- Рухани жаңғыру
- 19 Қыркүйек, 2019
Ұлы ұстазға тағзым
Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұлы ғұламалардың бірегейі, Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына әзірлік барысында қазақстандық арнайы делегация Сирияның Дамаск қаласына іссапармен барды.
Бұл іссапар көптен бері жоспарланып, Қазақстан Республикасының Ливандағы Елшілігінің және Сирия Республикасының Қазақстандағы Елшісінің қолдауымен жүзеге асты. Іссапардың мақсаты – ұлы бабамызға зиярат етіп, Қазақстан тарапынан салынған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» құрылысының жай-күйімен танысу, 2020 жылы ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын өткізуге дайындық шараларын ұйымдастыру, сонымен бірге достас мемлекеттер арасындағы ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды насихаттап, қарым-қатынастың жақсы платформасын құру. Қазақстандық делегация құрамында ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, танымал кинорежиссер Сергей Әзімовтің түсіру тобы және «Qazaqstan-1» телеарнасы атынан Дархан Әбдіков басшылығындағы түсірілім тобы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре болды. Сапар аясында қазақстандық делегация Дамаск қаласы әкімінің қабылдауында болып, құрылысы аяқталған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмасты. Делегация басшысы, академик Ғалымқайыр Мұтанов Дамаск қаласының әкімі Адил Ануар әл-Алаби мырзамен кездесуінде ұлы бабамыздың жатқан жеріне салынған ғимаратты соғыс кезінде сақтап қалуға атсалысқандары үшін Қазақстан атынан зор алғыс айтып, ризашылық танытты. Іссапар кезінде қазақстандық делегация Дамаск университетінің ректоры, профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесті. Екі университет басшысы өзара диалог барысында қарым-қатынастарды нығайту бағытында пікір алмасты. ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов әл-Фарабиге деген жалпы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, бізге жазып қалдырған философиялық ой-толғамдары мен жалпы адамзаттың бақытты өмір сүруіне қатысты айтқан тұжырымды ойларын бүгінмен байланыстырудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Іссапар аясында қазақстандық делегация Сирияның халықаралық академиясында дөңгелек үстел өткізді. Онда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығы, философиялық ой-толғамдары, әсіресе «Қайырымды қала құру» туралы айтқан ой-пікірлері кеңінен талқыға салынды.
Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ
4853 рет
көрсетілді0
пікір