Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Қыркүйек, 2019

Салафизм қыңыр түсінікке негізделеді

Қазіргі мұсылман әлеміне тән болып отырған діни радикализмнің қанат жаюы туралы айтқанда ислам діні туралы біржақты түсініктерді алға тартып, қоғамды жік-жікке бөліп отырған салафизм ағымын айналып өте алмасымыз анық. Осы орайда халқымыздың «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген тағылымы дәл осы ағымды ұстанушылардың әрекетін анық көрсетіп береді деп айтуға болады.

Ислам тарихына үңілсек, салафилердің алғашқы үш буыны шынайы дін жолын ұстанып, қоғам бiрлiгi мен ынтымағына, мұсылманның татулығына еш уақытта сызат түсiрмеген. Ал қазір өздерін салафиміз деп жүргендер діннің атын жамылғанмен негізінен саяси мақсаттарына қол жеткізуді көздейді. Ислам діні тарихында қалыптасқан осындай діни-саяси ұстанымдардың бірі болып табылатын салафизмнің біздің елімізде кеңінен тарап, бүгінгі күнде түсініспеушіліктер мен қақтығыстарға негіз болып жатқанын жасыра алмаймыз. Соңғы он жылдың ішінде еліміздің дін саласында орын алған келеңсіз жағдайлар осы ағымның әрекеті деп бағаланғаны көп жайтты аңғартса керек.

Жалаң қағидаларға негізделген бұл ағым қазақ халқының ғасырлар бойы жинап келген рухани мұрасы мен мәдениетін жоққа шығаруды көздейді. Қаншама ғасырдан бері халықтың тұрмысы мен санасына сіңісіп кеткен мұсылмандығын теріске шығарып, қазақтың дәстүрін дініне қарсы қою - олардың негізгі мақсаты.

Ислам дінінің бастапқы заманында болмаған діни дәстүрді, әрекеттерді мойындамайтын олар Құран мен сүннетте жоқ барлық әрекеттерді жаңашылдық деп санайды. Іс-әрекеттің қоғамға пайдалы тұстарын ескермейді. Тіпті, шариғатқа қайшы келмейтін, ислам құндылықтарының дамуына үлесін тигізетін әрекеттерді де теріске шығарады. Өз әрекеттерін «тәуһид», «ширк», «күпірлік», «жиһад», «таза ислам» секілді ұғымдар аясында іске асыратын салафиттер халықты іштей ыдыратуды көздейтіндіктен ұлттың тұрмыс-болмысына әбден сіңісіп кеткен ислам дінінің қағидаларын күрделендіріп түсіндіріп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді жоққа шығарып, олардың бәрін харам деп санайды.

Салафиттер дүниеден қайтқан кiсi үшiн Құран оқуға, ас беруге, мәзһаб ұстануға, қабiр басына кесене немесе қоршау салуға, марқұмның жетiсiн, қырқын, жылын беруге қарсы шығып, қаншама ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ғұрыптарды адасқандық санап, мұсылман жамағаты арасына сызат түсіруде. Олар осындай әрекеттерімен қоғамымызда қалыптасқан дәстүрлi құндылықтарды мансұқтап, мемлекеттiң заңы мен құқықтық жүйесiне селкеу түсіруге әрекеттенуде.

Қазақ жеріне ислам дінінің келгеніне он екі ғасырдан асқанын, халқымыздың осынша уақыт осы дінмен өмір сүріп келе жатқанын ескерсек, халқымыздың салт-дәстүрі ислам қағидаларымен астарласып кеткенін аңғарамыз. Халқымыздың бұлжымайтын қағидасына айналған салт-дәстүрлері – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Қазақ уақыты келіп, дүниеден қайтқан адамның туған-туыстарына көңіл айтуға, жаназасына қатысып, ақтық сапарға шығарып салуға асыққан. Ағайын-тума мен ауылдастың қайғысын жеңілдетуге асығатын дархан қазақ осы арқылы қайғыны бөлісіп отырған.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, тәбәрік тарату, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар мұсылман дінін ұстанатын арабтар мен басқа халықтарда жоқ екен деп біз одан бас тартуымыз керек пе? Түсініп қараған адамға тағылымдық мәні тереңде жатқан қазақтың салт-дәстүрлері мұсылман дінінен ауытқушылық емес, керісінше ислам дінімен үндестік тапқан жол.

Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде: “Кімде-кім исламда жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барлық адамдардың алатын сауабындай сауап жазылады. Ал, кімде-кім исламда жаман жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса) ол адамға да сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барша адамдардың күнәсындай күнә жазылады” деген. Яғни, Сахих Мүсілімдегі бұл хадистен Мұхаммед пайғамбардан кейін қалыптасқан барлық істердің жаппай адастырушы бидғат емес екендігін, тіпті кейіннен қалыптасқан кейбір шариғатқа қайшы емес істердің өте сауапты іс екенін аңғаруға болады.

Осы тұрғыдан айтар болсақ, рухани болмысымен Жаратушыға деген сеніміне сызат түсірмей, мұсылманшылықты бекем ұстанған текті ата-бабаларымыздың дінге қатынастағы дәстүрлі түсінігі уақыт сынынан сүрінбей өткен және ислам шариғатына сәйкес келетін ата жолымыз.

Сондықтан салафизм идеологиясы Қазақстанның конституциялық құрылымы мен зайырлы сипатына қарсы келетін, ұлттық бірегейлігімізге қатер төндіретін қауіпті ағым екені анық. Сондықтан өздерінің біржақты, қыңыр түсініктерімен халқымыздың діни тұтастығына қауіп төндіретін салафизм идеясына жүрген ортамызда тойтарыс беріп отыру – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Асхат Ахмедияр, Дінтанушылар Конгресі

958 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз