Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 10 Қыркүйек, 2019

Мемлекеттің рухани тірегі — дін

Қазіргі заман әрі уақыт талабы Мемлекет, дін, ұлт туралы түсінік-танымдарға жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде. Оларға заманауи жаңа талаптар қою,  нарық кезеңіне, жаһандық  үдерістерге   сай іс-әрекеттерді күту −  бүгінгі күннің елеулі мәселесі. Қай мемлекет болмасын əрбір елде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету екені айдан анық. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, ол  — мемлекеттің рухани тірегі. Соңғы кезде елімізде дəстүрлі дінге жатпайтын, кері ағымдар мен секталар пайда болғаны жасырын емес. Олардың жат ниеті, ел арасына іріткі салып, ал кейбір жастарымыз болса соларға еріп, адасып жатқаны шындық. Осындайда еліміздің бірлігі мен ынтымағына сызат түсіргісі келетіндерге бірлесіп  берік тосқауыл қоя білудің маңызы зор. Діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері – халқымыздың, ұлтымыздың болашағына ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Дін адамзат тарихында ізгіліктің құралы болды. Бірақ саяси күштер дінді саясаттың құралы етіп алып, қатыгез саяси мақсаттарын жүзеге асырған жағдайлар да орын алады. Технология мен ғылым дамыған кезде діни экстремизм деген ұғым жиі қолданылуда. Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс істеп  жатқандығы – осының дәлелі. Сонымен қатар,  көптеген діни ағымдардың пайда болуына байланысты, қоғамда кері саяси ұғымдардың пайда болуы, адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа залалын тигізуде. Жалпы экстремизм  мәселесі, оның түрлі көріністерінде, әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әлемдік тәжірибеде  экстремизм әлеуметтік, экономикалық, саяси және басқа да өзекті мәселелерді шешу барысында әрбір қоғамда, мемлекетте жанданып келе жатқаны жасырын емес. Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зорлық-зомбылықтарын көрсету. «Діни экстремизм»  әлемді өздерінің  шектен шыққан көзқарастарына сәйкес қайта құруға ұмтылады.  Ол – террористік іс-әрекеттердің туындауына себеп болатын саяси құрал. Жаһандану заманында «діни экстремизм» қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетіп отыр.  Қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін әлемдік қоғамдастықтармен біріге отырып жан-жақты күшейту қажет. Бүкіл әлемдегі кез келген мемлекет бұл «қоғамдық қасіретке» қарсы күресті жеке жүргізу қиындыққа соғады. Сондықтан 2006 жылы 8 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясын қабылдады. Аталған құжатта БҰҰ-ға мүше мемлекеттер экстремизм мен терроризмнің барлық пішіндерін бір жақты айыптайды, соған қарсы ынтымақтастық арқылы әрекет етуге дайын екендігін айтты. Расында қазақ даласында діни фанатизм ешқашан орын алмағанын, дәстүрлі дінімізде мұндай құбылыс болмағанын айта кеткен жөн. Діннің дәстүрмен біте қайнасып мәдениетте көрініс табуы, дін­нің мәдениет феномені ретінде қабылдануы, діннің атеистік заманда да өмірлік болатынын тарих көрсетті. Тарихта исламға қатысты біршама қысым жасалса да, мәдениеттегі көрінісі арқылы бүгін де жалғасын тапты. Дін қоғамдық сананың формасы ретінде қоғам мен адам өмірінде, халықтың мәдениеті мен дәстүрінде елеулі рөл атқарады. Дін – өркениетті адамзат тарихында көне дәуірден орын алған рухани құбылыс. Дінаралық сұхбаттастыққа басты мән беру әлемде тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға бастайтын ұстаным болуы тиіс. Өйткені соңғы кездері саясиланған діни ұстанымдар салдарынан кейбір елдерде конфессияаралық қақтығыстар орын алып отыр. Бұл жағдай діннің қызметін дұрыс білмеуден туындайтынын білген жөн.  Елімізде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 10-бабында: «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» деп аталады.  Бұдан  еліміз экстремизм мен терроризмге қарсы басқа мемлекеттермен бірігіп күресуге дайын екендігін аңғаруға болады. Тәуелсіздік алғалы ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктігіміз – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десек, артық айтқандық болмас. Еліміздің  діндераралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің саны тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғаны  бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз. Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Еліміздің тұңғыш президенті-Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елордасы Астанада 2003 жылдан бастап  «Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің» Съездері соның жарқын көрінісі. Съездерге қатысқан әлемдік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен діни төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алар тәжірибе мен үлгінің мол екендігін атап өткен болатын. Діндер диалогын ұйымдастыру – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының маңызды басымдықтарының бірі. Үлкен діни форумдардың елімізде өтуі – бізге  деген құрмет пен зор сенім. Бүгінде сол сенімді толық ақтап отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  халқымыздың ұлттық болмысын жоғалтпай, мәдени құндылықтардың жаңғыруы маңызды екенін баса айтып,  «Біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі ислам дінін, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанушы халықпыз. Өзіміздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрпымыз бар халықпыз. Қанша ғасырлар өтіп, қанша қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып өзгермейді. Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі ислам дінімізді, мәдениеті­міздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жеткізіп отыру – жастарымыздың ел ал­дын­дағы, мемлекет алдындағы басты міндеті. Себебі, еліміздің болашағы, тірегі – ол жас­тар» деген болатын. Жаһандану дәуірінде сол табиғи сабақтастыққа жат ағым өкілдері тарапынан кері әрекеттер орын алмас үшін біріге күресу, атап айтқанда ағартушылық жұмыстарға ерекше көңіл бөлген жөн. Діни радикализмге қарсы күрестің бірден-бір пəрменді құралы — діни ағартушылық жұмыстарын көтеру, діни үгіт-насихатты пəрменді жүргізу. Өз дінін терең білетін адам ешқашан да экстремистердің қолшоқпары болмайтыны, олардың торына оңай түспейтіні белгілі. Əрине, діни экстремизмге қарсы кез келген күрес – жалпы дінге қарсы пролетарлық күреске жəне науқанға айналмай, ауқымды əрі жүйелі түрде жүруі қажет. Ақбота ИСЛӘМБЕК

2904 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз