отырып, ел Президенті өз Жолдауында атап өткен Алтын Орданың 750 жылдығы аясында келесі мәселелерге мән беруңізді сұраймын: Біріншіден, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы көрнекті көшелердің біріне Жошы хан есімін беру және ол көше бойында ұлық ұлыс ханының еңселі ескерткішін орнату – ұлттық рухымызды асқақтатып, елдігімізді өз азаматтарымызға ғана емес, елордамыздың әрбір қонағына паш етер шара болмақ. Екіншіден, Жошы ханның Қарағанды облысындағы, Жезқазғанның солтүстік-шығысында 50 шақырымдай жердегі Жошы хан кесенесі – Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі. Сондықтан оның жанынан бұл мазардың дүниежүзі тарихын өзгерткен дара тұлғаға тиесілі екенін алыстан әйгілеп тұрар айбынды ескерткіш-белгі тұрғызу маңызды. Шыңғыс ханның үлкен ұлына арналған тарихи кешен тек Шығыс елдері үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемдегі саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналары сөзсіз. Үшіншіден, Алтын орданың 750 жылдығы аясында Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне кешенді түрде археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгені жөн. Кесенедегі таңбалар мен жазуларды тарихи, тілдік тұрғыда зерттеп, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізу қажет. Төртіншіден, отандық және шетелдік білгір ғалымдардың қатысуымен бірлескен экспедициялар ұйымдастырып, халықаралық конференциялар өткізіп, зерттеу жұмыстарын елімізде және дүниежүзілік деңгейде, әртүрлі тілдерде, шетелдік ақпарат құралдарында жариялау керек. Нәтижесінде, Ұлы Дала елінің қойнауында тұнған адамзат құпиясын жаһанға насихаттау арқылы Қазақстанның әлемдегі бедел-имиджін де нығайтамыз, сондай-ақ туристік тартымдылығын да арттырамыз. Бесіншіден, ХІІІ ғасырдың ескерткіші және планетамыздағы Шыңғыс хан әулетінен қалған жалғыз белгі ретінде Жошы хан кесенесін келешекте ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне» енгізу жолдарын қарастырған жөн. Себебі, халықаралық беделді туристік операторлар, жеке саяхатшылар сапарын жоспарлағанда, көбіне ЮНЕСКО тізіміне енген ескерткіштерге қарап, бағыт-бағдар түзеді. Қазақ хандарының ұлық бабасы Жошы ханды ұлықтау – халқымыздың ұлт рухының ұлы бастауларынан қуат алуына жол салу деген сөз.    

1789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз